«АНА ҮЙІ» АШЫЛДЫ - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

«АНА ҮЙІ» АШЫЛДЫ
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»


«Ана үйі» қоғамдық қоры – Қазақстан бизнесмендерінің қайырымдылық жобасы. Бүгінде осы қордың шапағатымен өмірдің қиын жағдайына душар болған жас аналарға демеу болатын 25 дағдарыс орталығы еліміздің 17 қаласында өз жұмысын бастап отыр екен. Соның тағы бірі осы аптада Жезқазған қаласында ашылды.

Қордың қамтитын аума­ғын кеңейту еліміздегі әл­еуметтік жетімдік ахуалына тікелей байланысты. Мәселен, қазіргі таңда ата-ана қамқоршылығынан тыс қалған жетім балалар саны жағынан Қарағанды облысы алдыңғы қатардан көрінуде. Үстіміздегі жыл­дың 1 сәуіріндегі дерек бойынша облыстың 10 мем­лекеттік балалар үй­інде 1195 бүлдіршін тәр­биеленуде. Оның ішінде, 282 сәби тұл жетім болса, 913-і ата-аналарының мейірімінен тыс қалған әлеуметтік жетімдер. Осы сүреңсіз статистикада Жез­қазғанның да «өз үлесі» бар. Мұнда бөбектер үйі және балалар үйі жұмыс істейді. Аналар үйінің аш­ы­луына арнайы келген Астанадағы «Ана үйі» қо­ғамдық қоры жобасының басшысы Бибігүл Махметова: «Жезқазған – біздің жоба қамтыған 18-ші қала. Біз бүгінде үлкен әлеу­меттік дертке ұласып бара жатқан сәбиінен бас тарту жағдайын өзгертіп, жас аналардың бөбегін сақтауына мүмкіндік туғыз­бақпыз. Бала — анасының бауырында, осы үйде бір жылға дейін тұра алады», – дейді. Мақсат — әлеуметтік жетімдердің отбасында тәрбиеленуіне қол жеткізу, еліміздегі тас­танды балалардың санын кеміту.
Мемлекет  Басшсы    Нұр­­сұлтан  Назарбаев жыл сайын өткізілетін «Ме­­рейлі отбасы» ұлттық бай­қауының кезекті бір шара­сында сәбилі бол­ған ана­ларға арналған дағдарыс ор­талығы жүйе­сіне қолдау білдіру жөнінде айтқан болатын. Осыған орай, «Ана үйі» жобасына Білім және ғылым министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қолдау танытуда, Ең бастысы, осындай үйлердің ашылуына еліміздің бір топ бизнесмендері тікелей ат­салысып, қаржылай қол­дау жасағаны қандай сүйінішті. Мәселен, Нұрәлі Әлиев Алматы, Қарағанды, Орал қалаларындағы ор­талықтарға қамқоршы болса, Жезқазғандағы ор­талыққа «Астана Групп» компаниясының басшысы Нұрлан Смағұлов қамқоршы болып отыр. Бизнесмендер бір «Ана үйін» ұстауға жылына 18-25 млн. теңге мөлшерінде қаржы бөлуде. Жезқазғандағы үйде 12 ананың сәбиімен тұруына барлық жағдай жасалған. Тиісті қызметкерлері бар. «Ана үйінің» ашылуына қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, қамқоршы бизнесмен Нұрлан Смағұлов­тың көмекшісі Әсел Елікбаева және қоғамдық ұйым өкілдері қатысып,ізгі тілектерін білдірді.

ЖЕЗҚАЗҒАН  қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 214
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px