Аян ШАЛМАҒАНБЕТОВ: «Шетелдіктерге жер сатылмайды» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Аян ШАЛМАҒАНБЕТОВ:
 «Шетелдіктерге жер сатылмайды»
Қазіргі таңда жерді жекеменшік қолға сату, жалға беру мәселесі – халық арасында қызу талқылау нысанына айналған тақырыптардың біріне айналуда. Осы орайда, ҚР Жер Кодексіне енгізілген өзгертулер туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Аян ШАЛМАҒАНБЕТОВПЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Аян Тиыштықұлы, Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне қатысты өзгертулер қашан енгізілді?
– Өзгертулер 2015 жылдың 2 қа­­ра­шасында қабылданды. Со­ған сәй­кес, ауыл шаруашылығы мақ­сатын­дағы жерлерді аукциондар арқылы жекеменшікке сатуға болады. Бұл орайда, жерді жалға алушылар жалдап отырған жерін сатып алу үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бөлек, жалға берілген жерлерді пайдалану бойынша шектеулер ал­ынып тасталады. Аталған норма жер пайдаланушыларға құқықтық мәмілелер жасауға мүмкіндік береді. Әкімшілік кедергілерді азайту мақ­сатында жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту процедурасы жойылады.
– Жер қалай сатылады?
– Жер аукциондар арқылы сатылады. Алдымен жер учаскесі кадастрлық (бағалау) құнын көтеру жолымен саудаланады. Егер, екі мәрте аукцион нәтижесінде сатып алушы табылмаса, белгіленген кадастрлық құнының ең төменгі шегіне (50 пайызы) дейін төмендету арқылы аукционға қайта шығарылады. Бұл жағдайда да сатылмаса, аукционнан алынып тасталады. Аукциондар сауда шарасының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қарастырылып отыр. Қазақстан Рес­публикасының кез келген азаматы аукционға қатыса алады.
–  Жер телімдерінің сатылуынан жиналған қаражат қайда түседі?
– Ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдерін жеке меншікке сатудан түсетін қаражат Ұлттық қор есебіне аударылады. Және аталған қаржы ҚР заңнамасына, яғни, бюджет заңнамасына сәйкес, белгіленген тәртіппен жұмсалады.
– 49 жылға жалға берілген жер учаскелерінің жағдайы қалай болмақ?
– Бұл учаскелерді ешкім тартып алмайды. Жерді 49 жылға жалға беру туралы норма 2003 жылы Жер Кодексіне енгізілген. 2016 жылғы 1 шілдеден кейін де бұл жерлерге ешкім тиіспейді. Жалға алушылар қолданыстағы жерлерін сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін әкімдікке өтініш жазу қажет. Мұнда тікелей сату келісімшарты жасалады, яғни, жерді аукционға шығармай-ақ, жалға алушы жердің меншік иесі атанады. Және жердің құны 50 пайызға төмендетіліп, жалға алушы жерді 10 жыл ішінде бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып ала алады. Төлем аудару кестесін сатып алушы өз ыңғайына қарай құрады. Бұл норма, Жер Кодексіне сәйкес, мемлекет меншігінен жекеменшікке берілуге жатқызылған жер учаскелеріне қатысты қолданылады.
– Жер Кодексінде шетелдіктерге жер сату нормалары қарастырылған ба?
– Шетелдіктерге жер сатылмайды. 2003 жылдан бері ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлер шетел­дік компанияларға 10 жылға жалға беріле бастады. 2015 жылдан бері бұл мерзім 25 жылға ұзартылды. Себебі, ауыл шаруашылығы саласы қомақты қаражатты қажет етеді және оны жылдам қайтару мүмкін емес. Мамандардың есептеуінше, бір жобадан пайда көру үшін кем дегенде 13-15 жыл керек. Сондықтан, инвестор жұмсаған қаражатынан табыс көруі үшін жалға беру мерзімі ұлғайтылды.
– Егер, шетелдік үлесі бар біріккен кәсіпорындар жерді сатып алуға қызығушылық танытса...
– Біріккен кәсіпорындар аукцион­дарға қатыса алады. Тек, ол үшін кәсіп­орындағы қазақстандық үлес 50 пайыздан артық болуы тиіс. Әр компанияны бұл ақпараттың растығына қатысты тексереді. Аук­циондарға шетелдік азаматтар қатыстырылмайды.
– Қазақстан азаматы жерді сатып алып, шетел азаматына қайта сатуға құқылы ма?
– Қазақстан азамат жерді шетел­дікке қайта сата алмайды. Егер, сатып жіберсе де, келісімшарт жарамсыз деп танылады. Заңға сәйкес, нотариустердің мұндай келісімшартты тіркеуге құқығы жоқ.
– Бір гектар жер қаншаға бағалануда?
 – Жер пайдалану мақсаттары бойынша бағаланады. Яғни, суармалы, егістік, жайылым, шабындық жерлері және тағы басқалары. Сәйкесінше, жер құны да әртүрлі. Мәселен, Ақмола облысында егістік жерінің 1 гектары – 11900 теңгеден 49000 теңгеге дейін бағалануда. Ал, Алматы облысында 1 гектар егістік жерінің құны – 40000-130000 теңгенің аралығында. Жайылымның бағасы арзандау – 1800 теңгеден 9000 теңгеге дейін. Барлығы топырақтың сапасы мен жағдайына байланысты. Әр облыста, әр ауданда түрлі сомада бағалануда.
– Жер учаскесінің нысаналы пайдалану мақсатын өзгерту процедурасы жойылатындығы туралы айтып қалдыңыз...
– Жер Кодексіне маңызды өзгерту енгізілуде. Түсінікті тілмен айтар болсақ, егер, сіз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатып алып, мал бордақылау алаңын құрып, кейін картоп өсіру тиімді деп санасаңыз, ол үшін билік органдарынан рұқсат алып қажеті жоқ. Яғни, 1 шілдеден бастап жер учаскесінің нысаналы пайдалану мақсатын келісу процедурасы алынып тасталады. Сондай-ақ, шаруалар жалға алу құқығын кез келген қазақстандыққа бере алады. Тек, әкімдікке өтініш жазуы қажет.
– Қазақстан бойынша қанша гектар жер жалға берілген және қанша гектар жерді сатуға болады?
– Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, еліміз бойынша ауыл шаруашылығына берілген жер көлемі 100,8 млн. гектарды құрайды. Мұның ішінде, тек, 1,3 пайыз (1,3 млн. гектар) жер жекеменшік қолда тұр. 2016 жылдың 1 шілдесіне қарай министрлік 1,7 млн. гектар жерді аукционға шығаруға құжаттар даярлауда.
– Қарағанды облысында қанша гектар жер сатуға шығарылады?
– Облыс көлемінде 200 мыңнан астам гектар жер игерілмей жатыр. Сол жерлер аукционға шығарылады деп қарастырылуда.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Нұрқанат ҚАНАФИН.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 182
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px