Қасірет шеккен қайсар жандар - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Қасірет шеккен қайсар жандар
Осыдан отыз жыл бұрын Украинадағы Чернобыль атом станциясы жарылды. Жаһан жұрты бүкіл әлемді дүр сілкіндірген сол алапат апат зардабын әлі күнге дейін тартып келеді.
Бұл күндері сол апаттың басы-қасында болып, сонда жұмыс істеген азаматтардың дені бақиға аттанып кетті. Тепсе, темір үзетін жиырма-отыз жас аралығында Чернобыльге барған жас жігіттердің өмірлері ұзаққа созылмады. Себебі, біздің жасақ жарылған 4-інші блоктың тура жанында жұмыс істеді.
Бұрынғы Жезқазған облысынан аттанғандардың барлығы әскери борышын өтеп келіп, қайта шақырылған азаматтар еді. Бізді 1987 жылы Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Қаражал қалалары мен Ақтоғай ауданынан шақыртып алды. Екі жүзге тарта адамды 16 шілдеде күзетпен қоршап әкеліп, пойызға мінгізіп, әскери киіндіріп, аттандырды. Қайда бара жатқанымызды ешкім түсіндіріп жатпады.  
Тамыздың 3-інші жұлдызында Киев қаласына жеттік. Вокзалдан әскери адамдар күтіп алды. Әр аумаққа бөліп әкетті. Бізді, яғни, елу шақты адамды «Зеленый Мыс» деген кентке алып келді. Түстің кезінде келген біз сол жерде сағат 23.00-ге дейін округ командирін күттік. Командир келген соң, әскери бөлімдерге бөлді. Марат, Серік, Нұрқанат, тағы басқа азаматтар Ленинград әскери округінің 93605 әскери бөліміне түстік. Бөлімге келген соң, рота командирі Г.Иванов апатты жерде жұмыс істеу жолдарын түсіндіріп, бізді тура 4-інші энергоблокқа аттандырды. Бұл блок – нағыз апат орын алған жер еді.
Атом станциясы үш аймаққа бөлінді. Біріншісі – ерекше аймақ. Станцияның негізгі өндірістік алаңы. Екіншісі – 10 шақырымдық аймақ. Үшіншісі – 30 шақырымдық аймақ. Отыз адам «ерекше аймақта» болдық.
Киевтен келген автобусты Чернобыльде ауыстырып берді. Себебі, біз мініп келген автобус таза болып есептеледі екен. Қоймадан 10-15 жәшік «Сарыағаш» пен «Ессентуки» минералды суларын алып, елді мекеннен 10 шақырым жердегі 4-ші энергоблогқа  бардық, Ол жерде «таза» әскери киімдерімізді шешіп, радиация өткізбейтін киімдерді кидік. Жұмысымыз сол, блоктың айналасында, 100 метр аумақта жарылыстан ұшқан сынықтарды жинаймыз. 1-2 минуттан артық жүруге болмайды. Блоктың жанында «таза жер» деген орын бар. Сонда отырамыз. Алайда, атом станциясы жарылған жерде қайдан таза жер болсын. Тек, радиация шамалы ғана төмен шығар, кім біліпті... Бізді сол жердегілер «биоробот» деп атады. Алты ай осы блокта жүрдік.
Бүгінде сол «ерекше аймақта» болған  адамдардан саусақпен санарлықтай ғана қалды. «Жоқ» деп айтуға да болады. Сөз реті келгенде айтайын дегенім, Чернобыльде болған жандарға қатысты мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жәрдемақыға көпшілігіміздің көңіліміз толмайды. Біз ТМД елдерінің ардагерлерімен тығыз жұмыс істедік. Мәселен, Ресейде Чернобылде болған азаматтар батыр ретінде құрметтеледі. Оларда Чернобыльде болғандарды жұмыс істеген аймақтары бойынша ерекшелейді. Ал, бізде бұл жұмыстар атқарылмайды. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген. Бізде Чернобыльден 100 шақырым жерде болғандар да, апаттың нақты орнында болғандар да бірдей қарастырылады. Бұл, әрине, менің қызғанып, көреалмаушылықтан туған ойым емес. Тек, әділдік болса екен деймін. Себебі, сол 4-інші энергоблокта болған азаматтардың барлығы дерлік бала-шағасының, немерелерінің қызығын көре алмай кетті. Сондықтан, бұл азаматтарға лайықты құрмет көрсетіліп, тиісті жәрдемақылары көбейтілсе екен деген тілегім бар.
Мейрамбек БАЕКЕНОВ,
Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысушы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 115
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px