Ұрпағымыз өнермен сусындаса... немесе Қарағандыда балалар театры ашылса игі - Хат-хабар - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Ұрпағымыз өнермен сусындаса...
немесе Қарағандыда балалар театры ашылса игі
Елiмiзде мәдениет, өнер мәселесi күн тәртiбiнен түскен емес. Әдетте бiз жас ұрпақты тәрбиелеудегі өрескел қателер мен кемшiлiктер туралы жиi айтамыз. Ал, соларды рухани байытар тірлігіміздің халі нешік дегенге келсек, тындырған істеріміз – саусақпен санарлық. Әсіресе, қазақ балаларының әдебиет, мәдениетке деген ынта-ықыласы ерекше екенін біле тұра, жағдайын жасауда кідіретініміз анық.
Елбасы межелеген жаһандану кезінде өркениетті елдермен иығымыз тең болып, озық елдердің қатарына ену сияқты міндетті өскелең ұқпақсыз шеше алмайтынымыз тағы рас. Бала – біздің болашағымыз. Міне, осы түйткілді мәселелер қолға қалам алуға мәжбүр етті.
Ел талқысына салып отырғанымыз – ірі өндіріс орталығы аталатын Қарағанды қаласында қазақтілді жасөспірімдерге, балаларға арналған қазақша өнер қойылымдарын қоятын өнер ошағының тапшылығы.  
Адам жанының инженері саналатын жазушыларымыз, киногерлеріміз, артистеріміз, ғалымдарымыз сияқты шығармашылық өкілдері ел ертеңі – балаларымыз үшін өз өнімдерін беріп-ақ жүр. Бірақ, ұқсата алмай жүрген тағы өзіміз. Экономикалық көрсеткіштерімізбен әлемнің дамыған 50 елінің қатарына ендік десек те бұл –  халқымыздың руханияты сол деңгейге көтерілгенін айғақтайтын көрсеткіш болмай тұр. Екпіні қатты, ұршықтай зырылдаған мына уақыт баяу қимылды көтермейді. Балаларымыздың қазақ тілінде тәрбие мен білім алуын қамтамасыз ететін батыл қадамдарды жедел қолға алмаса, тәуелсіздік түтінінің түзу шығуы, замана бедеріндегі көшіміздің түзелуі екіталай, неғайбыл. Бір ғана мысал. Көшеде, қоғамдық көлікте, түрлі іс-шараларда, яғни, күнделікті өмірде жастармен кездеспей тұрмаймыз. Сонда олардың бір-біріне қарым-қатынасы, сөйлеген сөзі аға ұрпақ өкілдерін қатты қынжылтады. Әрине, барлығын жамандаудан, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, қаламыз ұлттық мәдениеттен жұрдай екендігін жасырмайықшы. Шындықтың жүзі солай дейді. Қынжылсақ та айтарымыз осы. Жалған намыстың керек тұсы – бұл емес. Ой-санаңды осқылап, жүйкеңді жұқартатын, дәмі мен татуы жоқ дүниелер «көк жәшікте», әлеуметтік желілерде қаптап кетті. Біз балаларымыз үшін алаңдаулымыз, көңіл күпті, ұрпағымыз адамзат құндылықтарын игерсе, әлем мәдениетінен сусындаса, ұлттық әдебиет пен мәдениеттен кенде қалмаса екен дейміз. Жарты миллионға жуық халқы бар Қарағандының тең жарымы – қазақтілділер.
Жуырда, «Орталық Қазақстан» газетінің үстіміздегі жылдың 17-мамыр күнгі санында жексенбілік репортаж шықты. Соңғы кезде бұл газет жанры із-қайым жоғалып кеткен еді. Газет басшылығының бастамасымен қайта жаңғырып, қатарға еніп отыр. Міне, осы репортажда газет тілшісі Қызғалдақ Айтжанова «Балаңыз театрға бара ма?» деген тақырыпта мәселе қозғапты. Мақала кейіпкерлері – ана мен бала. Бүлдіршіндерге арналған әйгілі ертегі «Алладин» қойылымына барады. Қойылым – ресми тілде. Соңында өнер туындысына тәнті болған бала анасына: «Неге бұл қойылымдардың қазақшасы жоқ?» деген бейкүнә сұрағын қояды. Ана жауап таппай күмілжіп қала берді...
Міне, бізді де толғандырған осы еді. Қарағандыға балаларға арналған қазақтілді театр қажет. Ұрпағымыздың алдында күмілжіп қалмау, ұялмау, жүзіміз жарқын болуы үшін. Көпшілік не дер екен бұған?

Ізбасқан НЫСАНҚҰЛОВ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 411
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px