Бәйгетoбе - баба есiмiнде - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Бәйгетoбе - баба  есiмiнде
Қазақстан халқының бірлігі күні Алаш жұртының «мен» деген атбегілері Шет ауданы, Нілді (Өспен) ауылына жиналатын әдеті. Биыл да сөйтті. Аламанға ат шаптырды. Арқа көлемінде мұнда жыл сайын ұлттық ат спорты ойындарының маусымашарын өткізу – үрдіске айналған.  

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Алаш жұртының атбегілері дейтінім, Астана мен Алматыдан, тағы басқа аймақтардан дәмелі деген тұлпарлар келді. 21 шақырым аламанға бас-аяғы 40 ат шапты. Құнан, тай жарысымен қоса, аударыспақ, көкпар өтті. Жергілікті жұрт бұл күнді «Май тойы» дейді. Ауыл сыртындағы Қағыл төбенің бауыры, Тоқа-Тойынбек бәйге алаңының маңы кісіден көрінбей кетті. Тегінде, бірлігі, ынтымағы жарасқан ел мұндай атаулы күнді өз әдетінше, ертеден үзілмей жеткен салт-дәстүрімен атап өткенге не жетсін?! «Мерекелік концерт, болмаса, басқа шара ұйымдастырылса, жұрт осылай жиналар ма еді?!» деп қоям іштей. Қанда бар ғой. Жанына жақынға барады жұрт.
Биылғы маусымашардың бір ерекшелігі – атбегі Жолдыбай Кенжеқұлов бастап, жергілікті әкімшіліктің қолдауымен ауыл азаматтары бәйге алаңын Тоқа-Тойынбек есіміне берді. ХІХ ғасырда Шоң Телқозыұлымен қатар өмір сүрген бұл кісінің есімі ел ішіне атбегілігімен, мырзалығымен, сөз ұстаған кісілігімен тарапты. Арқадан Алатау асып, қырғыз даласында өткен Шәбден манаптың асына апарған «Тайбурыл» мен «Ешкібас» атты тұлпарлары бәйгеден І, ІІІ келген» деседі кәрі тарих. Атақты Тоқтағұл мен Жамбылдың айтысатыны – дәл осы тұс. Елдегі кәрі құлақ, көнекөздер Тойнекеңнің «Тайкөк» атты тұлпарын күні бүгінге дейін жыр қылып айтады. Бәйге алаңын бабасының есімімен атағанының құрметіне Тоқа-Тойынбектің ұрпағы, өзі де атбегі Мақсат Төкенов аламанның бас бәйгісіне «УАЗ» автокөлігін тікті.
Алғашқы сөзді Өспен ауылының әкімі Жарас Аманжолов сөйледі. Ұлттық ат спорты ойындарының маусымашарына арнайы ат басын бұрып, Алаштың аймаңдай ақыны Аманжол Әлтай, Шет ауданы әкімінің орынбасары Шоқан Жүніс келіп отырғанын тілге тиек еткен ол бәйге алаңының атауына байланысты Сәкен Сейфуллиннің Тоқа-Тойынбек жайлы естелігінен үзінді келтіре кетті. Сөйтіп, шабандоздарға сәт сапар тіледі.
Бәйгеге қосылатын аттар тіркелгенше, жігіттер алаңда көкпар тартты. Әр салымға 5 мыңнан 20 мыңға дейін ақша тігілді. Іле аударыспақ өтті. Одан ІІІ, ІІ орындар Тұрар Марғұлан (Кеншоқы) мен Думан Құсайыновқа (Еңбекшіл) бұйырса, жастар арасында өткен республикалық аударыспақ ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Ахметов (Өспен) жеңімпаз танылды.
4 шақырымға жіберілген 15 тайдың ішінен І болып Қинаш Қожахметовтің Торысы өтті (56 разьезд). ІІ үңіректік Алмаз Жұмановтың Аймаңдайы, ІІІ Ерасыл Кәріқұлдың (С.Сейфуллин кенті) Таңшолпаны келді.
Құнан жарыстың жүлде қорын ауылдағы Қоңыровтар әулеті әкелері Кеңес ақсақалдың 80 жылдығы құрметіне үлестірді. Барлығы – 23 құнан 8 шақырым айналды. Бірінші келген астаналық Әлжан Жаманбаевтың «Жезкиігі». Жүлдесіне тай алды. Ақбастаулық Бексұлтан Сейсеновтың «Нұрәсемі» екінші өтіп, тоңазытқыш алса, үшінші Төлеуханның «Ақтұмары» (Жаңаарқа ауданы, Ескене ауылы) келді.
Аламанға шапқан 40 аттың ішінен Шейхахмет Алдангуровтың «Көгі» жеке-дара өтті. Бұқар жырау ауданындағы Аюлы ауылының арғымағы. Иесі темір тұлпар мініп қайтты. Екінші келген Аманкелді Мұқашевтың «Бақторысы» (Еркіндік), Тоқа-Тойынбектің құрметіне Жолдыбай Кенжеқұлов ақсақал жүлдеге қойған әйгілі «Көк айғырды» жетектеп кетті. Бұл – заманында үш автокөлік ұтқан тұлпардың өзі. Үшінші болып мәре сызығын қиған ақбастаулық Бексұлтан Сейсеновтың «Бекторысы», Қинаш Қожахметовтің «Тархан» атты сәйгүлігі төртінші өтсе, қордайлық Әсет Сқақовтың «Лорд» атты арғымағы мәре сызығын бесінші болып кесті.      

ШЕТ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 180
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px