Ғарышкерлерді қарсы алды - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»


Кеше Халықаралық ғарыш стансасының «Союз ТМА-18м» кемесінің экипажы жерге аман-есен оралды. Ғарыш кемесінен бөлінген аппарат Жезқазған қаласынан 147 шақырым жерге қонды.  Ресей ғарышкері Михаил Корниенко мен АҚШ астронавы Скотт Келли ғарышта 340 тәулік болып, бір жылға жуық сапар шексе, экипаж командирі Сергей Волков орбитада 182 күн, яғни, жарты жыл жұмыс істеді.

Көк қырандарын Жезқазған жерінде еліміздің екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев пен осы экипаж құрамында болған  ұшқыш-инженер, Халық қаҺарманы Айдын Айымбетов қарсы алды. Әуежай басында Ресей және Қазақстан ғарыш агенттігі мамандары, қала басшылары және БАҚ өкілдері қатысқан салтанатты шара өткізілді. Қазақтың ұлттық киімін киген қыздарымыз қазақ жеріне табаны жаңа ғана тиген батыр қырандарды ежелгі дәстүрмен бауырсақ, жент, қаймақ сияқты дәм-тұзын ұсынып, ықыласпен қарсы алды. Облыс әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов қонақтарға ізгі лебізін білдіріп құттықтады. Сөз кезегін алған батыр ұланымыз Талғат Мұсабаев үлкен бағдарламаны іске асырып, қазақ жеріне аман-сау оралған әріптестерін құттықтай келіп, бұл әлемдік ғарыштағы ең ұзақ ұшу болғандығын атап айтты. Мұндай ұзақ сапар осыдан 20 жылдай бұрын Ресейдің «Мир» ғарыш стансасында жүзеге асқан екен. Сонымен қатар, бұл жолғы ғылыми зерттеулердің маңызы айрықша болып отыр. Бұл зерттеулер, сәтін салса, адамзаттың Марс планетасына ұшуына негіз болмақшы.
Осындай аса зор іс тындырып қайтқан экипаж командирі Сергей Волков Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен екінші дәрежелі «Дос­тық» орденімен марапатталды. Жезқазғандағы салтанатты қар­сы алу шарасында ғарышкерге «Достық» ордені генерал-майор Т.Мұсабаевтың қолымен тапсырылды. С. Волков мұндай үлкен марапат үшін қазақ еліне алғыс сезімін білдірді. Жезқазған қаласының әкімі Б. Ахметов ғарышкерлердің иығына шапан жауып, естелік сыйлық ұсынды, құрмет көрсетті.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 283
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px