Автобус – ығы-жығы кептеліс... - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Автобус – ығы-жығы кептеліс...

Арқа даласына апталап жауған ақ жауынның басылғаны бүгін. Аспан ашылмаса да, көктемнің жайлы лебі бар. Бірі болса, бірі жоқ дүние ғой. Ол түк емес, әрине. Дәл бүгінгідей, аспан кейбіреулерге өле-өлгенше жабық-ау деп бір ойладым. Түнерген бұлт, жүдеу көше еңсеңді басады-ақ. Оралхан көкеміздің «Аспан болған соң, ашығы жақсы» дейтіні бартын. Еске түседі екен. Бірақ, «Еңселігім екі елі, егіз қоян шекелі» (Махамбет) деп өскен мен оған жаси қояр ма екем?..

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»


Майқұдықтың мықынында көсіліп жатқан «Восток-3-тің» бойы, кісімсініп, шікірейе қалған көп қабатты үйлердің қылта-қылтасымен өтіп, аялдамаға қарай бет алып келе жатқандағы түйген ойымның бір ұшытын жаңағы. Жексенбі болса да, жұмыс орныма келіп, сеніп тапсырған бір таныстың жазбасының тігісін жатқызып беруім керек. Аялдамада аз да емес, көп те емес, біраз кісі бар екен. Сонымен, қырқыншы автобусты күттім. Қыл мойынды создырып, кешігіп, келмей қоятыны бар кейде бұлардың. Иә, он бес-жиырма, отыз минуттап күтіп қалған күндердің жыры өз алдына бір хикая. Қарағандының өз басында жүріп жетпісінші автобусты күтсеңіз, жарты күніңіз құрдым дей беріңіз. Қасымдағы бір жолаушы сағатына бір, жаутаң-жаутаң жолға екі қарайды. Автобустың кешігуіне байланысты осындай ойлар жетегінде тұрғанда сау етіп отыз бір жетіп келді. Сау ететін себебі – аузы-мұрнынан шығып тұр бар болғыр. Сөйтсе де, бір-екі қандас итермелей сығылыса мінді барып. Аяғынан не қалар екен деп мен қалдым автобусымды күтіп. Әлі тұрмын. Бір ойым: «бұл жексенбі күнгі жағдай. Жұмыс күндерін қайтіп ұмыттың?» дейді. Жұмыс күндері таңғы жеті жарымнан кешіксең, қалбырдың ішінде қақталған балықтай боласың. Үйдің жанынан өтетін жалғыз ғана «014» маршрутқа мінгеспек түгілі, мұрныңды сұғу мұң. Кимелеп жүріп бас сұқтың екен, не түймеңді үзесің, не біреудікін үзіп, сөз естисің. Ондайда кондукторлардың кейбіреуі «Продвигаемся в середину» деп қышқырып қалады. Ортасында оймақтай орын болмаса да. Мінуін мініп алып тұрасың-ау, тамағыңа тіреліп, жүрек айнытар күл-қоқыс пен жанармайдың иісін қайтесің? Түссең, сүртіп, майлап шыққан бәтіңкең кісі көргісіз. Сөйтіп жүріп төлейтінің сексен теңге. Бұрынғы екі бөлке нанның ақшасы. Қазірге шақсақ – біреу. Мейлі, жүз теңге төлесең де, көліктің ішінде кең отырып барғанды қалайсың, қайткен күнде де. Бірақ, ондай мүмкіндік таңертеңгілік Майқұдық түгілі, қалада да жоқ. Еріксіз қалбырда қақталып барасыз жұмысқа. Жексенбі болса да осы күйді кешіп тұрғанымда, елу үшінші автобус келе қалды. Қойдымда кеттім қалың кісінің ортасына. Бір жақсысы, Қарағандыға кейінгі бір үш жылдың айналасында әкелінген жаңа автобустардың іші таза. Ертеден келе жатқан «02», «014» маршруттарға қарағанда. Кондуктор қазақ тәтеге жолақымды төлегенім сол екен, артымдағы бойшаң жолаушы айқайға басты. «Итермелеп қайда барасың?» деп. Кондуктор апай көзін бақырайтып, «онда әрі ығыс», – деп салып еді, «басқа бос орын жоқ қой», – деп даурықты әлгің. Әріден түні бойы тойлаған біреуден мүңкіп сала берді. Қайтесің, қараптан қарап пұшайман боласың. Кімге кінә таққандайсыз?

Майқұдықтан сіресіп шыққан «Елу үш» қаланың ортасындағы ҚарМТУ-ға келгенде талтайып тұрарлықтай ғана межеде босады, әйтеуір. Бұл – жексенбідегі түс ауар шақ. Біз «45-орамнан» түсіп қала бердік...

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 187
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px