«Қаза» тапқан газеттер - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

КПСС пен Совет үкіметі коммунизмге жету үшін адамды да, ауылды да, аумақты да, аяған жоқ. «Любой ценой» деген жазылмаған заң болды. Содан бір мысал. Осы Шұбаркөл көмір кеніші ашылып, Ақмоланың Теңіз ауданы біздің облысқа қарады. «Орталықтың» ауыл шаруашылығы, кейін партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі едім. Аяғымыз баспаған бейтаныс ауданға обком хатшыларынан кейін біз аттандық іссапарға. Амантай Сағындықов ағамыз екеуміз Целиноград, Қорғалжын арқылы жолшыбай қойшының тулақ төсеген кигіз үйіне қонып, Баршынға қалай жеткенімізді бұрындары жазғанмын. Бір жағы Ұлытаумен, бір жағы Торғай даласымен, бір жағы біздің Нұра ауданымен шектесетін ұлан-ғайыр аудан екен. 32-нің ашаршылығына шейін қазақ сыңсып отырған дейді. Көбі қырылған, бірен-сараны жан сауғалаған. Соғыстан кейін ақсөңке болған даланы, сол тұрған күйі шіріп, жидіп кеткен киіз үйлерді көргендер бар екен. Соры ашылмаған аумақ, әйтеуір.

Қорғалжын ауданынан енші алып, ірге бөлгеніне көп бола қоймаған. Көзге түскені райком мен райисполкомның біздің аудандарда жоқ ғимараттары. Үр жаңа. Қызмет жиһаздары да жайнап тұр. Компартия кеңселерін келісті ұстайтын. Бүгінгі билік те солай. Басқа шаруалары шатқаяқтап тұр. «Сырт көз – сыншы» ғой. Ең көңілге қонбағаны – мал көп болғанмен, су тапшы екен. Кейбір қой отарларына суды водовозбен тасып беріп отыр. Әдетте техникадан тырағайлап қашатын мал машинаның төбесі көрінген сәттен водовозыңды суатқа жеткенше қуалап береді. Яғни, скважина жоқ. Өл-тіріл ет, жүн өндіру керек Совет Одағы үшін.

Жолдарымен танк жүре алмайды. Ең «кереметі» – көтерме жол салынбаған совхоз орталығы бар. Ұмытпасам Торғаймен ұштасатын ХХІІ партсъезд атындағы совхозға, орталығы – Жанбөбекке айхой қара жолмен шаңдатып жетесіз. Естуімше әлі ештеңе өзгере қоймаса керек. (Қазір Нұра ауданына қарайтын осы өңірге журналист аттандырдық. Бұйыртса қандай жағдайда екенін оқисыздар).

Көріп жүрміз, бауыр басқан ортаңды, жеріңді, ауданыңды, облысыңды ауыстыру оңай емес. Жиырма шақты жыл ғана бөлек тұрып, өз отын өзі жаққан Жезқазған өңірі халқының бұрын Қарағанды қарамағында болғанына қарамастан көпке дейін көнегін сыртқа салғанын көрдік. Бірен-саран, азын-аулақ кісілері әлі солай. Ал ауыл болып, аудан атанғаннан Ақмолаға қарап келген Теңіз аумағы халқының бір-ақ күнде Қарағандыға қосылуы қабырғаларына батқанын сездік. Танымайтын адамдар, бейтаныс, беймәлім орта. Бір мектептен екінші мектепке ауысқан баланың күйін елестетіп көріңіз. Тура сол жағдай. Обалы не керек, обком бірінші хатшысы А.Коркин, «Карагандауголь» өндірістік бірлестігінің бас директоры Н.Дрижд және басқа облыс басшылары Теңіз ауданының экономикасын, әлеуметтік қиын жағдайын, халқының көңіл-күйін ескеріп, көмекті аяған жоқ. Өте қат үнді шайы сияқты тауарлар осы ауданға берілді. Басқасын айтпағанда бетон төселмеген жай ғана тегістелген жерге АН-24 ұшағы ұшып-қонып жүрді. Осы ұшақпен Теңіз ауданына қонғанда иманымыз кәміл болған.

Облыстың билік тұтқаларының Теңіз ауданына қаншалықты бүйректері бұрғаны беймәлім. «Орталық» қуанды. Таза қазақ ауданы. Оқырманымыз көбейіп, өрісіміз кеңейеді деген үміт. Облыстың шығыс аудандары болмаса, басқалары шын мәнінде орыстанып кеткен. 25 жыл өз қолымыз өз аузымызға жетсе де Тайгаға қарайлай беретін ағайындарымыз әлі бар. Содан Теңіз ауданына жиі-жиі іссапарладық. Обком да аудандық газеттеріне, радиосына нақты көмек көрсетуге тапсырма беріп тұрды. Бір қызығы таза қазақ жайлаған ауданда газеттері екі тілде жарық көрді. Компартия идеологиядан ақша аямаған ол кезде. «Правдамен» оразаңды ашасың, «Время» телехабарымен ұйықтайсың. «Октябрь шұғыласы» – «Свет Октября» деген екі газетті әйтеуір Нұрлыбай Омаров деген ақжарқын азамат басқарып отыр екен. Сол кездегі барлық аудандық газеттерге тән жағдай – журналист кадрлар жоқтың қасы. Орыс тілді газетінің тікпесін аударып-төңкеріп қарадым. Ешкімнен кем емес. Жұтынып тұр. Кім шығарып жатқанын көрдім. Ортадан бойы жоғары, кең маңдайлы орыс «Беламорканалды» бұрқылдатып, материал жазып отыр. Ұсқыны кетіңкіреген, ұйпа-тұйпа өңі қалжыраған сыңайлы. Сөйлестік. Ашылып сыр шаша қоймады. Жататын жері жоқ. Редакцияның бір бөлмесінде тұрып жатыр. Түрі осындай болғанмен сауатты болып шықты. Төл алу, тұқым себу науқанына арналған ақпараттарды бұрқыратып жазып жатыр. Білгенім – ленинградтық. Сол тұста СССР Журналистер одағы бір топ қарағандылық журналистерді Ленинградқа апарып, бір апта Ленин болған жерлерді армансыз аралатқан. Осыны айтқан кезде көзінің оты жарқ ете қалды.

Мысты салт аттыны, Эрмитажды, Нева проспектісін, Петергофты көрдің бе? – деп сұрақтың астына алып, әңгімеміз жарасып сала берді.

Сол кездегі атақты «Правдамен», «Известиямен» таласатын «Ленинград-ская правда» газеті редакторының орынбасары болыпты. «Адамның басы – Алланың добы» деген осы. Қызды-қыздымен Ахматованың, Мандельштамның тыйым салған өлеңдерін жатқа оқи жөнелді. Сол үшін үш әріптің қырына ілініп Ақмолаға жер аударылып, одан көз көріп, құлақ естімеген Теңіз ауданында амалсыз жүрген күйі осы екен. Сонда В.Маяковскийдің өлеңін 5 май – Баспасөз күніне арналған номеріне газеттің жарты бетіне жуық орын беріп, жариялапты. Оқып көріңіз.

 

Газета – это не чтенье от скуки;

газетой с републики

грязь скребете;

газета – наши глаза и руки.

Помощь ежедневная

в ежедневной работе.

В.Маяковский.

 

В.Маяковскидің «република» деген сөзіне назар аударыңыз, бір әріп түсіп қалған сияқты. Анығында дұрысы осы. Ағылшын тілінде «Republik». Шетелге шығатын паспортыңызда ағылшынша осылай жазылған. Ақын бірталай жыл АҚШ-та тұрған. Ағылшын тілін жақсы білген. Газет туралы өлеңінде түпнұсқаны негізге алуы түсінікті. Негізі република латын тілінен алынған «Жалпы іс», «Ортақ іс» деген мағына береді. Ақынның нені меңзеп отырғаны белгілі болса, осы өлеңді түкпірдегі аудан оқырмандарына жеткізген журналисті айтыңыз.

Иә, қазақ журналистері де ешкімнен кем болмаған. Анкетасына мамандығын «Журналист» деп жазған Алаш көсемі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов (Бүгінге дейін аты машһүр «Фигаро» газетіне Әлекең француз тілінде мақала жариялап тұрған) және Кеңес дәуіріндегі арыстарымыздың барлығы дерлік журналист. Өзіміз көзін көрген, тәрбиесін алған Р.Сағымбеков, К.Смайылов, Н.Оразбеков және басқа ағаларымыз омбы қарды омыраулап бұзған нағыз тарландар. Бүгінгі журналистердің бәрі осы арыстар мен ағаларымыз салған жолмен келеді.

Алаш арыстары қазағына теңдік әперу күресін газетпен бастаса, большевиктер де осы жолды таңдаған. Компартия біздерді идеология майданының сарбаздары дейтін. Майдан болған соң қаза табатындар болатыны әмбеге аян. Бүгінгі мереке күні әуелі жабылған (қаза болған) қазақ газеттеріне, арамызда жоқ журналист бауырларға тағзым көрсету ләзім. Атын атасам, аудандық «Балқантау» (Егіндібұлақ), «Шұғыла» (Талды), «Октябрь шұғыласы» (Теңіз), «Жезді өңірі» (Жезді), «Ағадыр таңы» (Ағадыр), «Балқаш өңірі» (Приозерный) газеттері.

Бүгінгі төл мерекемізде қалам ұстаған, камера, микрофон сүйреген әріптестерімді «Орталық Қазақстан» газетінің атынан құттықтай отырып, қазақ елінің атса оғы, шапса қылышы бола беріңіздер деймін.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 790
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px