Антқа Адалдық - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Дәрігердің қабылдауында болғандардың бірі ренжіп, бірі қуанып шығып жатады. Олардың да көңіл күйі өзгермелі. Ертеректе Мәскеуде Орталық Комитетте, әлде Министрлер Кеңесінде дәрігерлердің жалақысын көбейту туралы әңгіме қозғалғанда, Денсаулық министрлігі басшыларының бірі «дәрігерлерді аурулардың өзі-ақ асырайды» деп бұл мәселені тоқтатып тастапты деген алып-қашпа сөзді естіген едік. Шындықтың ұшы бар ғой деймін. Дәрігерлер де – пенде дейсің де қоясың. Ал, Гиппократ антына адал жандарды кездестіргеніңде шын қуанып қаласың. Бар екен ғой дейсің.

Сондай жандардың бірі – қазір Қарағандыда тұратын, зейнеткер жасында болса да, Октябрь аудандық ардагерлер кеңесінде қоғамдық негізде медициналық комиссияны басқарып отырған, әлі де ақ халатын тастамай жүрген Тельман Нұрманов. 2009 жылдан бері осы комиссияны басқарып келеді. Ауданымыздағы ардагерлердің аты-жөнін түгел біледі. Кім қандай аурумен ауырады. Олар қандай ем алып жүр, бақылап, қадағалап жүреді. Не телефон арқылы, не үйлеріне барып, ауруханада жатса ауруханаға барып, оларды емдеуші дәрігерлермен сөйлесіп, қандай күтім керек екенін айтып отыратын елгезек жан. Телекеңді қаладағы емдеу мекемелерінің басшылары түгел біледі. Сырқат қарт адамдарды ауруханаға орналастыруды немесе оларға жекелей медбикелер арқылы медициналық жәрдем көрсетуді ұйымдастырып, көмегін көрсетіп отырады. Сондықтан да, қаладағы емдеу мекемелерінің мамандары қарт дәрігердің бұл көмегіне дән риза. Ал, тағдыр тәлкегімен жалғыз қалған ардагерлер Телекең келгенде құдды бір бауыры келгендей елпілдеп жатады.

Бірде құрдастығымды алға тартып, саған қазақша ат жетпеген бе, неге немістің Тельманын қойған дедім.

Әкем 1920 жылдан компартия мүшесі, атақты «Турксибті» салысқан. Соғысқа дейін Германия Коммунистік партиясының көсемі Эрнест Тельман болған екен. КСРО-да ол көп насихатталып, белгілі болған тұлға. Әкей соның құрметіне Тельман деп қойыпты, – деді.

Егіндібұлақтың Саумалкөл деген колхозында 1936 жылы 1 мамырда дүниеге келген ол 1941-1945 жылдардағы жаһандық соғыстың ауыртпалығын бастан кешірген. Ауылдағы жұмыс еңкейген қарттар мен белі қатпаған балалардың үлесіне тиді. Бастауыш мектепті ауылдан орта мектепті аудан орталығында аяқтап, бастауыш сыныпта оқып жүргенінде-ақ дәрігер болсам деген бала қиялдың жетегімен Қарағанды мемлекеттік медицина институтына келіп түсті.

Дәрігерлік қызметін Егіндібұлақ ауданының Абай совхозынан бастады. Тепсе темір үзетін жігітке мұнда жұмыс жеткілікті екен. Көңілге толмайтын олқылықтар бар. Жас, жаңа келген маман үшін дем алып жату – орынсыз. Күндіз-түні шағын аурухананың барлық шаруашылығын мойнына алып, отымен кіріп, күлімен шықты. Біртіндеп 25 орынды аурухана салынып, жалпы жағдайы көтеріле бастады. Оның материалдық базасы біршама жақсарды. Мұндағы кадрлардың барлығы үй-жаймен, малдың жем-шөбімен, отынмен қамтамасыз етіліп, жұмыс істеулеріне жағдай жасалды. Совхоз орталығынан жырақ орналасқан қыстақтар тұрғындарын тексеріп, аралап тұру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кейін қалуы тиіс емес. Қинайтыны – көлік жетіспеушілігі. Жалғыз жедел жәрдемнің кейде қосалқы бөлшектері болмай қалады, кейде жанармай жетпейді. Әкесінің малы бар, шамалы ақшалай қоры бар. Соны пайдаланып, «Жигули» көлігін сатып алды. Қай жерден шақырту түссе, сонымен қатынап, талай науқастың сауабын алып қайтып жүрді. Бірде Телекеңе дәрігерлерді қазір ел онша ұната қоймайды ғой дегенімде:

Жұмысыңды сүюің керек. Мен жұмысымды өте жақсы көрдім. Өз ісіме бар талантымды салдым. Адамдарды емдеу жолындағы жаңалықтарды баспа бетінен қалдырмай оқып отырамын. Өзіме керекті медициналық журналдарды, әдебиеттерді жаздырып алып, білімімді толықтырып отырдым. Онсыз өмірден қалып қоюың мүмкін. Әрдайым ізденістің арқасында біліктілігің де жетіле түсетіндігін білесің. Әріптестеріме де осыны үлгі етемін. Еңбек жолымда қиындықтар да кездесіп жатты. Даңғыл болды деп айта алмаймын. Ондай жағдайда көбінесе аудандық орталық ауруханаға жүгінемін. Көмектерін аямайды. Бастамаларымды қолдап отырды. Егер өзімді немесе науқастарды мазалайтын сұрақтар туындап жатса, жазып отырамын. Өмірлік жолда дұрыс шешім қабылдау үшін әріптестеріңмен кеңесіп отырған жөн. Сырқаттарға тек біліміңді ғана емес, жүрегіңді де жұмсауың керек. Оларды әлеуметтік жағынан бөле-жармай қарауың керек. Жүрегіне үміт отын жағып, оларды дәрімен ғана емес, көңіл-күйімен де емдей алу керек. Осылдарды қағида тұтамын, – деді Телекең.

1970-1978 жылдары аудандық аурухананың бас дәрігері болып жұмыс істеді. Аудандық партия комитетінің ұйғарымымен 90-шы жылдардың басынан бастап, 98-ші жылға дейін, зейнеткерлікке шыққанша «Комсомол» совхозының ауруханасында істеді. Бұл аурухананың материалдық базасының өсуіне де өз үлесін қосты. Аудан бойынша алдыңғы қатарлы ауруханалардың біріне айналды. «1993 жылы ауданға жұмыс бабымен келген ҚазКСР Денсаулық сақтау министрі Ақсұлтан Аманбаев дейтін азаматты аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы Т.Зейнешев «Комсомол» совхозына алып келді» деп еске алады Телекең. Ауруханамыз үлкен лауазымды адамдарға ұялмай көрсетуге жарап қалған еді. Кемшілігіміз – салдыр-гүлдір еткен жедел жәрдем көлігі ғана. Сол министрдің келгенін пайдаланып, осы өтінішімді айтып қалдым. Тілеуің бергір министр бір айдың ішінде жедел жәрдем көлігін берді.

Телекеңнің жақсы көрсеткіштері еленбей қалған жоқ. 1966 жылы ҚазКСР-нің Жоғарғы Кеңесі Президиумының Мақтау грамотасымен марапатталды. Кейінірек «ҚазКСР Денсаулық саласының үздігі» атағын алды. «Еңбек ардагері», «Жеңістің 60, 65, 70 жылдық» медальдарымен наградталды. Өмірлік жары Зәуреш екеуінің екі ұлы кәсіпкерлікпен айналысса, екі қызы медицина қызметкерлері. Жеке-жеке отау, немере-шөберелері бар.

Бір қасиеті – тазалықты, мәдениеттілікті сүйетіндігі. Қай жерде жұмыс істесін, әуелі тазалығына қарайды. «Ауылда, аудан орталығында жүргенде біреу үшін жұмыс істейтіндей көрінетінмін. Кейін енді не істесемде өзім үшін, ауылым үшін екенін сезінетін болдым. Қас-қабағыңа қарап отырған елді көріп, өзіңе қамшы салады екенсің. Осылай қалыптасып кеттім. Қазір демалыста жүрсем де, көптің ортасында болуды қалап тұрамын, көппен бірге жұмыс істегім кеп тұрады» деп ағынан жарылады Телекең. Гиппократ антына адалдық деген осы болар.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 152
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px