Адам факторы алаңдатпай ма? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Адам факторы алаңдатпай ма?
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Редакциямызға Шет ауданы, Ақадыр кентінің тұрғыны Болатбек АЯПБЕРГЕНОВ шағым айта келген. Сырына үңіліп, мұңына қанықтық. Жетпістен асқан шағында жергілікті билікке «жексұрын» болып жүрген шаруасы – баспана мәселесі. Айтуынша және жазуынша, тұрып жатқан үйі үйге емес, алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі үңгірге ұқсайды екен. «Өзім барып, көзіммен көремін» дегенмін, шағым иесі «Жақсы болар еді. Бірақ, менің үйіме кіруге қорқасыз ғой», – деп мұңайсын. Не де болса, ақсақалдың апатты жағдайда тұрған баспанасын көруге асықтым.
...Жолға шықтым. Жаныма ой – серік. Аудан әкіміне жолығып кетсем, қалай болады? Кеше ғана тағайындалған әкім бұл шаруаны білмеуі де мүмкін. Мүмкін емес-ау, білмейді. Қалай болғанда да, әуелі құлағалы тұрған үйді көрмекке байлам жасадым.
Оқырманға һәм ресми органдарға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайын.
Бұл үйдің қожайыны Болатбек Аяпбергенов әу баста «Ортау» ауылында тұрған. Үлкен ұлы мен келіні бір күнде жол апатынан қайтыс болып, қасіретті ананың денсаулығы сыр береді. «Орталыққа қарай жақындамасыңыздар, қиын болады. Бәйбішеңізден айырылып қалуыңыз мүмкін» деген мазмұндағы дәрігерлердің нұсқауынан соң, 2010 жылы қыс ішінде Ақадырға көшіп келген қаралы шаңырақ қолында бар ақшасына осы үйді сатып алған. Алғашында құжаты да болмапты. Өзі – өткен ғасырдың 50-ші жылдарында салынған саман үй. Еңсесі еңкіш тартқан ескі үйдің бағасы қолжетімді болған соң алып отыр, амалсыз. Қолындағы кенже ұлының: «Папа, үйдің орны жақсы екен. Болашақта үй салып аламыз» дегені де Болатбек ағаға ештеңені ойлатпады. Сөйтіп, қаза болған ұл мен келіннің жылын өткізіп, бейітін тұрғызып, енді естерін жинай бергендері сол еді, қайғының қара бұлты тағы үйірілді. Аяпбергеновтер әулетінің әлгі үй саламын деп құлшынып жүрген кенже ұлы да 25 жасында жол апатынан қайтыс болды. Сонымен, алтындай үш баласынан айырылған Болатбек-Айша Аяпбергеновтердің бар шамасы ескі үйдің құжатын рәсімдеуге ғана жетеді.
Содан соңғы екі жылда бәйбіше­сінің денсаулығы мен баспанасының жағдайы күрт нашарлаған Болатбек аға іздене бастайды. Әрине, әкімдіктің табалдырығын тоздырып...
Мұңына құлақ аспаған, назар аудармаған билік жоқ. Қабылдады. Кезекке қойды. Комиссиямен келіп, үйдің жағдайын көрді.
– Мен ауданымыздың бұрынғы әкімі Рысқали Әбдікеровке де, қазіргі әкімі Марат Жандәулетовке де реніш-өкпем жоқ. Бұрынғы әкім дұрыс қабылдап, ауданның тұрғын үй саласына жауапты тұлғаларына – орынбасары мен бөлім басшысына тапсырма беріп, маған үй беру мүмкіндіктерін қарастыруды тап­сырды. Кент әкімі Ағзам Сембаевтың да қолында ештеңе жоқ. Ол ауданға қарайды, аудан өзіме қарайды. Сонымен, бүгін-ертең құлағалы тұрған үйде иманымызды үйіріп тұрып жатырмыз, – дейді.
Шынымен де, үйдің іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап тұр. Жарты сағат отырып, екі кесе шәй ішкенде, менің де иман үйіруіме тура келді. Үй төбесінен топырақ төгіліп, арқалық-тіреулері сықырлайды. Екі кішкентай немересімен тұрып жатқан үй иелерінің не жаны жүргенін түсінбедім.
–    Қолымда       «КарСтрой­Экс­пертиза» ЖШС 2014 жылдың 6 маусымында берген сараптама қорытындысы бар. Қорытындыда бұл үйдің апатты жағдайда екендігі, мұнда тұруға болмайтындығы егжей-тегжейлі көрсетілген. Содан бері жыл тұрып жатырмыз. Ауданның тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолау­шы көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Есенбай Қасым мырзаның айтуынша, маған ауда­нның тұрғын үй қорынан баспана бөлу заңсыз көрінеді. Сонда қалай, «үй құлап, иесі үйіндінің астында қалсын» деген заң бар ма? Соңғы рет осы жылдың 5 наурызы күні ауданның сол кездегі әкімі Рысқали Әбдікеровке жолықтым. Ол кісі: «Аға, Сіздің мәселеңіз шешіледі. Қазір бөлім басшысы Есенбай Қасымға жолығыңыз. Сол кісіге тапсырдым», – деді. Е.Қасымға көшенің қарын тазалатып жүрген жерінде жолықтым. Ол кісінің: «Осы мереке өткен соң Ақадырға барамын. Сатып алатын үйді көрейік» дегеніне сеніп, қуанғаннан лашық үйіме қалай жеткенімді де білмей қалдым. Е.Қасым уәдесі бойынша Ақадырға келіп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді. «Жазған құлда шаршау бар ма», кемпірімді ертіп, мен де бардым. Кеше ғана «Мәселе шешілді, сатып алатын үйді көрейік» деген бөлім басшысы: «Сізге үй сатып алып беру – заңсыз. Сондықтан, баспанаға зәру тұрғындар тізіміндегі кезегіңізді күтуге тура келеді», – деп, қарап отыр. «Шырағым-ау» деп сөз бастағаным сол еді, «Шағымданатын, баратын жеріңіз болса, бара беріңіз» деді. Со­дан, амалым таусылып, редакцияға келіп отырмын, а – дейді ғой биліктің уәдесіне «тойған» ақсақал.
Рас, Болатбек аға «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» қамығады. Уәдеге «тойған», алдар­қатып шығарып салғанға еті өліп кеткен.
Кент әкімі Ағзам Сембаевқа жолықтық. Ол:
– Менің қолымда тұрған еш­теңе жоқ. Осы кісіге  «үйіңізді сарап­тамаға беріңіз. Онсыз ештеңе өндіре алмайсыз» деп, бағыт сілтеп, қолғабыс еттім. Басқа қолымнан не келеді?! Бүгінгі таңда кент бойынша осындай апатты жағдайда тұрған 12-13 үй бар. Егер, Б.Аяпбергеновке жағдайын ескеріп, үй алып берсек, қалғандары шулайды, – деп қолын қусырды. Түсінікті жағдай, үйреншікті әуен.
Аудан орталығына келіп, Есенбай Қасым мырзаға жолықтық. Ол кісі де амалының жоқтығын, заңды белден баса алмайтынын айтып, шыр-пыр болады. Обалы нешік, Б.Аяпбергеновтің талабын қараусыз қалдырмапты. Әр шағымына жауап жазып, аудан әкіміне де осы кісінің баспанасы туралы ұсыныс берген де өзі болып шықты. Шет ауданының тұрғын үй жөніндегі комиссия отырысының хаттамасы да, Б.Аяпбергеновке жазылған жауап та, бөлім басшысы Е.Қасымның аудан әкіміне жазған қызметтік хаты (көшірмелері) да бар менің қолымда. Бәрі – заңды. Шынымен-ақ, Б.Аяпбергеновке үй сатып беру заңға сыймайды екен. Осы тұста Е.Қасымға ұрымтал деуге тұрарлық сауалымды көлденең тарттым:
– Сіз өзіңізді Аяпбергеновтің орнына қойып көріңізші. Атқарушы биліктің өкілі, осы салаға жауапты бөлім басшысы емес, адам ретінде ол кісінің басындағы жағдайға үңіліп көрдіңіз бе? Аяпбергенов не істеу керек енді?
– Бұл кісінің үйі құламай, біз ештеңе істей алмаймыз. Заң – солай. Үй құлау керек, сонда ғана біз тұрғын үй кезегінде тұрған қалған азаматтарды «перед фактом» (бөлім басшысының айтқаны сөзбе-сөз беріліп отыр) қоямыз да, бұл кісіге үй алып береміз, – деген мазмұндағы жауап алдым. Маңдайымнан суық тер бұрқ ете қалсын. «Үй құлау керек». Не масқара?! Ал, ол үй ешкім жоқта құласа – жақсы. Қайғының жасымен бірге су болып ағып кеткен қос жанарынан айырылған кемтар ана мен екі немере астында қалса ше? Оны ойлап отырған ешкім жоқ. Адам факторы алаңдатпай ма жылы кабинеттегілерді?
...Біз бұл жерде заңды бұзып, Аяпбергеновке үй алып беру керек деуден аулақпыз, әрине. Ақсақалдың өзі де айтады:
– Үй берер, бермес. Бұл азаматтар сақалды басыммен мені неге алдайды? – деп.
Иә, бастарына өткенін баяндап отырғанда қос жанары суалған Айша тәтенің жылағанын көрсеңіз. Мен көрдім. Соқыр көзден жас шыққанын. Соны билік қашан көреді екен? Өздері айтқандай, мынау үй үйіндіге айналғанда ма?! Әзірше адам факторына алаңдап отырған ешкім байқалмайды.

ШЕТ ауданы.
Суреттерді түсірген автор.       

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 120
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px