«Ана үйі» – мейірім ұясы - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

«Ана үйі» – мейірім ұясы

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

Облыс орталығындағы жалғызбасты жас аналарға арналған дағдарыстан оңалту орталығы – «Ана үйі», сөздің шынайы мағынасында, мейірім ұясына айналып отыр. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жандары жапа шеккен жас аналар, олардың жазықсыз сәбилері сол шаңырақта ізгі пейіл мен қапысыз қамқорлықтың нұр-шуағына бөленуде.


«Ана үйіне» мұқтаждықтың мәжбүрлеуімен тап болғандардан қандай да бір құжат немесе көрсетілетін қызмет үшін төлемақы талап етілмейді. Керісінше, тұрмысқа қолайлы баспана беріліп, медбике, психолог, әлеуметтік қызметші және заңгердің тегін қызметі ұсынылады.

Елдегі жетім балалардың тағдырына алаңдаулы және көңілдеріне шер тұнған сәбилердің санын мүмкіндігінше шектеуді, сондай-ақ, жағымсыз жайттың алдын алуды мақсат тұтқан қазақстандық кәсіпкерлердің осынау оңтайлы жобасы арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірінде осытектес 27 мекеменің құрылғанын атап өткен жөн.

Бүгінде Қарағандыдағы «Ана үйінде» облыс орталығының тұрғындары санатына жататын нәзік жандылар ғана емес, сонымен қатар, Теміртау, Абай, Балқаш, Жезқазған және Шахтинск қалаларынан дәрменсіз күй кешіп, дағдарыс жағдайында келген жас аналар мен нәрестелер де бар. Орталықтың тынысы кәдімгі қарапайым үйдің тіршілігіне барынша бейімделген. Тұрмыста қажетті техникалар, балаларды серуенге шығаратын жылжымалы құрал-жабдықтар, алуан түрлі ойыншықтар – қол астында. Санитарлық тазалық реттілігін орталық тұрғындарының өздері қадағалайды. Ас-су әзірлеп, қолөнермен шұғылдануға да мол мүмкіндік тудырылған. «Ана үйімен» қош айтысып, қоғамның қалыпты мүшесіне айналған жас аналардың алуан түрлі бағыттағы кәсіптер бойынша шеберлігі шыңдалып шығуының астарында, міне, орталықтағы осынау ерекше қамқорлықтың нәтижелі қайтарымы жатыр.

Ізгілік пен мейірім ошағына еріктілер де жиі бас сұғады. Олар түрлі кәсіби мамандықтар бойынша бағыт беріп, тиісінше, дәрістер оқиды, шеберлік сыныптарын өткізеді.

Жобаның үйлестірушісі Айнагүл Әмірованың айтуынша, бұл жерде осыдан бір жыл бұрын тігін шеберханасы пайда болыпты, ал, жуырда компьютер сыныбы ашылған. Келешекте оқыту курсынан өткендерге арнайы сертификат тапсырып, оларды Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы қысқартылған жұмыс күні негізінде еңбекпен қамту мәселесі де ойластырылуда.

Басқаны айтпағанда, жас аналардың «Ана үйінде» болған кезінде мұқтаждық пен қажеттілікті сезінгендеріне жеке бас куәлігін қайта қалпына келтіріп, тіркеуге тұрғызу жайы да қарастырылған. Сол арқылы олардың мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақы алуларына жағдай тудырылады. Ал, орталықтың уақытша тұрғынына айналғандар балалар үйінің түлектері болса, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуы үшін кезекке қойылуы да мақсатты түрде қадағаланады.

Жобаны ұйымдастырып, ісін ілгері бастырушылар мен орталық қызметкерлері қамқорлық пен мейірімге шөліркеген жандарға көрсетілген көмектен, түптің түбінде, қоғам үшін оңтайлы қайтарым мен тигізілер жағымды әсердің өлшеусіз мол боларына сенімді.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 343
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px