Атамыз сыйлаған ашық аспан - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Атамыз сыйлаған ашық аспан
Жеңіс күні – біздің ғана емес, әр отбасында ерекше мән берілетін мереке. Әбілхан атаның сұрапыл соғыстағы ерлігі мен бейбіт замандағы ерен еңбегі – біздің жадымызда. Атамыз жарықтық әрдайым «осы күнге тәубе, шүкіршілік, ел аман, жұрт тыныш болсын» деген сөзді жиі айтып отырушы еді...
Әбілхан Аханов 1923 жылдың 22 сәуірінде  Нұра ауданы, Көбетей ауылындағы қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келген. Әскер қатарына 1939 жылы мамыр айында алынады. Ақмолада 3 ай дайындық курсынан өтіп, Брестке аттанады. Ол соғыстың ауыртпалығын он сегізден енді асқан бозбала кезінде өткерді. Тарихта «Брест қамалы» болып қалған қаланы қорғау ұрыстарында үнемі алғы шепте болған. Бейбіт заманда «соғыс» сөзін көп айта қоймайды екен. Есесіне адами ұстанымдарға қатысты тақырыптық әнгімелер айтқанды ұнатса керек.
Брест шайқасынан кейін 2-Украина майданында болып, жауынгерлік батыл әрекеттері үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерін алған. Еуропа елдерін неміс фашистерінің бұғауынан босату операцияларына қатысып, азат ету медальдарымен марапатталған. Әсіресе, Варшавада бірге болған қарулас достарын есіне жиі түсіретін. Майдангер атамыз Ұлы Жеңістен кейін біршама уақыт әскер қатарында қалдырылады. Ойрандалған батыс аймақтарды қайта қалпына келтіру шараларына қатысып, елге 1946 жылы оралады. Содан жүргізушілік кәсіпті меңгеріп, Орталық және Черниговка колхоздарында еңбек еткен. Тың көтерушілер қатарында болған. Еселі еңбегінің өтеуіне 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін алған. Бірнеше мәрте Жоғарғы Совет Президиумының грамоталарымен марапатталған. Уақыт өте келе жұмысын Балықтыкөл совхозында жалғастырып, мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан. 1980 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан.
Бақытты келешек үшін қанын да,  жанын да аямаған қаһарман жауынгерлердің есімдері бүгінгі ұрпаққа ашық аспан сыйлаған батырлар ретінде жадымызда жаңғыра берері хақ.

Шынар ОРАЗБЕКОВА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 168
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px