Ардагерді ардақтайық - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ардагерді ардақтайық
Қарағанды қаласының байырғы тұрғындары ардақты ардагер, Ұлы Отан соғысына қатысқан, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Тиішбек Ахановты өте жақсы біледі. Ол кісі әрқашан қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Кейіннен республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атағымен демалысқа шыққан соң да әртүрлі кездесулерде, беделді мәжілістерде болсын ардагерге әрқашан төрден орын берілетін.
Бүкіл өмірі осы қаламен байланысты болған Тиішбек Аханұлы Қарағанды мен облысымыздың өркендеп өсуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Осы Қарағандыда туған ол еңбекке жастайынан араласады. Өйткені, әкесі Ахан жұмысшы болған, осы Қарағанды қаласының іргетасын қалауға белсене атсалысқан адам екен.
Егер, ол кісінің өмір жолына көз жүгіртсеңіз – бала жастан ФЗО-ға оқуға түсіп, одан соң 1941 жылы Киров ауданында еңбек жолын бастайды. Әуелі «Кировуголь» тресіне қарасты №31-бис шахтасында электровоз машинисінің көмекшісі, одан соң машинист болып жүргенде соғыс басталады да, 1942 жылдың қыркүйек айында, 18 жасында әскерге алынып, соғысқа аттанады. Орталық майданның 316-шы дивизиясының 953-ші атқыштар полкінің құрамында қырғынға кіріп, қан кешеді. Сөйтіп жүріп Калинин, Ржев, Торопец, Вликие Луки, Холм, Новосокольники және басқа да қалаларды неміс басқыншыларынан азат етуге қатысады. Жан алысып, жан беріскен шайқастардың бірінде аяғынан ауыр жарақат алып, елге оралады. Ауыр еңбекке жарамсыз болғандықтан, келісімен Қарағанды мұғалімдер институтына түсіп, оны бітірген соң 1945 жылы Қарағанды облыстық халыққа білім беру бөлімінде инспектор, одан соң №2 орта мектепте директор болып қызмет атқарады. Осы жылдарда ол өзін еңбекқорлығымен және тиянақтылығымен көрсете біліп, қызметінде жоғарылауға жол ашады. Енді оның партия және кеңес органдарындағы қызмет жолдары басталады.
Тиішекең көп жыл бойы Қарағанды облыстық комсомол комитетінде хатшы болады, одан соң Қарағанды қалалық партия комитетінде кадрлармен жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін абыройлы атқарады. Мұнда ол жастарды оқыту және тәрбиелеуде, жас жеткіншектерді өз бетімен өмір сүруге үйретуде ауқымды жұмыстар атқарады.
Бұдан кейінгі өмірінде Киров және Ленин аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған кезінде қаланың және Қарағанды көмір бассейнінің дамуына ерекше үлес қосты. Қарқаралы ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы да болды. Қырық жылға жуық уақыт халық депутаттары Қарағанды қалалық және облыстық Кеңесінің депутаты болып сайланған кездерінде де халықтың мүддесін, сайлаушылардың сауалдарын әрқашан жоғары қоя білгендіктен, облыста да, республикада да ұдайы беделге ие болған еді.
Тиішекең қандай қызметте болса да өзінің ұйымдастырушылық, жұмылдыра білушілік қабілетімен көрінді. Адамдарды көптеген міндеттерді, әсіресе әлеуметтік мәселелерді шешуге жігерлендіріп отырды. Бесжылдық жоспарларды қарау және бюджеттік қаражат бөлу кезінде республикалық органдар алдында облыстың, Қарағанды мен Теміртау қалаларының даму мүдделерін белсенді түрде қорғай білді.
Тиішбек Аханұлы кезінде облыс басшылары Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовпен, Қали Әлібек-     ұлы Аманбаевпен, облыстық сауда басқармасының бастығы Мұқыш Әбілевпен, генерал-майор Бәрімбек Бейсеновпен, Қарағанды қаласының құрметті азаматы, қаланың іргетасын қалаушылар – Жұма Серғазинмен және Әкім Серіковпен жақсы араласып, қатар жүрді, Мұқан Медеубаевпен сыйлас құда болды.
Сұлтан Қапарұлы ағамыз Тиішбек Аханұлының облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып он бір жыл бойы үзбей қызмет атқарған кезінде зор ұйымдастырушылық қабілет танытқандығын ерекше атап өтті. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында көмір шахталарының және шахта құрылысын салатын ұйымдардың дамуына және олардың қуаттарының арта түсуіне, көмір бассейнін дамытуға ерекше көңіл бөлгендігін, қызметтің қай саласын болсын зор ынтамен атқарғандығын, оның еңбегінің қай жағынан болсын кейінгі жастарға үлгі болғандығын әңгімелеп берді.
Ал, соғыс және бейбіт еңбек ардагері Камали Дүйсембеков пен облыс прокуратура саласының ардагері Қазкен Мүслімов ағаларымыз ол кісінің аңшылық, саятшылық қасиеттеріне тоқталды. Ол кісілер аңға шыққанда Тиішбек Аханұлының қасқырдың арланын жалғыз оқпен қалай сұлатқанын, жабайы қаздарды қалай баудай түсіргенін, құралайды көзге атқан мергендігін, мұз астынан балық аулаудың ерекше шебері екендігін рахаттана суреттейді. Тиішекеңнің табиғатты қалай сүйетіндігін, орманды, таулы, өзенді алқаптардың өзіндік ерекшеліктерін өте жақсы білетіндігі өз алдына бөлек әңгіме екен. Отырған жерінде әзіл-қалжыңның тиегін ағытып, елдің көңілді болуына көп назар аударған. «Тиішекеңнің бір нәрсеге ренжігенін өмірі көрмеген екенбіз, – дейді ол кісілер. – Өзінің туғанындай сыйлады. Біз де ол кісіні қатты құрметтедік».
Оның Ишан деген інісі болған еді. Сол үшеуіміз 4-5 жасар кезімізде балалар бақшасында бірге болдық. Ол бізге әрқашан қамқор болып жүретін. Кейіннен мен Шет ауданында қызмет істеп жүргенімде ол кісі қатты көмек көрсетті. Ауданның қайтадан құрылған кезі еді. Облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары ретінде аудан басында 30-40 орындық қонақ үй, тойхана, тұтыну одағының кеңсесін, сауда орталығын салу сияқты құрылыстарға көп көмегін тигізді. Әттең жары Күлшен ерте қайтыс болып кетті. Ол кісінің қайғысы оңай болмады, көп қиындық көрді, - деп еске алады Камали Жұматайұлы.
Тағы бір айта кететін мәселе бар. Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған Бәйкен Әшімов Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысқан кезінде бұл кісіні облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне шақырған екен. Бірақ, Тиішекең туған жерін қимайтындығын, өзінің Қарағандысын тастап ешқайда кеткісі келмейтіндігін айтып, ондай лауазымды қызметтен бас тартқан. Бұл да Тиішбек Аханов ағамыздың өзінің тамыр жайған туған жерін қалай қадірлейтіндігін, оны қалай жақсы көретіндігін, одан алысқа ұзағысы келмейтіндігін айғақтайтын бір дәлел болса керек.
Тиішбек Аханұлы өзінің құдай қосқан қосағы Күлшен жеңгей екеуі алты ұл өсіріп тәрбиелеген. Олардың біреуі әскер қатарында борышын өтеу кезінде қызмет үстінде қаза тауыпты. Одан кейін екі бала бақиға аттаныпты. Бұл күнде қалған үшеуі аман-есен, жоғары білім алған, тәрбиелі азаматтар болып, адал қызмет атқаруда.
Өзінің туған қаласы мен Қарағанды облысын дамытуға, оның көркеюіне және қаланың қоғамдық өмірі мен жас ұрпақ тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін Тиішбек Аханұлы талай жоғары марапаттарға ие болды. Ол оннан астам Құрмет грамотасын алған болса, соның ішінде тоғызы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінікі екен. Қан майдандағы ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған, кейінгі жылдары бейбіт еңбектегі табыстары үшін «Құрмет Белгісі» орденін омырауына қадаған. Қазақстанның егемендігі жылдарында оған «Достық», «Парасат» ордендері қосылды. Жалпы алғанда, Тиішекең КСРО-ның 12 медалімен марапатталған екен.
Қаламыз бен облысымызға осыншама еңбек сіңірген қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының және бейбіт еңбектің ардагері Тиішбек Ахановтың есімі әрқашан есте сақталуға тиіс. Ол үшін өзі еңбек еткен, оның дамуына зор үлес қосқан Қарағанды қаласының бір көшесі Қарағандының Құрметті азаматы Тиішбек Аханов атымен аталса деген ойымыз бар. Ол келешек ұрпақты өзінің туған жерін сүюге баулитын, патриоттық сезімін дамытатын ерекше бір оқиға және тәрбиелік мәні зор игі шара болар еді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қазақстанның Мәдениет
қайраткері.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 459
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px