
ҚР Тәуелсіздігінің 17 жылдығында, яғни, 2008 жылдың 9 желтоқсанында Қарағанды қаласындағы «Шалқыма» концерттік залының алдындағы гүл бағында Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылды.
Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының (1845-1904) есімі Алаш жұртына мәшһүр. Абай – бүкіл қазақ үшін ұлы тұлға. Ойшыл һакімнің өсиет-насихат сөздері күні бүгін де қолданылады.
Абай ескерткіші Қазақстан Суретшілер одағының Қарағанды облыстық көркем-өндірістік комбинатында құйылған. Ескерткіштің авторлары – мүсінші А.Нартов, суретші Е.Шахиев. Қоладан жасалған ескерткіштің биіктігі 9,9 метр. Қарағанды облысында Абайдың атымен аталатын тұрғылықты мекендер, көшелер, кітапхана, мектептер бар. Жыл сайын Абай ескерткішінің алдында ақын-жазушылар, жас дарындар өлең оқиды.

