Қазақ қыраны - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Қазақ қыраны
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және қазақтың ғарышқа ұшуына ширек ғасыр толуына орай қазақтың тұңғыш ғарышкері, «Кеңес Одағының Батыры», «Халық қаһарманы» Тоқтар ӘУБӘКІРОВПЕН кездесу өтті.

Осыдан елу бес жыл бұрын Юрий Гагарин жеті қат көктен асқанда әлем тамсанды, ал, жиырма бес жыл бұрын ғарыштан тұңғыш рет қазақтың даусы естілгенде қазақ ән салды. Ұлы Дала елінің баға жетпес жетістігіне айналды. «Батыры аттан, қазаны оттан түспеген» Алаш жұрты Көк Тәңірінің мекені көк аспанға үңілді. Қазақ көктен қол бұлғады. Арал аптығып, Теміртау тебіренді. Арал мен Теміртаудың ғарышқа қандай қатысы бар дерсіз. Айтайын.
Тоқтар Әубәкіров ғарышкер атанбас бұрын да ел құрметіне бөленіп тұрған тұлға еді. 1985 жылы ғарышқа ұшуға ұсыныс түскенімен, бас тартты. Сынақшы – ұшқыш сынағын қимады. «Құрмет белгісі», «Ленин» ордендерін тағынып, «Алтын Жұлдыз» медалі жарқырап, Кеңес Одағының Батыры атағын алып үлгерген шағы. Атақ та, абырой да, бедел де жетеді. Жетпегенін жерден, таппағанын көктен жинап болған. КСРО-ға еңбек  сіңірген сынақшы-ұшқыш. Атой салып, «алып құсты» ауыздықтады. Тебініп талай ұшақты тізгіндеді. «Енді не жетпеді?» деп ойларсыз?! Жетістігі жеті атанға жүк болар тұста ғарышқа ұшу екінші рет ұсынылды. Көп ойланды. Көп толғанды. Ақыры, келісті. Келіскеннің өзінде үлкен шарт қойды. Ғарышқа құр саяхатшы болып емес, ғылыми жұмысты жүзеге асыратынын алға тартты.
1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары төңірегінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аса маңызды қазақстандық ғылыми бағдарламаны жүзеге асырды. Яғни, Арал теңізі, Теміртау металлургия комбинатымен байланысты экологиялық мәселелерді зерттеді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Арал мен Теміртауды байланыстырып отырғанымыз сондықтан.
– Теміртау қаласында менің балалық шағым, жастығым өтті. Сондықтан, бұл қала мен үшін өте ыстық. Осы қаланың көшелерінде жалаң­аяқ, жалаңбас жүгіріп жүрген бала күндерім әлі есімде. Қазір бәрі өзгерген. Құлпырып, гүлденіп кеткен шаһар. Соған қуанамын. Тұрғындары да шетінен шебер. Бұлай дейтінім, теміртаулықтар балқытқан болатты бүкіл әлем пайдаланады. Темірден жасалатын ең күрделі бұйымдар да осы қалаға тиесілі, – дейді ғарышкер.  
Егемендік алғанымыздан бері тағы екі ғарышкер көкті бағындырып үлгерді. Бұл да аз жетістік емес. Әрине, ғарышты игермей, ғылымымыздың алға баспасы анық. Қолымыздағы ұялы телефоннан бастап, үйіміздегі теледидарға дейін ғарышпен байланысты. Мұны тұңғыш ғарышкеріміз де растауда. Бұл бір. Екіншіден, барлық адам баласы дәрігерлер көмегіне мұқтаж. Тоқтар Әубәкіровтің айтуынша ғарышта жасалған дәрі-дәрмектің шипасы жер үстінде жасалған дәріден әлде қайда жоғары болады. Неге? Себебі, жерде жасалған дәрінің молекулярлық торы жердің тартылыс күшімен бүлінген. Ал, тартылыс күші жоқ ғарышта жасалған дәрілердің молекулярлық торы толық жұмыс жасайды. Ғарышта жасалған инсулинді АҚШ ғалымдары зерттеп, қант диабетін бірден жоятынын айтқан. Сондықтан, адамзат баласы біртіндеп ғарыш кеңістігінде зертханалар салуға мүдделенуде.
ТЕМІРТАУ қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 152
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px