Қапысыз қамданыс – қауіпсіздік кепілі - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Қапысыз  қамданыс – қауіпсіздік  кепілі
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Көктемнің жылымық күндері белең алған сайын су тасқынына байланысты күпті ойлардың да күшейе түсері күмәнсіз. Мұның негізінде өткен жылдың «ащы сабағы» жатыр. Осы орайда, «Қамданған қапы қалмайды» қағидасын қатаң ұстанған Осакаров ауданының атқарушы билігі мен тиісті мемлекеттік құрылымдары су тасқыны кезеңіне әзірлікті ширата түсуде. Белгіленген іс-шаралардың орнықты орындалуы – аудан әкімі Қайрат ШАЙЖАНОВТЫҢ дербес бақылауында.
Бүгінгі күні сараптамалық-болжамдық жұмыстардың нәтижесі 11 елді мекендегі тұрғындарының жиынтық саны 768 адамды құрайтын 250 үйді су басу қаупі бар екендігін айғақтап отыр. Олардың ішінде, 4 елді мекен тасқынның беті тым қатты бола қалса, айтарлықтай қиын жағдайда қалуы ықтимал. Бұл жайттан тысқары, тасыған су екпіні көпірлер мен көлік жолдарын жарамсыз күйге алып келсе, 6 ауылдың орталықпен қатынасы үзілуі әбден мүмкін.
Соған орай, яғни, келеңсіз жағдайларға жол бермеу мақсатында пәрменді шаралар атқарылуда. Айталық, 2015 жылы Қарағайлы ауылының іргесінен өтетін өзен арнасының бір шақырымдық көлеміне кеңейту және тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ұзындығы 600 метрді құрайтын «күмәнді» жерлерге қорғаныс-тосқауылдар орнатылды. Пионер ауылын жанай ағатын өзен жағалауы да көтерме-қорғаныс тәсілімен нығайтылды. «Осакаровка-Молодежное» бағытындағы бұрын апаттық жағдайда болған көпір құрылысының жұмыстары тиянақталды. Осакаровка кентінде жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын суағар арықтар тазартылып, ретке келтірілді.
Биылғы жылғы ақпан айынан бастап, Үлкен Құндызды өзенінің арнасын кеңейту және тазалау шаралары қолға алынды. Бүгінгі күнге дейін аталған шарамен 2 шақырымнан аса арна қашықтығы қамтылды. Аудан аумағындағы көлік жолдарының 429 су өткізу тұрбалары қар мен қоқыстан тазартылды. Жалпы алғанда 43 гидротехникалық құрылымдар есепке алынып, тұрақты бақылауға қойылды. Елді мекендерден 12 мың текшеметрден аса қар сыртқа шығарылды.
Ауданның қауіпті кезеңге басқаша сипаттағы дайындық деңгейі де көңілге қонымды. Су басуы ықтимал елді мекендерде 500 тоннадан аса инертті материалдар, 10 мың дана қапшық, өзге де қажетті құрал-жабдықтар әзірленген. Әлеуметтік нысандар базасында 12 эвакуациялық қабылдау тіректері дайын тұр, сондай-ақ, малды уақытша ұстауға арналған 10 нысан – сақадай сай. 6 тонна жағармай мен 4 су айдайтын қондырғы – қолданысқа әзір. Шұғыл әрекет ету жағдайына 56 бірлік техника мен 350 адам мұқият дайындалған.
Әрине, қатердің бетін аулақ қылсын! Десек те, қапысыз қамданыс – қауіпсіздік кепілі екендігі анық.
 ОСАКАРОВ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 347
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px