Қалдықты қайта өңдеу – уақыт талабы - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қалдықты қайта өңдеу – уақыт талабы
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»
Қалдықтарды қайта өңдеу – еріккеннің ермегі емес. Білгенге – білдей бизнес. Уақыттың өзі шешуін талап еткен  өзекті мәселе. Cол себепті, тұрмыстық коммуналдық қатты қалдықтарды өңдеудің экологияға ғана емес, экономикаға да қосар үлесі орасан екенін ежіктеп айтудың өзі  – артық. Сөйте тұра,  дамуы – кемшін. Неге? Себеп не? Қарағандыда өткен семинар-кеңесте мамандар екі күн бойы талқылаған тақырып – осы.
ҚР Энергетика министрлігі мұ­рын­дық болған семинар «Қазақстан Респуб­ликасындағы коммуналдық қалдық­тарды басқару саласын дамыту» деп аталды. Бұған еліміздің түпкір-түпкірінен 170 маман қатысты. Семинардың мақсаты – қатты тұрмыс­тық қалдықтарды,  жеке-дара жинап, сұрыптаудағы  жинақталған тәжірибемен алмасу. Қазақстандық және халық­аралық тәжірибені  назарға ұсыну. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру мен несиелендірудің шарттары, электронды құрал-жабдық­тар шығаратын, қамтамалар дайындайтын өндірушілердің міндеттілігін кеңейту де сөз болды.
ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Садыбеков Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің ауадай қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде жыл сайын 6 млн.тонна қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады екен. Оның 90 пайызы полигондар мен қоқыс алаңдарына шығарылады. Ал, Қазақстанда мұндай полигондардың саны – 4 мың шамасында көрінеді. Оның тек 500-і ғана – заңдастырылған айлақтар. Басқасы, есепте жоқ.
«Бүгінде Қазақстанда қауіпті, электр және сынабы бар құралдарды жоюдың нормалары мен талаптары бекітілген. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кейбір тұрмыстық қатты қалдықтарды оларды алдын ала өңдеуден өткізбей тұрып, көміп тастауға тыйым салынатын болады. Сондай-ақ, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинаушы, сұрыптаушы, жоюшы субъектілерге де талаптар айқындалды. Бұл нормалар елімізде қайта өңдеуге түсетін шикізаттың өркениетті нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді деген үміттеміз», – дейді Энергетика вице-министрі Ғани Садыбеков.
Министрліктің дерегінше, қазіргі кезде елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеумен елде 115 кәсіпорын айналысса, олар 90 мың тонна қалдықты  қайта өңдейді. Сол арқылы 20 түрлі өнім шығады. Ол болса – қалдықтардың небары – 2 пайызы ғана.
Қарағанды аймағындағы қал­дықтар­дың жай-жапсары туралы облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов баяндады. Облыс әкімінің орынбасары кеншілер аймағындағы қалдықтардың өңделу барысына тоқталды. Туындаған міндеттер мен кезегін күткен мәселелер­ді шешу үшін ұсыныстар айтты.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде облыста қалдықтармен айналысатын 31 кәсіпорын бар. Алайда, Қарағандыда қалдықтар мәселесі тек коммуналдық қатты қалдықтармен шектелмейді. Бұдан бөлек, өндіріс орындарында пайда болатын техногендік қалдықтар және бар. Бұл орайда Қарағандыда бірқатар қадам жасалған. Мәселен, көмір өндірісінде пайда болатын террикондар әжетке жарап отыр. Кен орындарында, өндіріс ошақтарындағы қалдықтарды қайта өңдеуден өткізуде. Айталық, «Сарықазына», Балқаш, Қоңыратта техногендік қалдықтардың 35 пайызы қайта өңдеу көруде.  Осылайша, кәсіпорындар жұмысы біршама  жандандырылған.
Кеңесте елдегі қалдықтар өңдеу  ісі жан-жақты талқыланды. Бұл істің алға баспаудағы түйткілдері тарқатылды. Деректерге сүйенсек,  жалпы қалдықтардың 20 түрі ғана қайта өңделеді. Негізі, қалдықты өңдеуші ұйымнан гөрі оны сыртқа тасып шығарушы кәсіпорынның саны көп. Бұған себеп, бұл саладан түсетін пайданың төмендігі, жолға қойылмауы болса керек. Сондықтан да, осы орайда халықаралық тәжірибелер де назарға ұсынылды. Тың жобалар болса, қолдау білдіруден қашпайтын  халықаралық, шетелдік ұйымдар да бар көрінеді.  Мұны GIZ Халықаралық ынтымақтастықтағы германиялық қоғамдастық өкілі Д.Калмыков айтып отыр.
«Біздің ұйым дамуға мұқтаж жобаларға көмек беруге әзір. Менің сараптаушы ретінде көмегім «Жасыл экономика» жобасын дамытуға негізделген», – дейді Д.Калмыков. Сарапшы бүкіл әлемнің қалдықтарды қайта өңдеуге ден қойғанын айтады. Мысалы, Еуродақ елдерінде соңғы 15 жылда қалдықтарды қайта өңдеудің үлесі 23 пайыздан 40 пайызға дейін артқан.
Мамандардың айтуынша, Қазақс­тандағы қатты қалдықтарды өңдеуде баса назар аударатын маңызды жайттар бар. Атап айтқанда, қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындарға талаптар қою, мұндай ұйымдарды лицензиялау және аккредатциядан өткізуді енгізу сынды мәселелер. Бұлар шешілсе, қалдық өңдеу ісі де сәл-пәл ілгерілемек.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 540
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px