Автомонша айыптұраққа неге тоғытылады? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Автомонша
айыптұраққа неге тоғытылады?
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Медицинаның атасы Гиппократ науқастардың тең жартысына монша процедурасын қабылдауға кеңес берген екен. Яғни, моншаның адам ағзасына мың да бір ем екендігін ілім ілкіде-ақ анықтаса керек. Осыны ескеріп, біз де аптасына бір рет болсын, моншаға түсіп қайтуға тырысамыз. Сәтін салса, әрине. Осындайда бір ағайымның «Қалада бәрі бар, тек, уақыт жоқ» дегені есіме түседі. Оның үстіне, журналистің жұмыс кестесін кім болжай алған?
Әйтеуір, өткен жексенбіде реті келіп, моншаны бетке алдық. Облыс орталығындағы емес, Теміртау қаласындағы. Бір қызығы, әлгі моншаның «адресін» іздеп адасып жүрмейсіз. Ол өзі күтіп алады. Сіз айтқан көшенің бойында. Иә, моншаның өзі күтіп алады. Дәл солай. Өтірік өлең де, қиял-ғажайып ертегі де емес – бұл.
***
Теміртауға түс ауа шықтық. Саматбек досымның көлігімен.
«Ғажайып» монша туралы жарнама роликтен көріп білгенбіз. Таңсық. Төрт дөңгелекті монша.
Не де болса, көзбен көрейік. Моншаның қожайынымен телефон арқылы тілдесіп, алдын ала келісіп қойғанбыз. Түскі сағат үштің шамасында келеміз деп. «Орталықтың» журналисі екенімді де айттым.
Құрыш қаланың бас көшесінің біріндеміз. Қар аралас жаңбыр жауып тұр. Автокөлік жолдары ойқы-шойқы. Бір кездері жолдың сапасын қала әкімі Ғалым Әшімов те қатаң сынға алғаны есімізде. Сөзінің жаны бар екен...
***
Уағдаласқан жерімізде бізді Аян есімді азамат күтіп алды. Аян Ишниязов – «Көшпенді» монша кешенінің иесі. Кәсіпкер жігіт бірден көкейіндегісін ақтарып салды. «Журналист екеніңізді естігенде қуандым. Редакцияның бір көмегі тиер. Сіздердің газет арқылы мәселенің түйіні шешілер» деді. Өзінің өзекті мәселесін телефон арқылы айтуға ыңғайсызданған екен. Сөйтсек, Аян ашқан моншаның қызметі бүгінде тоқтап тұр. Себебі, жергілікті полиция бұл кәсіптің заңсыз екендігін алға тартқан. Тәртіп сақшылары монша кешені ретінде жабдықталған «ПАЗ-672» көлігінің техникалық құжаты дұрыс еместігін айтып, «автомоншаны айып тұрағына қоямыз» деп қоқаңдапты.
Өзі де ішкі істер органдарында қызмет атқарған Аян Ишниязов осы мәселенің байыбына бара алмай дал. Оның айтуынша, монша кешенін жабдықтау барысында барлық техникалық стандарттар, қауіпсіздік ережелері сақталған. Құрылғылар мен жабдықтар жаңадан сатып алынған. Айтпақшы, совхоз тарамай тұрып, қыстақ-қыстақты «будка-моншалар» аралап жүргені бар-тын. Біреудің басы жарылып, көзі шығыпты дегенді естімедік.  
Жалпы, Аян «Көшпенді» монша кешенін іске қосу үшін 2,5 миллион теңге қаражат жұмсаған. Мемлекеттен ешқандай несие, иә болмаса жеңілдік алмапты. Бес кісіге шақталған моншаның бу бөлмесі (терек ағашымен қапталған), шайыну бөлмесі және сусын ішіп, тынығуға арналған бөлмесі бар. Жуынатын су сүзгіден өткізіліп, қалдық су арнайы ыдысқа жиналады. Маңыздысы, мұнда алкогольдік өнімдерді пайдалануға қатаң тыйым салынған.
Автомоншаға сұраныс жоғары. Біз де байқадық. Аянның телефонында маза жоқ. Тіптен, Ресейден, Германиядан да туристер қоңырау шалады екен. Елең еттік. «Қайтсек, туризм саласын дамытамыз?» деген мәселе жүр емес пе көкейде?!
Кешеннің баламасы, тек, Қостанай облысында бар. Ол монша ешбір кедергісіз жұмыс істеп, елдің игілігіне жарап тұрған көрінеді. Қаракөз бауырымыздың қынжылатыны, сондықтан. Шағын кәсібі арқылы бір адамға болсын жаңа жұмыс орнын ашқан Аянға не кедергі? Ол кәсібінің тамырына қан жүгірсе, о баста-ақ балалар үйіне қол ұшын беруді көздепті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 281
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px