АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫғы МАМАНДАРЫ – ЕЛ ТІРЕГІ - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫғы МАМАНДАРЫ –  ЕЛ ТІРЕГІ
Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі.  Әрбір қазақ өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына игі қадамдар жасауды атамекенге деген перзенттік парызы іспетті іс санаған.  Міне,  ауыл болашағы үшін осындай игілікті істі ұлт болып бірлесе атқаруға үн тастайық. Осы орайда ел зиялыларына,  өңірдегі ауыл шаруашылық саласында қызмет атқарып жүрген еңбекші қауымға, шаруашылық басшыларына, өндірісшілерге, ұстаз-ғалымдарға, ата-аналар мен мектеп бітірушілерге айтарым бар.    
Бүгінгі күні, жаңа заманның жаңа талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті қабылдау үшін ең алдымен ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтай отырып, терең білім мен зерделі ғылымды дамыту шарт. Бұл ретте еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен тәуелсіз Қазақстанда индустриялды-инновациялық бағытта үлкен бағ­дарламалар қолға алынып, көптеген игі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта, әсіресе, ауылды дамытуға қатысты тың бастамалардың оң нәтиже бере бастауы көңіл қуантады.
Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім мен ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналуы тиіс. Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. 85 жылдық тарихы бар отандық аграрлық білім мен ғылымның қара шаңырағы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрлар даярлайды. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. Біз ауыл зиялыларын қалыптастыру ісі – ел іргесінің тірегін нығайту үшін жасалып келе жатқан қадам екеніне айрықша назар салудамыз.
Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистранттар мен PhD докторант­тарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 5 айға дейін ұзарттық. Бұл ретте студент 10 апта аудиторияда тәжірибелік сабақ алса, мамандығы мен ауыл шаруашылығындағы саласына байланысты 10 апта өндіріс орнында болады. Жекелеген мамандықтар бойынша теориялық сабақтар да өндіріс базасындағы оқу-білім беру орталықтарында өткізіледі. Бұл жерде айтатын бір мәселе, барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертациялар cтуденттердің өздері шыққан өңір бойынша зерттеліп, жазылуы керек.
Қазіргі кезде студент жастарға оқуын бітірген соң, дипломын ала сала бұрынғыдай қаладағы ұйым, мекемелерге жүгіре жөнелудің реті жоқ. Тіпті, солай бола қалған күннің өзінде де жастарға қалада тұрақтап қалу немесе тұрғын үй мәселесін шешу оңайға соқпайды. Ал ауылдық аймақтар білімі жоғары, көзқарасы кең, білікті мамандарға зәру. Бұл әсіресе, білім мен ауыл шаруашылығы саласына көбірек қатысты. Мектептер жас мұғалімдермен біршама қамтылды. Ендігі кезекте білікті аграршы мамандардың, іскер фермерлердің, озық технологияны игерген жастардың ауылға тартылуын мемлекет көмегімен оңтайландыра түсу керек. Мамандар тапшылығын көріп отырған ауылдарға еліміздің жоғары оқу орындарында білім алған жастар барып қызмет етіп, орнығатын болса ел еңсесі бұдан да көтеріле түсетіні сөзсіз.
Дегенмен, бүгінгі күні ауылға жоғары біліктілігі бар мамандардың келмеуі, білімді жастардың  тұрақтамауы өзекті проблема болып отыр. Оның себебі – ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымының нашарлығы. Сондықтан мемлекет тарапынан ауылды жандандыру, оның өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатында  шаралар жасалынып жатыр.  Ауыл шаруашылығын қолдау, жаңа ауылдық жерлерді қалыптастыру үшін айтарлықтай қаржы мен материалдық ресурстар бөлінді. Соның ішінде «Агробизнес – 2020» бағдарламасының орны ерекше. Бұл бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешеніне 2020-жылға дейін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Елімізде бұдан да басқа «Сыбаға», «Алтын Асық», «Құлан», «Аманат» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Отбасылық сүт тауарлары фермерлерін қолдау мақсатында «Ырыс» бағдарламасы енгізілді.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті – отандық аграрлық білім мен ғылымының қара шаңырағы, ауыл  шаруашылығының ең басты ғылыми даму тарихының негізін салушы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы.
1929 жылы  Алматы зоотехникалық  малдәрігерік институты,  ал  1930 жылы Қазақ  ауыл шаруашылығы институты құрылды. Аталған екі институт аграрлық ауыл шаруашылығына білікті мамандар дайындаумен қатар аграрлық ғылымның дамуына  қосқан үлесі мол және  ғылым мектептерін қалыптастырды.
1996 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен аталған екі институт біріктіріліп,  Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде ерекше маңыздылығы бар  оқиғаға айналды.
2001 жылы  Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен университеттің жоғары ғылыми әлеуетті және кәсіби білікті мамандар даярлаудағы жетістіктері ескеріліп,  университетке Ұлттық мәртебе берілді.
Университеттің қызмет ету жылдарында еліміздің аграрлық секторының  дамуына қомақты үлес қосқан және қосып келе жатқан  135  мыңнан аса мамандар дайындап шыққан.
Ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып жатқан оқу орнымыздың бүгінде 28 кафедрасында 800-ден астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді. Олардың арасында  ҚР ҰҒА 17 академигі, 159 ғылым докторы мен 305 ғылым кандидаты, 14 PhD докторы бар. Соңғы жылдары 150 жас ғалым әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, оқытушы-профессорлар құрамын толықтырды. 2015-2016 оқу жылында университетте 5985 адам білім алды. Оның ішінде 4811 бакалавр,1038 магистрант,136 докторант бар. Оқу орнында 27 ұлттың өкілі оқиды.
Қазіргі уақытта университет бакалавриаттың 39, жоғары білімнің 2, магистратураның 39, докторантураның 16 мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Университет әлемнің 40 елінің 107 жетекші университеттері және ұйымдарымен әріптестік байланыс орнатқан, сонымен қатар, 8 халықаралық консорциумның мүшесі болып табылады. Оқу орнымыз бүгінгі күні Эрасмус, DAAD, FET,GIZ, МАШАВ, Болашақ секілді Халықаралық бағдарламалардың қатысушысы болып табылады және шет мемлекеттердегі беделді жоғары оқу орындарымен бірлесіп қос диплом беру бойынша 12 бағдарламасын жүзеге асырады.
Соңғы үш жылда 200-ден астам шетелдік ғалымдары университетте дәріс оқуға шақырылған. 2015 жылдың өзінде АҚШ, Чехия, Словакия, Германия, Финляндия, Литва, Латвия, Ресей және т.б. елдерден 68 ғалым дәріс оқыды. Жыл сайын магистранттар мен докторанттар QS рейтингіне кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтеді.
Университетте 2011 жылдан бері 300-ден астам жоғары оқу орындары мен ірі агроқұрылымдар біріккен «АгроДаму» Аграрлық ғылыми-өндірістік Консорциумы жұмыс жасайды. Университет экономиканың «Тағам өнімдерін өндіру» және «Агрохимия» салалары бойынша индустриялды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының (ИИДМБ) қатысушысы болып табылады. Университетте заманауи құралдармен жабдықталған 9 ғылыми-зерттеу зертханасы құрылды. Сонымен қатар, 4 инновациялық орталық, 31 зерттеу бағытындағы зертхана, 7 ғылыми-зерттеу институты жұмыс жасайды.
ҚазҰАУ жанындағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында және университетіміздің 6 ғылым-зерттеу институты мен 31 зертханасында шетел ғалымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында ықпалдасу мақсатында құрылған Қазақ-Корей инновациялық орталығында «Жасыл технологияларды» дамыту мәселелері зерттелуде.  Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетіміздің студенттері мен магистранттары шетелдің озық оқу орындарында білім жетілдіріп, тәжірибе жинауда.
Қадірлі ауыл жастары, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері – сіздерді Қазақ ұлттық аграрлық университетіне озық білім мен мол тәжірибе алуға шақырамын. Мен де Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегімін. Өмірімнің маңызды кезеңдері қоғамдық, еңбек пен ғылыми жетістіктегі жемісті белестерім туған университетіммен тығыз байланысты. Біздің университеттің басты басымдылықтары – интеллектуалды жағынан жетік жастарды баулып, жоғары  білімді де білікті мамандар даярлау және өз Отанымыздың патриоттарын тәрбиелеу. Туған ауылыңды көркейтуге еңбек сіңіріп, туған халқыңа шын ынта-жігеріңмен өз үлесіңді қосып, ел экономикасының бастауы болып отырған ауыл шаруашылығының білікті маманы болғың келсе, университетіміздің есігі қашан да ашық. ­Еліміздің жарқын болашағы – білімді жастардың қолында екенін естен шығармайық.

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА Вице-президенті,
академик.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 452
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px