Бақ сынасып, күш байқасты - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Бақ сынасып, күш байқасты
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Шахтер» стадионында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен аталған сала қызметкерлері арасында спартакиада өтті. Оған осы департамент қызметкерлері және қала, аудандардағы сала мамандарынан құралған құрама командалар қатысып, өзара бәсекеге түсті.
Қарағанды облысы бойынша осымен екінші рет өткізілген облыстық спартакиада аталған стадионының «Жастар» спорт кешенінде салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қарағанды облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Азамат Ахметов сала мамандарын мерекемен құттықтап, алдағы спорттық сайыстарға қатысқалы тұрған әріптестеріне ақ жол, сәт сапар тіледі. Сондай-ақ, департамент басшысы өз кезегінде салтанатты шараның құрметті қонағы, сала ардагері Камали Жұматайұлына сөз берді. Ардагер салық қызметкерлері арасында ұйымдастырылып жатқан спартакиадаға үлкен шара деген баға берді.
Екі күнге созылған спартакиадада қатысушылар спорттың төрт түрінен – шағын футболдан, үстел теннисінен, волейболдан және мылтық атудан бақтарын сынады. Жарыстың алғашқы күні-ақ волейболдан 9 кездесу өтті. Былтыр республикалық додада аталған департаменттен барған Қарағанды командасы ІІ орыннан көрініпті. Биыл да жоғары нәтижеге қол жеткізбек, бұйыртса.
«Ойын олимпиадалық жүйе­мен өтті. Осыған орай, әр команда бір-бірімен толық ойнап шықты деуге болады. Жеңіп шыққандары жартылай финалда кездеседі», – деді ойын төрешісі Нина Ким.
Үстел теннисінен сайысқан сала мамандарының саны 20-дан асып жығылды. Олимпиадалық жүйе болғандықтан, жеңілгендер ойыннан шығып отырды. Ал, шағын футбол болса, ең ұзақ әрі тартысты ойын болды. Сонымен, екі күнге созылған жарыс қорытындысына келсек, мылтық атудан алғашқы орынды көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Сәтім Тастайбеков, екінші орынды ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Марат Құсайынов, үшінші орынды ішкі қауіпсіздік басқармасының бас маманы, аға тергеуші Юлия Гончарова иеленді.
Ерлер арасында волейболдан бірінші орынды «Центр» командасы алса, екінші орынды «Кеден» және үшінші орынды «Сарыарқа» (мемлекеттік кірістер департаменті) командасы еншіледі. Осы ойын бойынша әйелдер арасында Теміртау қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының заңды тұлғалармен  жұмыс бөлімінің басшысы Наталья Голованова үздік ойыншы деп танылды. Командалық есепте бірінші орынды – «Сарыарқа», екінші орынды – «Кеден», үшінші орынды – «Север-Юг» (департаментке қарасты басқарма) қанжығалады.
Үстел теннисінен ерлер арасында Ержан Жамантаев бастаған «Ардагер» командасы жеңісті бермеді. Қазыбек би аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Александр Ким екінші орыннан көрінсе, профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының бас маманы, аға офицер Руслан Шадетов үшінші орынға табан тіреді.  
Ал, әйелдер арасында үс­тел теннисінен Қазыбек би аудан­дық мемлекеттік кірістер бас­қармасының бас маманы Жұлдыз Жолдас және «Сарыарқа» кедендік күзетінің бас маманы Жұлдыз Шәріпова бірінші, екінші орынды бөлісті.
Шағын футболдан жеңіс туын «Кеден» командасы көтерді. Екінші орынды «Ардагер» командасының ойыншылары олжаласа, «СЭР» (Экономикалық тексеру қызметі) командасы үшінші орынды місе тұтты. Спорттың бұл түрінен үздік ойыншы аталымы Жезқазған қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қаныш Назарымбетовке бұйырса, жанама салыққа әкімшілік ету басқармасының басшысы Аян Таханов үздік қақпашы болып танылды.   
Спартакиада қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубок және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 344
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px