Бөз - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Бөз
Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»
«Бір бала бар атасынан өте туған, бір бала бар атасына жете туған, бір бала бар атасынан кете туған» деген екен бабаларымыз. «Әке – балаға сыншы» дегеніміз осы. Бүгінде өте туды ма, жете туды ма, кете туды ма, мұны парықтайтын, санасына салып, салмақтайтын баланы көре алмай барамыз. Бір жағынан кінә да арта алмайсың. Көзін тырнап ашқаннан күнін көру үшін шай-пайын, нан-панын тауып жеу, еселенген несиесін өтеу, бала-шағасын асырау қамында жүр қазақтың бәрі. Бірен-сараны ғана жағасын жайлауға жалпағынан жайған. Олар бәрінен «аса» туған. Өздерінше.
Рас, Тәуелсіздік алған бетте халық та, билік те қазақ тарихына ден қойып, ә дегеннен ел қорғаған батырларын, дуалы ауыз билерін, Алаш көсемдерін, әйгілі ақын-жырауларын, ауыз толтырып айтуға тұрарлық тұлғаларын ардақтап, ат шаптырып, ас бере бастады. Дұрыс-ақ. Ешқандай артық-кемі, айып-шамы жоқ. Алайда, артынан пәлендей аты шыға қоймаған, бір рудың, тіпті, екі ауылдың арасында ғана белгілі аталарын Қабанбай мен Бөгенбайға, Төле мен Қазыбекке теңемесе де, таяу апарып көтермелей бастады. Ата-бабасын ардақтағаны дұрыс шығар, КПСС-тің жетпіс жылғы темір бұғауында булыққан халық бабасы, руы түгілі өз атын ұмытып қала жаздады. Солай дегенімізбен бір «бірақ» деген сөз амалсыз ауызға түсіп отыр.
Қызды-қыздымен өз атасын, руын, тіпті, туған жерін көтермелеу, өркештендіру үшін өзгелерді тұқырту, төмен санау үрдіс алып барады. «Біздің аталарымыз болмаса, қазақ қараң қалады» деген сияқты сыңар езуленген жел сөз кітаптарды қойып, газет-журналдарға, теледидар мен радиоларға ойыса бастады. «Біз әйгілі батырдың, бір ауыз сөзбен жау тоқтатқан бидің ұрпағымыз. Қанымыз асыл, тұқымымыз текті» деп кең көшеге сыймай жүргендер шыға бастады. Ең қызығы – кешегі Совет Одағы кезінде бабасы мен руын айтуға қорыққан «жау кеткеннің батырлары» (бұрынғы кейбір партия, совет қызметкерлері) көбейіп барады.
Атасы мен бабасын айтып, төс қақпаған ағаларымыз бізге неге өнеге болмайды? Мәселен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов жарты әлемді билеген Шыңғыс ханның ұрпағымын деп мақтанбаған. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов ше? Олжабай батырдың тікелей ұрпағымын деп кеуде кермеген Олжекең: «Тауларды аласартпай-ақ даламызды асқақтатайық» дейді. Ал, қазақ «Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз» дейді. Жөн-ақ қой.
Ер азаматтарымызды қызға теңеу жараспас, ал бөзге теңеуге тура келеді. Бөзіміз жара таңатын дәкенің ар жақ, бер жағындағы ең нашар мата. Қазақ атам айтқан: «Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді». Ал, Сырым батырды мұқатып, өш алғысы келген бір міскін тегін қазбалап, әке-шешесінің нашарлығын ишаралап, бетіне басып, өзінше мастанады. Сонда Сырым батыр: «Өзі болған жігіттің тегін сұрап не етесің?!» депті.
Бөз емес, әркім бөрі болса ғой, шіркін!!!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 363
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px