Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.11.2017
Екі ай ішінде елімізде онкологиялық көмек көрсетуді дамыту бағдарламасы әзірленуі тиіс. Елбасы Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында Үкіметке осындай міндет тапсырды. Ел арасында «жаман ауру» аталып кеткен қатерлі ісіктен жылына елімізде 17 мыңнан аса адам көз жұмады. Облыс тұрғындарының, шамамен 1200-і жыл сайын қатерлі ісік құрбанына айналады.
Медицинаның заманауи емдеу қондырғыларын пайдаланып, озық технологияларды игеруі нәтижесінде соңғы 5 жылда онкологиялық аурулар көрсеткішінің біршама тұрақталғанынан байқауға болады. Дегенмен, бізге бұл жетістік емес. Болмауы да керек.
Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, жыл сайын 30 мыңдай қазақстандық қатерлі ісікпен есепке алынады. Ал, әлемде 10 млн. адам сырқаттар санын толықтырады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 145 мың адам онкологиялық тіркеуде тұр дейді ресми мәлімет. Ал облыс көлемінде 18 400 адам онкологиялық есепте.
Осы және басқа да мәселелер бойынша облыстың онкологиялық диспансерінің директоры Мұратбек Жұмақаевпен сұхбаттасқан едік.
– Өткен жылы 3342 адам тіркелді, -деп бастады әңгіме басын Мұратбек Дәулетханұлы. – Қазіргі таңда онко­логиялық аурулардың ішінде тері рагы (100 мыңға шаққанда 21 адамда кездеседі) жиі ұшырасады. Сосын сүт бездері және өкпе қатерлі ісігінен кейін асқазан қатерлі жарасы, бесінші орында тоқ-тік ішек рагы кездеседі. Өкпе және сүт бездері ісіктері алдыңғы қатарда болатын бұрын. Қазір Еуропада тері рагымен 100 мың адамға шаққанда 500 адам ауырады.
– Канцерогендер қатарына не кіреді?
 –. Канцер латын тілінде «қатерлі ісік» деген мағына берсе, генез – «тудыру» дегенді білдіреді. Неғұрлым үлкен урбанизация, нашар экология қатерлі ісікті тудыруы мүмкін. Канцерогендер зауыт түтіндерінде, бояғыш заттарда көп кездеседі. Мәселен, бояғыш заттар қуық қатерлі ісігін тудыруы мүмкін, себебі, олардың барлығы  сыртқа бүйрек түтікшелері арқылы шығады. Темекі, улы түтіндер де – канцерогендер. Олар өкпе рагын тудырады. Күйіп кеткен майға піскен, қатты қуырылған, тұзды тамақтар да өз кезегінде асқазан қатерлі ісігін тудыруға себепкер болады.
– Аталған нәрселерден сақ­танып, зиянды әдеттерден аулақ болған, экологиясы жақ­сы жерде тұрған адамдарда да қатерлі ісік кездесіп қалады. Оның себебі неде? Жалпы, онкологиялық аурулардан сақ­тану жолдары қандай?
– Кейбір қатерлі ісік түрлерінің тұқым қуалауы мүмкін. Науқастардың жартысынан көбінің тегінде осы аурумен ауырғандар кездеседі. Кейбір созылмалы ауру   түрі қалай болғанда да, ерте ме, кеш пе, қатерлі ісікке айналады. Ол «облегаттық қатерлі ісік алды» деп аталады. Ауру негізі 65-70 жас аралығында кездеседі. Дегенмен, қазір жастар да жаман ауруға шалдығып жатыр. Денсаулықты сақ­тау  керек, медициналық тексеруден өту қажет деп  мамандар қанша ес­керткенімен құлақ асатындар кен де кем. Сондықтан, әуелі адам психологиясын өзгерту керек сияқты.  
– Біздегі ең жас науқас нешеде?
 – Ауру, тіпті, жаңа туған нәрестеде де болуы мүмкін. Сондықтан, сәби туған кезден емес, ана құрсағында пайда болған кезінен бастап оның жағдайын жасау керек. Қатерлі ісік жас тал­ғамайды.
– Дауа қонбайтын дерт болмайды. Аты жаман ауруды да ауыздықтауға бүгінгі меди­ци­на қауқарлы екенін айтады мамандар. Де­сек те, онкологиялық ауру­лар­дан көз жұматындардың саны көп. Неліктен? Медицина мүм­кіндіктерін толығымен қол­дана алмай отырмыз ба?
– Бұл бағыттағы жұмыстар үшін мемлекет қыруар қаржы бөледі, қан­шама еңбек жасалады. Жиі кездесетін  қатерлі ісік түрлері мен ол  кездесуі мүмкін деген жастағы адамдарға скринингтік тексерістер өткізіледі. Бірақ, адамның өзі ниет білдіруі керек. Әр адам өзі түсініп, сезініп келмесе, біздің қолдан келетін қайран жоқ. Адам денсаулығына өзі жауапты болуы керек ең алдымен. Елбасы биылғы Жолдауында айтқандай, науқастану оның өзіне тиімсіз екенін түсінуі керек.
 – Қай кезде ауруды анықтауға  болады? Оны жоюдың ең тиімді тәсілі дер кезінде анықтау болса, қалайша оны тез анықтауға болады? Жалпы,  әңгіме  ауанын «жаман аурудың» өзіне қарай аударайық.
 – Қатерлі ісік 4-5 сатыдан тұруы мүмкін. Аурудың жаңа ғана пайда болған кезі рак инцито деп аталады, ол бірінші сатыға жетпейді. Бірінші сатысында рак кілегей қабықта ғана болады. Екіншісі сатысы ол үлкейіп, келесі қабатқа өткен жағдайын сипаттайды. Үшінші – төртінші сатылары ауру түйін салып, дамып, тараған кезі. Бізге керегі алғашқы екі сатысы. Осы уақытта  дәрігер көмегіне  жүгініп келген науқастардың 95 пайызын емдеп шығаруға болады. Бірақ, іс жүзінде олай емес. Онкологиялық ауруларға тіркелетін науқастардың 30%-ы емге келмейтін, асқынған кезінде жүгінеді дәрігерлерге. Бұл – өте өкінішті жағдай. Халықты тым боламаса жылына бір рет толық медициналық тексерістен, скринингтік бақылаудан өтуге шақыратынымыз содан.
– Дер кезінде анықталған нау­қастарға жүргізілетін ем қандай?
– Онкологиялық ауруларды емдеу үш бағытта жүргізіледі. Құрастырылған ем дейді оны. Әуелі оташылық. Ауру ошағын толық жо­йып, тегіс алып тастау әдісі. Радио­активті зат­тардың сәулесімен емдеу. Ол рак­тың кейбір түрлерін то­лық емдеп, жазуға қауқарлы. Үшін­шісі, химияте­рапия. Химиятерапия көме­гімен ғана емделетін рак түрлері де бар. Сол сияқты, терең жатқан түйіндерді тек сәуле арқылы емдеуге болады. Дегенмен, 60% жағдайда отаға жүгінеміз. Сондықтан, оның мына түрі ғана тиімді деуге келмейді. Адам өмірін сақтап қалу үшін емдеу тә­сілінің барлық түрін де қолданатын жағдайлар да кездеседі.
– Орталықта қатерлі дерттің бетін қайтару үшін құрал-жабдық, озық технологияларды қолдану қандай деңгейде?
– Онкологиялық ауруларды емдеуде дүниежүзілік тәжірибеде қол­данылатын әдістердің 90%-ын біздің орталық мамандары жүзеге асыра алады. Жаңа технологияларды енгізу бар, олармен жұмыс істей білу және бар. Осы бағытта алыс-жақын шетелдерге шығып, тәжірибе алмасып отырамыз. Бұрындары емдеу, сауықтыру ісінің қарапайым түрлерін қолданған едік. Қазір, заман ағымымен, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану үстіндеміз. Аппараттардың дені заман талабына сай: қай елдікі озық болса, соны алуға тырысамыз. Азия, Еуропа ел­дері не Америка болсын. Жаңа аппараттармен 100 пайыз болмаса да, 50% қамтуға мүмкіндігіміз бар.
– Әдетте жиі кездестін  проблема – білікті маман тапшылығы мәселесі сіздерде шешімін тапқан ба? Мамандарды оқыту мәселесі жайлы не айтасыз?
– Орталықта қызмет ететін 482 маманның бәріде сәйкес сертификаттары бар. Сапалы, білікті мамандар. Кадр жеткіліксіздігі бізде жоқ. Қарағанды мемлекеттік медицина университеті мен біздегі екі кафедраның білікті маман даяр­лауға жағдайы жеткілікті. Өткен жылы Корея, Израильде, Ресейде бір­неше маман біліктілігін жетілдіріп кел­ді. Биылғы жылы да оқу-тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасын табады.
– Облыстық орталықты  қар­жы­ландыру деңгейі қандай? Жалпы, онкологиялық ауруларды ем­­деуге бөлінетін қаржы аурудың ал­дын алуға жеткілікті ме?
– Бір онкологиялық қатерлі ісік­ті емдеу басқа медициналық сала­лардың емімен салыстырғанда  5-10 есе қымбат. Мемлекет сонша қар­жыны беріп отыр. Биылдың өзінде біздің онкологиялық орталыққа 25 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінді.  
– Облыстың онкологиялық дис­пансерінің еліміз бен шет ел­дердегі емдеу орындарымен байланысы қандай?
– Онкологиялық орталығымыз –  республика бойынша ең үлкен меке­ме. Жатын орны, бөлінетін қар­жы көлемі, дәрігерлер саны және оң нәтижелері бойынша алып қара­ғанда да алдыңғы орындамыз. Ор­талық 350 орындық. Отандық және шетелдік емдеу-сауықтыру  кәсіп­ор­ындарымен байланыс орнату дең­гейіміз жоғары.
 – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында онколо­гия­дан бола­тын ауру мен өлімді төмендету мә­селесін бірінші кезекке қойды. Сол үшін де онкологиялық көмек көрсету бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бағдарлама бізге не береді деп ой­лайсыз?
– Денсаулық сақтау минис­трлігінде осы бағыт бойынша жұ­мыс тобы құрылды. Біз соның қа­ра­мағындамыз. Бірқатар жоспарлар әзірленуде. Жолдауда ай­тыл­ған мә­селелерді жүзеге асыру – онкология саласына серпін берері сөз­сіз. Сондықтан, мұндай көмекті то­лығымен пайдаланамыз деп ойлай­мын, әрі оның нәтижелі боларына сенім мол. Бағдарлама аясында толығымен жаңа технологияға көшу, стандарттарға сәйкес жаңа емдеу орындарын ашу, сапалы мамандар даярлау секілді маңызды бағыттар жүзеге аспақ. Сонымен қатар, онкологиялық  ғылыми зерттеу институтын ашу мәселесі қолға алынған.
– Аталмыш бағдарлама не­гізінде облыста қандай өзекті мә­селелер шешіледі?
– Бұл,  ең әуелі, емдеу ғимарат­тары көлемінің 30-40%-ға де­йін жеткіліксіздігін толық шешуге қол жеткізеді. Стандарттарға сай ғимарат салу біз үшін ең өзекті мә­селе  болып отыр. Сонымен қоса, жоғарыда айтқандай, жаңа техникамен жабдықтау 50% емес, 90-100%-ға қамтылуы тиіс. Ескірген аппараттар айырбасталуы қажет. Тағы бір мәселе – облыс орталығынан алыс орналасқан Жезқазған өңірін­де онкологиялық  мекемесінің жаңа онкологиялық аурухана салу мақ­сатын алға қойып отырмыз. Ол жақта емдеу орны  болғанымен,  ғы­лым мен технология мүмкіндігін толық қолдана алмай отырған жайы бар. Облыстың онкологиялық жағдайына әсер ететін осындай маңызды мәселелердің ше­шілуінен үміттіміз.
 – Әңгімеңізге рахмет. Басты байлықты сақтау жолындағы ең­бек­теріңіз жемісті болғай.
Жансая ОМАРБЕКОВА.
Суретте: облыстың онкология­лық диспансерінің директоры Мұ­ратбек ЖҰМАҚАЕВ.
Суретті түсірген Ж.ИМАНӘЛІҰЛЫ. 
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 5777
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1188
count 88x31px