«Астана келбеті – ұлт келбеті!» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Жуырда Қарағанды мемлекеттік индустриялық универ­ситетінде Теміртау қаласының әкімі Ғалым ӘШІМОВТІҢ қатысуымен «Астана келбеті – ұлт келбеті!» атты Астана күніне арналған салтанатты шара өтті.

Ұйымдастырушылардың тыңғы­лық­ты дайындалғандары көрініп-ақ тұр.Университет алаңы мерекеге сай безендіріліпті. Кіре берістің сол жағында металлургтерге арналған символикалық монумент, оң жағында қала тұрғындарының елордамызға деген тілек-лебіздері жазылған «Астана» ағашы орналасыпты. Холда теміртаулықтардың Астана туралы түсірген суреттерінен көрме. Таңданысымызды жасыра алмаған қалпы білім ордасының табалдырығын аттап, үлкен залға оздық.

Шараға қатысушылар қатарында осы университеттің 1971 жылғы түлегі, Ресей Федерациясының қаржылық-өнеркәсіптік топ қауымдастығының президенті, тауар жасаушылар ке­ңесінің төрағасы Олег Сосковец, Елбасы қанаттастары – Теміртау қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің кавалері Қуаныш Омашев, «Құрмет» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің кавалері, университеттің 1967 жылғы түлегі Тоқтархан Ысқақов, «Құрмет» және «Еңбек даңқы» ордендерінің кавалері, университеттің 1967 жылғы түлегі Ермек Төлеубаев, «Құрмет» және 3-дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің кавалері, университеттің 1967 жылғы түлегі Виктор Никонов, «Құрмет» орденінің кавалері, қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Нина Вахитова, Ресей Федерациясының қаржылық-өнеркәсіптік топ қауымдастығының вице-президенті, университеттің 1973 жылғы түлегі Владимир Старобыховский болды.

Мерекелік жиын Президентіміздің «Город мой» атты авторлық әнімен ашылды. Тамаша туындыны тамылжыта орындай білген Т.Сыздықов көпшілік көрерменнің көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды. Елордамыз еңсесін тіктегеніне 18 жыл толған шақта атаулы күннің артықшылығын қала әкімі де тілге тиек етті.

– Бұл біздің әрқайсымыз үшін айрықша күн. Астана тарихы – Тәуелсіз Қазақстанның ең жарқын беттерінің бірі және де бұл тарих біздің көз алдымызда қалыптасты. 18 жылдың ішінде Астана барлық посткеңестік кеңістікте еліміздің қуатты қарымын көрсеткен ауқымды жоба болып саналады. Қазақстанның жас астанасы ҚР Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы зор жетістігі және төл туындысы деп толық айтуға болады. Сіздерді Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын, барлықтарыңызға татулық, бір­лік, жақсылық және Отанымыз Қазақстанның игілігі жолындағы игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, – деді Ғалым Әшімов.

Сөз соңында қала әкімі қадірлі меймандарға сый-сияпат жасап, Елбасы қанаттастары «Песня о тревожной молодости» атты Президентіміздің сүйікті әндерінің бірін қосыла шырқады. Әсерлі әннің жалғасы сарабдал сөзге ұласып, сахнаға көтерілген білім ордасының басшысы маңызды күннің мәнісін одан сайын аша түсті.

– Бүгін біз сүйікті де сұлу Астана­мыздың күнін мерекелеп жатырмыз. Себебі, Астана ел жетістіктерінің ең жарқын көрінісі десе де болады. Сондықтан, дәл осы күні салтанатты марапаттау рәсімін өткізсек деп тұрмыз. Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар! Бүгін біздің университетіміздің өмірінде аса маңызды оқиға орын алып отыр. Қарағанды қаласындағы ғылым кеңестің, біздің университетіміздегі ғылыми кеңестің шешімімен атақты түлегіміз, көрнекті мемлекет қайраткері, ірі басшы Олег Сосковецке Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің «Құрметті профессоры» атағын беру және төсбелгімен марапаттау туралы шешім қабылданды, – деді Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Ибатов.

Олег Сосковец Теміртау қала­сындағы Қарағанды металлургиялық комбинатында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп, №2 қаңылтыр жасау цехында қызметін қақтаушы болып бастап, комбинаттың бас директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Кейін мемлекеттік ең жоғарғы лауазымдарда қызмет етіп, КСРО-ның металлургия министрі, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР өндіріс министрі, Ресей Федерациясы Үкіметінің бірінші вице-премьері болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Достық» және «Барыс» ордендерінің кавалері атанды. Олег Николаевичке «Құрметті профессор» атағымен қатар Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің дамуы мен гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін арнайы төсбелгі табыс етілді.

– Қымбатты достар! Кеудемді кернеген сезімдердің барлығын айтып-жеткізу мүмкін емес. Көрсеткен құрметтеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Сіздер бұл университеттің іргесін бекіте отырып, Қазақстандағы қоғамның заманауи дамуына ықпал етесіздер. Бұл университет ғылыми қоғамдастықта зор беделге ие. Мен бүгін ғұмырымда еткен еңбектерімнің ескерілгеніне куә болып отырмын, – деді Олег Сосковец.

Бұдан кейін Құрметті профессор мен университет ректоры 2016 жылы оқуын тәмамдаған 22 түлекке айрықша үлгідегі дипломдар табыс етті. Шара соңында жиыннан тарқасқан көрермендерді холда Президентіміз жіберген дәстүрлі мерекелік торт күтіп тұрды.

ТЕМІРТАУ қаласы.

 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 788
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px