Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Қарағандылықтар қалтасынан қағылуда

Жәнібек Әлиман,

«Орталық Қазақстан»

Астана мен Алматыда коммуналдық төлемдер ақысын төлеуде біршама жеңілдіктер жасалған. Тұрмысқа керекті жылу, жарық көзі, ауыз су, газ, телефон, ақылы телевидение желісі, тағы да басқа коммуналдық төлемдердің басы біріктіріліп, екі-ақ түбіртекке (квитанция) жазылады. Ақшаңызды түбіртекте көрсетілген кез келген тиісті орынға немесе банкке апарып төлей бересіз. Есесіне, комиссияға (қызмет көрсеткен ақысына) екі түбіртекке, елу-елу теңгеден ғана ұстайды. Қарағандыда мұндай мүмкіндік түрі жоқ.

Кеншілер қаласында ай сайын пәтер басына каммуналдық ақының құны көрсетілген тоғыз-он түбіртектен келеді. Жекелеген банктер әр түбіртекке 75-100 теңге аралығында комиссия алады. Ақыр аяғы «Халық банктің» өзі сөйтеді. Мысалы, қоқыс шығарушылардың қызметі үшін ай сайын әр адамға 130 теңге қарастырылған. Берешек ақшаңыздың сомасы жеке түбіртек болып келгендіктен, бұның үстінен 75 теңге үстеме ақы қалдыруға тиіссіз. Еріксіз ызадан мырс етесің. Тілдей қағаз. Төлеп отырған ақшаңның жарты құнынан астамын комиссияға қалдыру деген... Қанаудың қарапайым үлгісі шығар. Бұл банктерге төлеген жағдайда. Сонда, әрқайсы байқатпай жүріп, жоқ дегенде қалтаңыздан 700-900 теңге ақшаңызды сыпырып алады.

Жүргізуші болып қызмет істейтін бір ағамыз көлігін техникалық байқаудан өткізіпті бірде. Сөйтсе, байқаусызда бір орынға тиісті соманың бес теңгесін кем төлеп қойса керек. Айналып соны төлеуге барса, 100 теңге ақшасын комиссияға ұстап қалыпты банк. Екі көзі төрт болыпты әлгі ағамның. Мәселе сіз мың теңге төлеп тұрып, жүз тиынды ақшаға санамайсыз. Теңге тиыннан деп қарамайсыз. Бұқараның қалтасына білдірмей түсіп, көпшілікті «сыпайы» тонаудың түрі осы емес пе? Халыққа жаны ашитын құзырлы орындар қайда? Әлде, коммуналдық төлемдер тізімін қос параққа сыйдырып жазу сонша ауыртпалық тудырды ма екен? Түсінеміз. Қазір жоғары технология мен электрондық ресурстардың аты бәйгеден келген дәуір ғой. Қағазды ақшаға айналдырудың тәсілі көп.

Егер, «Қазпоштаға» төлейтін болсаңыз, коммуналдық ақының комиссиясы 50 теңге. Бәрібір 500 теңгенің көлемінде шығынға ұшырайсыз. Әйтеуір, зейнеткерлерге бес теңгеден қойыпты қайырымды қазпошталықтар. Оған да тәубе. Ал, тиісті мекемелердің өзіне барып төлесеңіз, сізден комиссия сұрамайды. Есепшот хабарламасында белгіленген ақша сомасын төлеп кете барасыз. Алайда, әр мекеменің кеңсесі қаланың түкпір-түкпірінде, шашыраңқы орналасқан. Мысалы, «Қарағанды Жылудың» мекен-жайы Лободы көшесінің 35а ғимараты болса, «Алма ТВ» орталығы Ермеков көшесіндегі 35-ші үй. Ол үшін күллі Қарағандыны шарлап, табан тоздыруға тура келеді. Айналып келгенде, жолақы құнына жоғарыда көрсетілген шығыннан көп шықпаса, кем шықпайды. Қайда барсаң – Қорқыттың көрі...

Не керек, Қарағанды қаласының тұрғындары қарап отырып, қалтасынан қағылуда. Олар үшін коммуналдық төлемдердің тиімді тәсіліне көшу аулы алыс тұр. Түптің-түбінде барлық акционерлік қоғамдар мен компаниялар төлемдер қабылдаудың терминалдық жүйесіне ойысады. Қазірдің өзінде тең жартысы соған қарай бет алған. Әзірге заманауи әрі тиімді жол осы – терминалдық жүйе. Кейіннен комиссияға ұстайтын ақшасын қымбаттатып, бұл да құбылып шықпаса... Кім білсін?..

Қарағанды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 851
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px