Қарағанды қыз-келіншектері: дерек пен дәйек - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Қарағанды  қыз-келіншектері:
дерек  пен  дәйек
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»
Қарағанды облысының статистика департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, 2016 жыл басталар тұста облыстағы әйелдер қауымының саны 729,4 мың адамды немесе облыс халқының 52,7 пайызын құраған. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырмалы түрде алғанда 0,4 пайызға, яғни, 2,8 мың адамға арта түскен. Ал, 2015 жылы дүниеге келген сәбилердің арасындағы  қыздардың үлесі – 48,6 пайыз, нақтылай түссек, 12 мың адам.

Қалалық жердегі тұрғындардың  53,5 пайызы әйелдер, олардың ауылдық жердегі өлшемдік көрсеткіші – 49,5 пайыз. Ресми деректемеде облыс өңірлерінің басым бөлігінде қыз-келіншектердің саны ер адамдар санынан басым екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, 6 ауданда ер адамдардың қатары әйелдер санына қарағанда артықтау түсіп отырғаны айтылған. Мәселен, Ұлытауда – 16,6 пайызға, Ақтоғайда – 9,1 пайызға, Қарқаралыда – 4,2 пайызға,
Шетте – 4,4 пайызға, Жаңаарқада – 1,1 пайызға және Нұрада – 0,4 пайызға.
2016 жылдың басындағы дерек бойынша әр 1000 ер адамға шаққандағы әйелдер саны 1112 адам болған. Мұны әрі қарай тереңдете түссек, 30 жасқа дейінгі жас тобында 1000 ер адамға – 966 қыз-келіншек, ал, 65 жастан асқандар тобында 1000 ер-азаматқа 2003 әйел тиесілі болған. Сонымен қатар, облыстағы әйелдер қауымының орташа жас мөлшері 36,4 жасты құрайды, ерлер – 32,3 жас.
Туу кезінде күтілетін өмір сүру ұзақтығы әйел жынысты тұлғаларда – 75,1 жасты құраса, ерлерде – 65,2 жас. Демек, облыс бойынша орташа есеппен алғанда әйелдер ер адамдардан 9,9 жас артық өмір сүреді.
Біздің облыс аумағындағы әйелдерге жұмысбастылықтың жоғары деңгейі және кәсіби белсенділік тән. 2015 жылдың IV тоқсанындағы халықтың жұмыспен қамтылуын ішінара зерттеу нәтижелері экономикалық белсенді халықтың жалпы жиынтығында әйелдер үлесі 48,4 пайызды құраған немесе 355,2 мың адам.
Жұмыспен қамтылған жалпы халық көрсеткішінде әйелдер саны 47,8 пайызға, дәлірек айтсақ, 333,5 мың адамға жеткен. Олардың айтарлықтай басым саны жалдамалы қызметкерлер (90,6 пайыз) болып табылады, оның ішінде, білім беру және тәрбие саласында еңбек ететіндері – 20,4 пайыз, саудада – 16,9 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 10,3 пайыз және денсаулық сақтау саласында – 9,6 пайыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдердің айтарлықтай бөлігі –  ауыл шаруашылығы (39,1 пайыз) мен саудада (31,2 пайыз).
Еңбек ететін нәзік жандардың 48,3 пайызында жоғары және аяқталмаған жоғары, ал, 29,6 пайызының орта кәсіптік білімі бар. Әйелдердің жартысынан көбі (61,9 пайыз) алған дипломына сай мамандық бойынша жұмыс істейді, 6,3 пайызы қосымша қызмет атқарады.
Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері қатарында әйелдер 57,8 пайызды құрайды. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 26,3 пайызы - қыз-келіншектер.
Облыс көлемінде 2016 жылдың басында әрекет еткен заңды тұлғалардың (кәсіпорындар) 28,8 пайызын әйелдер басқарады. Осы ретте кәсіпорындар мен ұйымдардың бірінші басшылары болып табылатын әйелдер саны 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2 пайызға өсе түскенін айта кеткен жөн.
Статистикалық  деректер  әйел­дердің білім берудің орта және жоғары сатыларында оқумен айтарлықтай жоғары деңгейде қамтылғанын көрсетіп отыр. Айталық, студент қыздардың үлесі – 54,4 пайыз. Сонымен қатар, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі магистранттардың 62,9 пайызы – қырмызы қызғалдақтай қыздар қауымының өкілдері.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 267
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px