Алла қалады, Елбасы жарады - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Алла  қалады,  Елбасы  жарады
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

6 шілде – Астана күні ғана емес, Алаш азаттығының басына алтыннан тәж кигізілген күн. 1994 жылдың осы күні Жоғарғы Кеңестің елорданы көшіру туралы шешімі қабылданды. Содан бері ел арасында әртүрлі пікір туды. Біреулері болашақ астананың Ақмола деген атауын жарата қоймаса, біреулері басқаша сөйледі. Жақсы қабылдағандары да болды. Әйтеуір, ел екіге жарылмады. 1998 жылы елорда Астанаға көшті. Бұл – ғасырлар тоғысында толғағы жетіп, үлкен тебіреністен туған ұлы көш-ті. Бүгінде сол кезде білместікпен айтылған пікірлердің бірі жоқ. Оның орнына Арқаның төрінде, Еуразияның кіндігінде әлем жұртшылығының көзін арбап Астана тұр. Басқаның емес – Алаш ұранды қазақтың «бағаналы орда, басты ордасы» (Бұқар жырау).  
Басқаны қайдам, мен үшін Алаш Астанасының дүниеге келуі – бірнеше ғасыр ұлттық санамызда пісіп-жетіліп, кемеліне келген құбылыстай көрінеді. Яғни, ақиқат пен аңыз арасындағы ұлы шындық. Әуелі жеткен аңызы – Асан қайғының өсиеті. Қазақ ордасын көтерген Жәнібек ханның ел шетіндегі ордасына түскен Асан абыз жұмбақ жасырады. Үлкен қалы кілемнің ортасына тостаған қойып, оны кілемге аяқ тигізбей алуын сұрайды. Сонда Жәнібек хан кілемді бір шетінен түре барып алған екен тостағанды. Осыдан қорытынды шығарған Асан қайғы ханға «ақ орда – астананы Арқадан тік. Тұтқиылдан жау шапса, бірінші хан ордаңа тиіп, қабырғаңды сөгіп кетеді» дейді. Одан беріде Қазақ хандығының үзілмей жеткен құты Әлихан Бөкейханов «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» дегені еске түседі. Осындай ұлы мұратты жүзеге асырып, шындыққа айналдыруды Алла Президент Н.Назарбаевтың маңдайына жазыпты. Енді біздің қолда тұрғаны – сол ақиқатты жоғалтып алмау. Келешекке аңыз-ертегі ретінде емес, ақиқат күйінде жеткізу. Алаш Астанасының күні бізге сол үшін белгіленген. «Атына тұрман болсам деп, Жұртына құрбан болсам деп, Астана жұртын айналу» (Махамбет) мақсатында қойылған. Той тойлап, ойын-сауық құруға ғана емес.
Бір кездегі Түріктің қаласы Бозоқ – бүгінгі қазақтың Астанасы. Алла қалады, Елбасы Астана салып жарады. Оның иесі – Қазақ елі болғанда, киесі – Алаш, тұғыры – Тәуелсіздік, ғұмыры – баянды болуы бізге аманат!    

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 828
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px