Қанекең мектебінен қанаттанған - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Қанекең мектебінен қанаттанған
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»


Үлкен Жезқазған өндірісінің өмірге келуі халқымыздың асыл перзенті Қаныш Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты екені белгілі. Қазыналы аймақтың кен байлығын талмай зерттеп, зерделеудегі ұлы ғалымның еңбегі ұланғайыр. Қаныш Имантайұлы 1926 жылы Қарсақбайға келгеннен бастап бас геолог болып, кейіннен Одаққа танымал болған Жезқазған геологиялық барлау экспедициясының негізін құрды. Кезінде айтулы осы экспедицияда еңбек етіп, шыңдалған геологтар: «Біз – Қанекеңнің геологиялық мектебінен шыққанбыз», деп орынды мақтаныш тұтады. Сондай санаулы жандардың бірі – Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, КСРО Геологиясының үздігі Мәлік ОМАРОВ ақсақал.

Геология майталманы Мәлік Омарұлымен кәсіби мереке қар­саңында кездесіп, әңгімелескен едік. Сонау 1958 жылы Қазақ кен-металлургия институтын бітіріп келіп, Жезқазған экспедициясында еңбек жолын аға коллекторлықтан  бастаған, кіші геолог, геолог жолдарынан өтіп, бас инженерлікке дейін көтерілген ағамыз 1995 жылы құрметті демалысқа шыққан еді. Алайда, айтулы экспедиция тарап кеткенімен ардагер геологты корпорация басшылығы «ат-түйедей қалап», бөлімге қызметке шақырыпты. Мәкең бүгінде «Қазақмыс» Кор­пора­циясының» геология жөніндегі сарапшысы. Білікті маман өңір қазба байлықтарын игеруге қатысты кеңестері мен тұжырымдарын басшыларға ұдайы ұсынумен келеді. Алайда, корпорацияның да барлау жұмыстарына қаржы бөлуі көңіл көншіте қоймайды. Айтары бар ақсақал осы жағдайға көп алаңдайды, геологияның болашағы жайлы ойлайды. «Мемлекет тарапынан тікелей қамқорлық жасалып, бұрынғы Жезқазған геологиялық экспедициясы қайта ашылуы керек»,-деп тұжырымдайды пікірін ардагер.
–  Қаныш Сәтбаев құрған экспедицияда еңбек етіп, мен небір тұлғалы азаматтармен қатарлас жүрдім. Жезқазған кен барлау экспедициясы Қанекең мектебінің ізгі дәстүрін жалғастырып, маман кадрлардың нағыз ұясына айналды. Бізде бас геолог болып өз біліктілігін таныта білген Александр Богатырев Қазақстанның алғашқы Геология министрі болды. Әуелде бас геологтан бастаған Шахмардан Есенов те Жезқазған экспедициясында бас инженер болып, жемісті еңбек етті. Геология министріне дейін көтеріліп, елімізге танымал тұлғаның біріне айналды. Еңбек жолын жай геологтан бастаған Уәли Есентаев КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, кейін Орталық Қазақстан геологиялық басқармасының басшысына дейін көтерілді. Айта берсек, Қаныш мектебінің осындай түлектері аз емес. Алғашқы жылдарда 83 бұрғылау бригадасы болды. Одақ көлемінде мұндай қуатты экспедиция бола қойған жоқ. Бұрғылау әдісіндегі жаңа технологияларды ұтымды игеру арқасында бұрғылау көлемін көп жерлерде қалыптасқан 202 метрден асып түсіп, 500 метрге дейін жеткіздік. Айына 1757 метр ұңғыма бұрғылап, одақтық рекорд жасалды. Осындай даңқты экспедицияның Тәуелсіздік заманында тарап кетуі жанға батады. Қазіргі таңда Жезқазған өңірі үшін білікті геологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін өз мамандарын қалыптастыру керек, – дейді Мәкең.
Айтса айтқандай, бүгінге дейін өңірдің мыс кенінің қорын еселеп келген кен орындары жергілікті геологтардың қажырлы еңбегінің арқасында анықталған болатын. Кезінде экспедицияның 150 маманы өңірдегі жаңа кен көздерінің қорын анықтап, бекітумен 3 жыл бойы айналысыпты. Мәкең Анненск кен орнындағы топқа жетекшілік жасаса, Златоуск-Беловскіге Нина Голоднова, «Солтүстік Покроға» Гита Мычных, «Оңтүстік Покроға» Уәли Есентаев, Ақши-Спасскіге Мұзараф Аханов сияқты маман геологтар басшылық жасап, 1965 жылдың басында Мәскеуден келген профессорлар геологиялық есепті жақсы бағамен қабылдап алуы жаңа кен көздерін игеруге жол ашқан. Мыс құрамының қорын есептеп, бекіту деген негізінде геологиядағы ең машақаты көп, күрделі жұмыс болып табылады. Қала төңірегіндегі жерасты су көздерін зерттеп, ашудағы бас гидрогеолог Тұрсын Бейпіловтің еңбегі де зор.
    Мәлік Омарұлының Жаман Айбат кен қорын анықтап, айналымға шығарудағы бірбеткейлігі туралы бұрын геологтардан жиі естуші едім. Әңгіме барысында осы туралы Мәкеңнің өз аузынан естуді жөн көрдім. Негізінде, кейбір мамандардың ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың Жезқазған кен жүлгелері туралы жазып кеткен еңбектеріне жете мән бермейтінін атап өткен Мәкең Жаман Айбатқа қатысты жайларды байыппен қозғады.
– Қанекең ол жерде кен бар екенін 1932 жылғы жазған мақаласында айтқан болатын. Одан кейін Геология министрлігі мен Қазақстан Ғылым академиясының 1963 жылы Жезқазғанда өткен бірлескен көшпелі сессиясында да «мысты Айбат құрылымдарынан іздеу керек», – деп тағы да айқын бағыт беріп кеткені  есімнен кетпей қойды. Алайда, 1965 жылы ол жерге қойылған 5 скважина ешқандай нәтиже көрсетпеген соң «Айбаттың болашағы жоқ» деген пікір қалыптаса бастады. Тиісті тереңдікке жетпей қалғанын ішім сезіп, мен тағы бұрғы салуға тырысқаныммен басшылық оған қарсы болды. Мен 1974 жылы геологиялық экспедиция бастығының орынбасары болғаннан бастап Айбатқа аңсарым бұрынғыдан да әрі ауа берді. Перспективалық жоспарға енгізуге тырыстым. Ақыр­ында 1981 жылы басшымыз Василий Штифанов пен Шахмардан Есенов Жапонияға іссапарға кеткен кезде екі бұрғылау станогын Жаман Айбат даласына әкеліп, шұғыл іске кірістім. Абырой болғанда, бір станоктың бұрғысы мыс жүлгесін тауып, Айбаттың бағы жанды. Әрі қарай зерттеу аясы кеңейіп, соның арқасында жапан далада «Жомарт» сияқты кеніш салынған жоқ па, – деп әңгімесін бір қайырды Мәкең.
Иә, Қанекең мұраларына зер­делі көзбен қарап, жер қойнауының тылсым сырын тамыршадай дөп баса білетін Мәкең сияқты білгір де алғыр геологтар қатары бүгінде аз қалды. Сәтбаев еңбегінде «Түйемойнақ бойында алтын, Сымтас төңірегінде мыс қоры болуға тиіс» деген тұжырым да бар көрінеді. Қанекең негізін салған экспедиция қайта ашылса, осындай ондаған кен орындарын зерттеп, ашуға болатындығына Мәкең кәміл сенімді. «Тек, еліміздің жоғарғы оқу орындарында геолог мамандығын даярламайтындығы қиын болып тұр», – дейді. Қумолада көгілдір асбест, Балбырауында темір кен қоры өзінің ел кәдесіне жарар кезін күтіп жатыр. Жезқазған өңірі әлі де қазба байлықтардан кенде емес. Оларды игеру үшін Қанекең мектебінен қанаттанған Мәлік Омаров сияқты геология тарландарының бастамалары мен ізгі істерін батыл жалғастыратын жас ұландар легі керек.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 213
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px