«Қазпошта» ААҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Ертай АСАЙЫНОВ: «Пошта байланысы – қаржы дағдарысына қауқарлы қызмет» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

«Қазпошта» ААҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының
орынбасары  Ертай АСАЙЫНОВ:
«Пошта байланысы – қаржы дағдарысына
қауқарлы қызмет»

Еліміздегі пошта байланысы қызметі – экономиканың басқа да салалары секілді, әртараптандыру мен жаңғыртудың бірнеше кезеңін басынан өткерген жүйе. Мәселен, 1993 жылы ескі жүйедегі пошта және электрлік байланыс саласы қақ жарылып, енші бөлісті. Телекоммуникация қызметі жаңадан құрылған мемлекеттік республикалық телекоммуникация кәсіпорнына (қазіргі «Қазақтелеком» ААҚ) берілсе, пошта қызметі байланыс жүйесінің мұрагері ретінде қалды. Сәлден кейін Пошта байланысы республикалық мемлкеттік кәсіпорыны болып қайта құрылған қызметтің бұл түрі, 1999 жылы басқарудың заманауи формасына ауысты. Яғни, «Қазпошта» ААҚ болып қайта құрылып, мемлекеттің 100 пайыздық үлесімен қызмет ете бастады. Сол бір күрделі жылдарда облысымыздағы пошта байланысы қызметіне басшылық жасаған Ертай АСАЙЫНОВ – Тәуелсіздік жаршысындай болған отандық байланыстың қыр-сырын жетік білетін байланыс саласының ардагері. Қызмет көрсету аумағы жер көлеміне сәйкес, барынша күрделі саланың тізгінін ұстаған байырғы байланысшы соңғы жылдары «Қазпошта» ААҚ Басқарма Төрағасының аймақтар бойынша кеңесшісі лауазымын да атқарды. Әлі күнге дейін аттан түспеген ардагер ағаға пошта қызметінің бүгінгі ахуалы жайында бірнеше сауал жолдаған едік.
– Ертай Рахымжанұлы, бүгінгі таңда әлемдегі қаржы дағдарысы алты құрлықты алаңдатып отырғаны белгілі. Осы бір күрделі кезеңде «Қазпошта» қызметі әуелгі ұстанымынан ажырап, байланыс нарығында қауқарсыз болып қалған жоқ па?
– Әрине, дағдарыстың аты – дағдарыс. Егер, тиісті шараларды мезгілінен кешіктірген болсақ, «Қазпошта» да кейбір қызмет түрлері секілді дағдарыс дауылына төтеп бере алмай, теңселіп кеткен болар еді. Компания басшылығының дағдарысқа қарсы стратегиялық шаралар кешенін дер уақытында қабылдап, қызметіміздің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуінің арқасында біршама кедергілер мен қиындықтарды еркін еңсерді. Осы стратегия негізінде кәсіпорынның көлік-логистикалық базасы нығайып, табысы арта түсті. Осынау маңызды құжатты басшылыққа алу арқылы біз негізгі діттеген мақсатымызға жеттік. Нәтижесінде, компания пошта байланысы саласындағы әмбебап Ұлттық операторға айналды.  Нақтырақ айтқанда, «Қазпошта» аз уақыттың ішінде қаржы нарығындағы халықаралық стандарттарға негізделген және қарапайым тұтынушы мен тұтас мемлекеттің сұранысын қанағаттандыра алатын, еркін бәсекелестікке төтеп бере алатындай әлеует игерді. Бұл дегеніміз – еліміздегі пошта байланысы – дағдарысқа қауқарлы жүйе деген сөз.
– Біз пошта қызметінің басты тұтынушысы болған соң, осы саланы түрлендіру бағдарламасы жайлы жиі естиміз. Бұл бүгінгідей күрделі жағдайда көзсіз тәуекел болмай ма?
– Бұл сұрақ бізге жиі қойылып жүр. «Қазіргі жағдайдың өзі жақсы емес пе?», өзіңіз айтқандай: «Мұнша тәуекелге барудың қажеті қанша еді?» деген мазмұндағы сауалдар жиі ұшырасып қалады. Тіпті, өз әріптестеріміз қатты алаңдайды. Мен: «Сіз барынша тиімді компанияда қызмет етіп, жеткілікті жалақы алғыңыз келе ме? Осылайша өмір сүру деңгейіңізді көтеруге неге наразы боласыз?» деп, сұраққа сұрақпен жауап берер едім. Әрине, менің бұл сауалыма біраз әріптестерім, біраз емес, дені: «Біз осы күнімізді қанағат тұтамыз» деген жауап беретінін де білемін. Ал, бізге тоқмейілсудің тоқырауға бастайтынын түсінетін кез жетті.
2014 жылғы 24 маусымда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен және «Самұрық-Қазына» қоры басшылығының ұйғарымымен «Қазпошта», «Қазақстан теміржолы», «ҚазМұнайГаз» компаниялары Сіз айтып отырған түрлендіру мақсатында пилоттық зонаға өтті. Яғни, «Қазпошта» АҚ – бизнесті түрлендіру Бағдарламасының алғашқы қарлығашы. Бұл – зор жауапкершілік және мол мүмкіндік.  Оның қаншалықты тиімді, қаншалықты табысты болуы – біздің әрбір әріптесіміздің іскерлігінде. Сондай-ақ, бұл аспаннан алына салған идея емес. Терең талдамалар мен салиқалы сараптамалар жасалды. Халықаралық пошта компанияларының тәжірибесі зерделенді. Мысалы, «Қазпошта» еңбек өнімділігі көрсеткіштері бойынша төмен деңгейге ие делік. Оны көтеру үшін біз «Сбербанк России», «General Electric» сияқты түрлендіру бағдарламасын ерте қабылдаған халықаралық бизнес көшбасшыларының тәжірибесін алуымыз керек. Бұл – «біреудің қаңсығын таңсық көру» емес, компанияның әлеуетін бәсекеге лайықтаудың алғышарттары. Ал, осы турлендірудің негізгі мақсаты – әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін жетілдіре отырып, шығынды барынша азайту, табысты еселеу. Бір сөзбен айтқанда, қаржы институты ретінде бизнестің тиімділігін арттыру.
– Осы өзгерістердің «Қазпошта» қызметкерлеріне берер мүмкіндігі қаншалықты?
– Әріптестерімізді де осы сауал алаңдатады. Мәселен, олардың тарапынан «Бұл түрлендіру компанияға емес, маған не береді?» деген мазмұндағы сұрақ жауып жатыр. Әрине, біздің ең басты капиталымыз – қызметкерлер. Басқарма төрағасы Б.Мусиннің тапсырмасына орай, біз өте қысқа мерзімде жаңа тұрпаттағы пошташы-қызметкер қалыптастыруға тиіспіз. Біз әрбір қызметкерден еңбек тәртібі мен еңбек қатынастарының тұрақтылығына кепіл болардай жұмыс сапасын талап етуіміз керек. Бұл талап міндетті түрде жұмыс сапасын көтереді. Ал, сапалы жұмыс бар жерде лайықты еңбек­ақы бар. Яғни, біз әрбір пошташыны «КРІ» жүйесі арқылы ынталандыруды көздеп отырмыз.  Қайталап айтамын, бұл бағдарлама әр қызметкер үшін тұрақты әрі жеткілікті табыс әкеледі. Сонымен қатар, пошта қызметін түрлендіру арқылы әрбір әріптесіміз үшін кәсіби тұрғыдан өсу және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктеріне жол ашамыз. Дәл осы түрлендіру бағдарламасы аясында ашылған корпоративті оқу орталықтарында біздің қызметкерлеріміз қайта даярлаудан өтіп, пайдалы тәжірибемен бөлісетін болады. Ал, әрбір қызметкердің жоғары еңбек нәтижесіне деген құлшынысы олардың еңбек белсенділігін арттырып, жаңаша көзқарасын қалыптастырса, ол – жаңа жүйенің тиімділігі. Жұмысқа деген ынтасы жоғарылаған әрбір қызметкер компанияға да, өзіне де өлшеусіз табыс әкеледі.
Тағы бір айта кететін мәселе, біз пошта қызметін әртараптандыру, озық технологияларды енгізу арқылы біз есептіліктен бас тарту, қол жұмысын мейлінше азайту секілді оң өзгерістерге қол жеткіземіз.
– Бәрекелді! Ал, тұтынушы үшін тиімділігі қандай болмақ?
– Ең басты тиімділік – сервистік қызметтің сапасы. Осы орайда тағы да Басқарма төрағасының қызмет сапасын бірінші кезекке қою жөніндегі тапсырмасын тілге тиек еткім келеді. Біздің компанияның қызметі –  тұтынушы талабына тікелей байланысты жүйе. Сондықтан, біз әрбір қызмет түрін тұтынушы сұранысына негіздеуіміз керек. Ол үшін бәсекелестік ортадағы әрбір оң өзгерісті жіті бақылай отырып, бәсекелестеріміз бір адым алға жылжыса, біз екі адым алға ұмтылатын боламыз. Мұның ішінде жеткізу жылдамдығын арттыруды, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану секілді маңызды бағаттар бар. Жаңа жүйенің негізгі мазмұны – қызмет сапасын арттыру, тарифтің қолжетімділігін қалыптастыру.
– Рахмет! Енді пошта байланысы жүйесіндегі пошташы, сұрыптаушы және оператор секілді қарапайым мамандардың жұмысын жетілдіру мақсатындағы бастамаларыңызға ойыссақ...
– Әлем бір орында тұрмайды. Айналамыз сәт сайын өзгеріп, нарықтағы ахуал қас-қағым сәтте түрленіп жатыр. Біз де компания жұмысының мазмұнын түбегейлі өзгерту мақсатында жұмыс жүргізуді бастадық. Өзгерістер толқынында қол қусырып отыруға болмайтыны белгілі. Осы мақсатта пошта қызметі тез нәтиже беретін жанама жобаларды көптеп енгізуде.
Мәселен, қарапайым пошташыларымыз жаңа үлгідегі арнайы киімдермен, әдемі дорбалармен, велосипедпен және смартфондармен қамтамасыз етілетін болады. Кезең-кезеңімен, әрине. Қазірдің өзінде филиал қызметкерлеріне 5800 дана пошташы дорбасы мен 257 велосипед берілді. Әсіресе, ауылдық жерлердегі пошташыларымыз үшін велосипед барынша қолайлылық тудырып отыр. Қазіргі уақытта пошташыларымызды тұтынушылардың төлемдерін қабылдау сәтінде қызмет ауқымы мен сапасын арттыру мақсатында озық қондырғылармен абдықтау жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 4630 смартфон сатып алу көзделуде. Курьерлік қызмет бойынша «Желаяқ» атты оңтайлы жобаны қолданысқа енгізгелі отырмыз. Сонымен бірге, SMS хабарламалар қызметін енгізгелі үй-үйге қағаз түріндегі хабарламаларды жаяу тарату қызметі біршама қысқарды. Есептерді, анықтамалар мен басқа да құжаттарды қағаз формасында тасымалдаудан бірте-бірте бас тартып келеміз. Бұл қағаз шығынына жұмсалатын қаржыны үнемдеуге алып келді. Сұрыптау орталықтарын әртараптандыру ісі де нәтижесіз емес. Бұл орталықтарда қол жұмысы мүлде жоқ деуге болады.
Бүгінгі таңда 15 бөлімшеміз жаңғыртылып, 131 бөлімшеде электронды кезек жүйесі енгізілді. Жыл соңына дейін тағы 187 бөлімше осы жүйемен жұмыс істейтін болады. Қазірдің өзінде 200 бөлімше бірдеңгейлі қызмет көрсету жүйесіне көшірілді. Ауыл пошташыларын ынталандыру мақсатында еңбекақы төлеудің бонустық жүйесін енгіздік.  
Қызмет көрсету мен сату жүйесін автоматтандыру бойынша тұтынушымен тығыз қарым-қатынасқа жол ашқан және тұтынушы туралы маңызды ақпараттың көзі болып табылатын «CRM» жүйесі енгізілуде. Пошта қызметін түрлендіру бағдарламасы аясында оқырмандарға басылымдардың электронды нұсқасына жазылу (интернет-подписка) жүйесін ұсынып отырмыз. Бұл үшін жекелеген басылымдармен келісімшарттар жасалады да, оқырмандарымыздың электронды поштасына басылымның «PDF» форматындағы нұсқасы жолданады. Бұл нұсқамен басылымға жазылу әлдеқайда арзан және көптеген басылымдардың оқырмандар саны артып келеді.
Қызмет көрсету аясын кеңейту мақсатында сәлем-сауқат супермаркеттер, Call-орталық, жаңа сауда индесі, постамат қызметі секілді жаңа жүйелер енгізілді. Филиал меншігіндегі 320 автокөлік газбен жүретін қондырғылармен жабдықталса, 898 автокөлікке «GPS» қондырғысы орнатылды. «Vpost.kz» жобасын де ерекше атап өтер едім. Бұл жоба арқылы АҚШ қоймаларымен байланыса аласыз. Мысалы, сіздің виртуальды мекен-жайыңызды АҚШ-тың интернет-дүкендері желісіне тіркейміз де, Сіздің тапсырыңызды осы жүйе арқылы «Қазпошта» постаматтарына дейін жеткізіп береміз.
Мен атап өткен жаңа өзгерістер нәтижесін 2015 жылдың табысты қорытындылары арқылы дәлелдеуге болады.
– Пошта қызметінің стратегиялық даму саясатындағы ең басты ерекшелік ретінде қандай жобаны атап өтесіз?
– «Қазпошта» АҚ Басқарма Төрағасы Б.Мусиннің сөзімен айтсақ: «Пошта интернетке еркін енеді және сапалы қызмет көрсете алады». Яғни, ондаған электрондық қызмет түрін енгізу арқылы біз тұтынушыға кез келген қызметтің түрін де, бағасын да қолжетімді деңгейге жеткіздік. Пошта қызметі саясатындағы ең басты артықшылық – осы.
– Пошта байланысы қызметін түрлендіру қашанға дейін жалғаспақ?
– 2022 жылға дейінгі мерзімді қамтитын Стратегиялық даму бағдарламасын қабылдағанбыз. Осы құжатты басшылыққа ала отырып, қызметіміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыра беретін боламыз. Негізгі мақсат – Қазақстанның озық дамыған 30 елдің қатарына ену бағытындағы Стратегиялық жоспарына барынша үлес қосу. Қажетінше ізденеміз, оқимыз, оқытамыз. Тәжірибе алмасамыз. Айып етпеңіз, сөзімді «Біз өзгеріп отырамыз» деп аяқтағым келеді. «Қазпошта» – қаржы дағдарысына қауқарлы компания.
– Рахмет! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аймақтағы қазақ руханиятының қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» басылымы ұжымының атынан Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Деніңізге саулық, өміріңізге бар жақсылықты тілейміз.
– Рахмет!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.
   

 

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 393
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px