Агрокеңесте – ауыл шаруашылығы мәселесі - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Агрокеңесте – ауыл шаруашылығы мәселесі
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Қарағанды облысы көктемгі егіс жұмыстарына 100 пайыз дайын. Жоспар бойынша, биыл аймақта 1 млн. 98 мың гектар егістік алқапқа дән сіңірілмек. Облыстық агрокеңесте баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВ осылай деп мәлімдеді. Нұра ауданының Щербаков ауылында өткен алқалы жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек КӨШЕРБАЕВ, Нұра ауданының әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ және басқа да  аудандардың әкімдері мен облыстық басқармалар басшылары, ауыл шаруашылығы мамандары, шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Ел экономикасын еселеп, аймақ тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы саласының маңызы орасан зор. Аймақтағы астықты және малды аудандардың біріне жататын Нұраның Щербаков ауылындағы «Қайнар» ЖШС-да ұйымдастырылған көрменің куәгері болдық. Көрмеге асыл тұқымды жылқымен қатар, элиталық ірі қара қойылды. Аталған шаруа қожалығы мал және егін шаруашылығымен қатар айналысып келеді. Мұнда биыл ірі қара саны 1000-нан асса, оның 725-і аналық екен. Бұлардың бәрі – етті ба­ғыттағы әулиекөл тұқымды ірі қара. Шаруашылық жұмысының дұрыс жолға қойылғандығының бірден-бір айғағы – 8-10 айлық бұзауларының өзі 300-320 келі салмақ береді. Шаруашылық басшысы Сейітжаппар Нығметов мемлекет тарапынан берілген көмекті де тиімді пайдаланып, техника паркін тегіс жаңартып алған екен. Қазіргі таңда серіктестікте бас-аяғы 80-нен астам трактор бар. 36 жаңа трактор сақадай сай дайын тұр. Қазіргі қарқынымен қайнарлықтар көктемгі егісте күніне 3000 гектар жерді еркін бағындыра алады.
«АӨК дамыту және көктемгі дала жұмыстарын жүргізу» тақырыбында өткен семинар-кеңесте облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов биыл облыс бойынша дән себілер 1 млн. 98 мың гектар жердің 700 мың гектарына астық  және бұршақ дақылдары, 16 мың гектарына майлы дақылдар, 365 мың гектарына жем-шөп, 14 мың гектарына картоп және 3 мың гектар алқапқа көкөніс отырғызылатынын мәлімдеді. 580 мың гектар жерге дән сіңіру барысында немесе астықтың 75 пайызын себу барысында ылғал үнемдеу технологиясы қолданылса, 1100 гектар жерге тамшылатып суару әдісі арқылы картоп пен көкөністер егілмек. Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті техникалар қазіргі таңда сақадай сай.
Осы күнге дейін облыстағы шаруа­шылықтардың барлық санатында ірі қара басы 1,8 пайызға артып, 553 мың бас­ты құраған. «Сыбаға» бағдарламасы бас­тау алғаннан бері аймақ көлемінде 29 мың ірі қара сатып алынған. 2015 жылдың өзінде шаруа қожалықтары 5660 ірі қара алып, өріске өргізген. Жоспар 106 пайызға орындалған.
Бұқар жырау ауданындағы «Жаке» шар­уа қожалығында 5000 ірі қараға, Абай ауданында 3000 ірі қараға арналып салынып жатқан «Сарыарқа» І деңгейлі бордақылау алаңдарының құрылыс жұмыстары аяқталуда және осы Абай ауданында «Нияз Батыр» 3000 басқа арналып салынған бордақылау алаңы жұмысын бастап та кетті.
«Қайнар» ЖШС директоры С.Нығметов серіктестіктің қазіргі жетістіктері туралы мағлұмат берді. Бүгінге дейін 35 мың гектар егістік алқапқа дән сіңіріп, мемлекет тарапынан,  әсіресе, екпе шөпке көрсетілген жеңілдіктерді пайдалана отырып, 7 мың гектар екпе шөп алқабын толығымен жаңартқан.
Алқаптағы жердің құнарлылығы аудан бойынша ең төменгі, орташа алғанда, 17,2 пайызды құрайды. Жоғары сапалы тұқым мен жерді жоғары дәрежеде күтіп-баптау жұмыстарының нәтижесінде, гектарына 6-12 центнерден өнім алынады. Өнімнің кілегейлігі 32-35 пайыздан кем түспейді.   
Осакаров ауданындағы көктемгі егіс барысы жайлы аталған аудан әкімі Қайрат Шайжанов,  «Қазақстан фермерлер од­а­ғы» ҚБ президенті Әуезхан Дарынов, тағы басқалары баяндама жасады.
Семинар-кеңесті ҚР Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Ермек Көшербаев қорытындылады. Өз кезегінде ол мұндай жиындардың аграрлық сала мамандары үшін қажеттілігін және тәжірибе алмасу­дың таптырмас құралы екенін айта келе, бастысы, Үкімет тарапынан жасалған бағдарламалардың, жеңілдіктердің тиімді әрі тиімсіз жақтарына баға берілетінін айтты. Облыс шаруаларының өндіретін өнімдері мен бүгінгі жетістіктерін кеңеске қатысушылар мәдениет үйінің дәлізінде ұйымдастырылған көрмеден тамашалады.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.
НҰРА ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 134
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px