Қараөткелге қазық қаққан - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қараөткелге қазық қаққан
1830 жылдың маусымында Қараөткел жеріне қазақ болыстарының делегаттары жиналып, дәл осы күні, Қазақстанның болашақ астанасы – Астана қаласының орнын жазбаша түрде мақұлдап, бекіткен болатын.
Өткенге көз тастап, Есіл өзеніне ел қонғаннан бастап, оның егемен Қазақстанның астанасына айналған сәтіне дейінгі тарихтың қатпарларына терең үңілсек.

Астана, Ақмола мен Целиноградтың тарихы тұрғысынан келгенде Ақмоланың тарихы әріде жатыр. Астананың маңайында қазақ халқының алғашқы конституциясы – «Жеті жарғыны» жасаған Тәуке ханның ордасы болған. Ол 1694 жылы ресейлік картаға енгізілген, оны Тәуке ханға Ресейден келген елшілер Федор Скибин мен Матвей Трошин сызған болатын.  Сол тұста Батыс Сібірде орыс қалаларының салынуына орай Ресей, Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы байланыстар кеңейе бастады.
Солтүстік Қазақстанды сипаттауда 1815-1816 жылдары Петропавл, Көкшетаудың әлі салынбаған Атбасар мен Ақмола аудандарын зерттеген тау-кен инженері И.Шангиннің үлесі зор.
Сонымен қатар, Қоқанға 1813-1814 жылдары жіберілген Жеке Сібір корпусының аудармашысы Филипп Назаровтың «Азияның орталық бөлігіндегі кейбір халықтар мен елді мекендер туралы жазбасы» қызығушылық тудырады. Есіл даласын кезген Ф.Назаров күнделік жазумен айналысыпты. Былай делінеді:
«Жолымыздан жаңылмас үшін біз көршілес қырғыздардың арасында шексіз құрмет пен билікке ие Копыт (Қарпық) болысының даңқты сұлтаны Құдайменденің (Сәмекенің немересі, Орта жүздің ханы) қай жерде мекендегенін сұрастырдық, бар үмітіміз одан сулы және қауіпсіз орындарды білетін жол нұсқаушыларды сұрап алу болды. Бізге ол Есіл өзенінің арғы жағында, Нұра өзенінің бойындағы Ақмола жерінде қоныстанған деген хабар келді.
Келесі күні біз Есілге қарай жол тартып, Құдайберген шатқалына қарай өзенді кешіп өтіп, сол жерде үш күн, үш түн түнедік. Ақбалық аулап, сонымен қоректендік. Керуенбасымен ақылдаса келе, бізге екі жол нұсқаушысын жіберіп, керуенмен бірге оның болысына кіру үшін Құдайменде сұлтанға елші жібердік. Құдайменде сұлтан бізге жолсерік ретінде өзінің ұлы Қоңырқұлжа (кейін Ақмола сыртқы округінің аға сұлтаны болады) мен немере інісі Бұлқайырды жіберді».
Бұл – Ақмола тарихының басында полковник Ф.Шубинмен бірге тұрған, Ақмола сыртқы округінің болашақ аға сұлтаны туралы алғашқы жазба болатын.
Іс жүзінде бәрі әкімшілік бөлінулерден басталды. 1822 жылы І Александр қол қойған жарғыға сәйкес Орта жүздің жері ішкі және сыртқы округтерге бөлінді. Олардың бірінің орталығы ретінде Ақмола таңдалды. 1824 жылы Қарқаралы және Көкшетау сыртқы округтері ашылды. Дәл осы кезде іс баяулады, оның себебі, қаржы көздерінің жеткіліксіздігі еді. Ақмоланы округ ретінде құру туралы бұйрықтың пайда болуы дәл сол уақытта тек әкімшілік саяси ғана емес, сонымен қатар, сауда-саттық себептерімен байланысты өзекті іс болып табылды. Сыртқы округтерді құру – жергілікті халықты орта Азия хандары мен қарақшылардың керуенге жасайтын  шабуылынан қорғады.
Өз округтерінің ашылуы кешігіп жатқандықтан Алтай, Қарпық және Қуандық болыстарының тұрғындары Қоңырқұлжа сұлтанның бастамасымен аталмыш орынға белгіленген сыртқы округтің ашылуы және бұл істің баршаға әділ әрі шыншыл адам ретінде белгілі Ф.Шубинге берілуі туралы өтінішпен жоғары жаққа жүгінді. Сұлтан мен оның қол астындағы үш болыс тұрғындарының өтініші қанағаттандырылып, округтің құрылуына 31 мың рубль бөлінді. Ұйымдастыру отрядының басшысы ретінде Ф.Шубин көмекшісі ретінде қатардағы жүзбасы Чириков тағайындалды. Құрамында картография бойынша мамандары бар 200 адамнан тұратын отряд және екі айға жететін қоры бар арбалы керуен Петропавлдан 28 мамыр күні жолға шықты. Новобишкуль бекінісіне аялдаған соң, отряд Қоңырқұлжа сұлтанның жазғы жайлауы – Ақмола мекеніне қарай бет алды.
Қазақтың ру басыларымен ұсынылған Қараөткелдегі жер телімі барынша қолайлы болып табылды. Шубин, осы жерде отрядтың басым бөлігін қалдырып, айналаны әрі қарай зерттеуді жалғастырды. Орта жүздің ірі рулары қоныстарының орталығында тұрған Ақмоланың стратегиялық орналасуы да пайдалы болып табылды.
Кейбір басылымдарда авторлар Ақмоланың құрылысы басталған күн ретінде жаңа күнтізбенің 1-шілдесін атайды, бірақ, Юлиан және Григориан күнтізбелерінің арасындағы 13 күн айырмашылықты естен шығармау қажет.
Болашақ астананың құрылысы өте баяу жүрді. Көбінесе, құрал-саймандар, материалдар, темір, шегелер мен шынылар жетіспей жатты. Мұның барлығы Петропавл мен Омбыдан тасымалданды. Отряд қазақ ауылдарын Орта Азия билеушілерінің шабуылдарынан, барымталардан қорғап, Петропавлдан Орта Азия арқылы Бетпақдалаға бет алған сауда керуендерінің қорғанысын қамтамасыз етті.
Округтің ашылуына дейін 2 жыл уақыт өтті. 1832 жылдың 9 қаңтарында император І Николай жаңа сыртқы округтің ашылуына рұқсат етті.
Генерал-губернатор Вельямино Омбыға өкімхат жолдады, онда:  «Есіл өзенінің бойындағы Қараөткел жерінде орналасқан Қоңырқұлжа сұлтанның қарамағындағы Қуандық және Қарпық болыстарының жаңа округін жедел түрде ашуды бұйырамын. Округтің ашылуы қырғыз халқының сенімін арқалаған тәжірибелі әрі ынталы шенеунік Шубинге тапсырылсын» деп бұйырылған.
Округтің ашылу салтанаты казармалардың маңайында өтті. Шубиннің Омбы облыстық басшысына жазған рапортында: «1832 жылдың 22 тамызында таң ертемен казарма алдында бар отряд жиналып, сап құрып, жаяу жүріп өтті» деп жазылған.
Сол маңайда алты қанат ақ ордалы киіз үй тігіліп, онда округтің кеңсесі орналасты, дәл осы жерде аға сұлтан мен кеңесшілер округ істерін ақылдасып отырды.
Іргелес жатқан ауылдардан келген жамағайынның алдында Қоңырқұлжа, болыс сұлтандары, старшиндар, қосшы билер бекітілген үлгіде ант қабылдады.
Салтанатты шараға орай ас беріліп, барлық келушілерге сыйлықтар таратылды. Жүлдесіне құнды сыйлықтар тігілген аламан бәйге өтіп, той үш күнге созылды. Ақмола округі ашылған уақытта оның аға сұлтаны болып, Сәмеке ханның немересі Қоңырқұлжа Құдаймендин сайланды. Сайлау туралы актіні сұлтандар – Бұлқайыр Сарин, Бике Құдаймендин, Жабағы Бөленов, Бура Құдаймендин, Нұралы Әбілқайыров мөрмен және ру таңбаларымен растады.  
Құдаймендин округті 1849 жылдың күзіне дейін басқарып, кейін оның орнына Ибрагим Жайықбаев таңдалды.
Кең даланың кіндігіндегі жаңа елді мекеннің негізі қаланып, құрылуында Қоңырқұлжа Құдаймендиннің ролі ерекше. Сонымен бірге, ол округтегі әкімшілік және сот билігін жүзеге асырды. Ақмоланың алғашқы маңызды ғимараты ретінде округтік приказдың әкімшілік ғимаратын (қазіргі Конгресс-холл орнында), өз қаражатына салынған мешітті атауға болады.
Сұлтан сонымен қатар, құрылыс кезінде орын алған жалған ақпараттармен күресті. 1834 жылы Санкт-Петербургте І Николайдың қабылдауында болған Қоңырқұлжа Құдаймендин қазақ жеріне қатысты патша билігі кепілдіктерінің қажеттілігі, қазақтарды рекруттық жазадан босату туралы сөз қозғады. Соның нәтижесінде, Қоңырқұлжаға Сібір қырғыздарын (қазақтарын) рекруттен мәңгілік босату туралы куәлік қағазы берілді. Қоңырқұлжа Құдаймендиннің бұл өтініші 70 жыл өткен соң, 1905 жылы І Мемлекеттік Думада Дала өлкесінен келген депутат Әлихан Бөкейхановтың сөз сөйлеуіне негіз болды.
Ақмоланың аға сұлтаны 71 жыл өмір сүріп, 1865 жылы 22 тамызда өз үйінде дүние салды. Оған сол уақытта Ақмолаға келген Бас штабтың генералы, Шоқан Уәлихановтың досы Александр Гейнестің күнделігіне жазылған жазбалары куә бола алады.
1832 жылы тамызда Ақмола сыртқы округінде 3576 қазақ ауылын құрайтын 18254 киіз үй қоныстанды. Онда 70 961 ер адам және 60 301 әйел адам,  Ақмола приказында 313 адам өмір сүрді.
Халықтың таңдауымен, Қоңырқұлжа 1832 жылы Ақмола округінің аға сұлтаны болып сайланды, 1833 жылы подполковник шенін иеленді, депутат кезінде алмасты медальмен және 5000 рубль ақшамен марапатталған. Өзінің мәртебелі қызметін жалғастыруға қабілетті, шенінің жоғарылауына лайық.

Валерий ИЛЬИН,
өлкетанушы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 322
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px