Қасірет ошағы – Қарлаг - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Қасірет ошағы – Қарлаг

Қазақстан тарихында әлі толық зерттелмеген ақтаңдақтар аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – талай құпияны бүгіп жатқан ҚарЛаг. Бүгін біз жазықсыз жапа шеккен талай тағдырға куә болған ҚарЛаг-тың көлеңкелі тұстарына сәуле түсіру мақсатымен Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайы директорының орынбасары Ібірахим ІсләмовтІң әңгімесін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

ҚарЛаг орналасқан жердің қазақша атауы – Қоңыртөбе. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қарағандыда көмір өндіру қарқын ала бастады. Бассейн кеншілерін азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында 1930 жылы үкімет қаулысымен «Гигант» совхозы ұйымдастырылады. Байлардың тәркіленген малдары осында жинақталады. Осы жерді мекен еткен алты мыңға жуық отбасы таяу маңдағы аудандарға көшіріліп, мұнда тегін күш – тұтқындар әкеліне бастайды. Сөйтіп, «Гигант» совхозының негізінде 1931 жылы ҚарЛаг ұйымдастырады.

ҚарЛагты мемлекет ішіндегі мемлекет деп атаған. Өйткені, өзінің күзеті, ішкі әскері, өзінің соты, прокуратурасы, тіпті, өзінің баспаханасы болған. Тікелей Мәскеуге бағынған. Облыс басшыларының ҚарЛаг әкімшілігіне ешқандай ықпалы болмаған.

Мұнда есімі Одаққа ғана емес, әлемге әйгілі Чижевский, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың иегері Вячеслав Пустовойт, қазақтың ақбас сиыры тұқымын шығарған Анна Ланина, егіншілік пен мал шаруашылығы саласын дамытуға қатысты көп зерттеулер жүргізген ағайынды Игорь және Борис Фортуновтар, тағы басқа да атақты ғалымдар отырған. Өздерінің ірі ғылыми-зерттеу станциясы болған. Олар дәнді-дақылдардың 33, жеміс ағаштарының сексеннен астам сұрыпын шығарған.

Кей жылдары ҚарЛагта 65 мыңға дейін адам жазасын өтеген. Солардың күшімен ірі үш суландыру жүйесі жасалынған. Біреуі – Самарқан су қоймасы маңында, екіншісі – Жартас су қоймасы маңында, үшіншісі – Кеңгір су қоймасы маңында. Шаруашылықтар қазір де осы су қоймаларының игілігін көріп отыр.

ҚарЛагта 58-бап бойынша сотталған саяси тұтқындар, мемлекет мүлкін талан-таражға салғандар және кәнігі қылмыскерлер отырған.

Жалпы ҚарЛаг сүзгісінен бір миллионнан астам адам өткен. Біздің қолымыздағы мәлімет бойынша 1930-1943 жылдар аралығында олардың 3026-сы осында атылған. Атылғандардың тізімінен 588 қазақ есімін ұшыраттық. Осы тізімде Сәкеннің әкесі Сейфолла Оспанов та бар. Сейфолла Жаңаарқа ауданындағы Киров колхозының колхозшысы болып жүргенде 1937 жылы ұсталып, сол жылы желтоқсанның 8-і күні үштіктің үкімімен атылған. Ол кісімен бірге кезінде республиканың бас прокуроры болған Жанайдар Сәдуақасовтың әкесі Сәдуақас Жалмаханов та атылған.

Атақты Алжир Ақмоланың түбіндегі Малиновка ауылына орналасқан. Алжир-ден әйелдерді топ-тобымен әкеліп, ҚарЛАГ-тың қара жұмысына салады екен. Олар жер өңдейді, көкөністі баптап жинайды, мал шаруашылығы саласында еңбек етеді. Жәйремдегі қызыл мешіттің бас имамы міндетін атқарған, сауаты болғандықтан ҚарЛагтың жоспарлау бөлімінде істеген Темешәлі Барболов ақсақал өз естелігінде кезікті бір топтың арасынан Жанайдар Сәдуақасовтың зайыбы Елизавета Александровна (Әлиханқызы) және мемлекет қайраткері Құрамысовтың зайыбын кезектіргенін айтады. Темешәлі ақсақал сұрыптау комиссиясының мүшесі екен. Қарындары тоқ болады ғой деген оймен асыл азаматтардың зайыптарын мал шаруашылығында еңбек етуге бөліпті.

ҚарЛагта Сергей Есениннің баласы да отырған. Ол биыл жүзге таяп, Американың Бостон қаласында қайтыс болды.

ҚарЛаг 1953 жылдан бастап тарай бастады. Ал 1959 жылы мыңдаған тағдырдың тамырына балта шапқан қасірет апаны мүлде жабылды. Абай ауданының маңындағы елді мекендердің барлығы ҚарЛагтың бөлімшелері болған ғой. ҚарЛаг жұмысын тоқтатқан соң тұтқындардың көпшілігі өз елдеріне қайтты, біразы осында тұрақтап қалды. Тірі жүргендердің арасында Минзак есімді ақсақал бар. Қарабаста тұрады.

Тесуро Ахико есімді жапондық Ақтаста тұрады. Тесуро Ахико 15 жасқа толғанда әкесі бір аралдағы әскери ұшқыштар даярлайтын мектепке қайықпен апарып тастайды. Ол екі ортада соғыс басталады да, мұғалімдер балаларды тастап, қашып кетеді. Ахико әкесін күтіп сонда қалып қояды. Кеңес әскерлері келгенде қолында еш құжаты жоқ 15 жастағы баланы НКВД-нің қолына тапсырады. Содан Ахико Спасскіден бір-ақ шығады. Соғыс аяқталып, келісім-шарт бойынша әскери тұтқындар қайтарылғанда қолында әскери тұтқын деген қағазы жоқ Тесуро тізімге ілікпей қалады. Қазақтардың меймандостығы, қайырымдылығы арқасында аш болмайды, жұмысқа ілігеді. Краузе есімді неміс қызына үйленеді. Қазір жасы тоқсанға жуықтап қалған ақсақалдың екі баласы, немерелері бар. Қазақстанды өзімнің екінші Отаным деп есептейді.

Біздің мұражай 2001 жылы 31 мамыр күні ашылған. Мұражай ҚарЛагтың кеңсесі болған екі қабатты ғимаратта орналасқан. Жертөлесінде тағы да бірнеше бөлме бар. 40-тан астам адам еңбек етеді. 17 экспозициялық зал жұмыс істейді. Биыл Спасскіге және Алжирге байланысты екі зал ашуды жоспарлап отырмыз. Үш бөлім бар. Соның негізгісі – өзім жетекшілік ететін ғылыми-зерттеу бөлімі.

Бізге жыл сайын 20 мыңнан астам адам келіп, мұражайдағы жәдігерлермен танысады. Былтыр 56 елден 600-ге жуық адам болып қайтты.

Мамандарымыз келушілерді әр жәдігердің тарихымен таныстырады. ҚарЛаг тұтқындарының естеліктерін ұсынады. Олардың кейінгі тағдырлары жөнінде әңгімелейді.

Таяуда бірнеше жыл Дария кентінде отырған абайтанушы Қайым Мұхаметқановтың өмір жолына арналған семинар-айлық өткіздік. Көрме ұйымдастырдық. Жыл басында ҚарЛаг тұтқыны, бүгінде жасы жүзге таяп қалған Минзак туралы деректі фильм түсірдік.

Біздің қолымызда ҚарЛаг жөніндегі 1943 жылға дейінгі мәліметтер ғана бар. Қалған құжаттар қауіпсіздік комитетінің мұрағатында жатуы мүмкін. Жалпы ҚарЛагқа қатысты ашылмаған құпиялар жетерлік. Өткен ғасыр қойнауына көмілген ақиқатты аршып алуға ниет білдіретін зерттеушілер табылып жатса, біздің көмегіміз әзір.


Әңгімені жазып алған

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 295
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px