Білім саласы неге көрсеқызар? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Бүгінгі білім саласының кейпі еңірегенде етегі жасқа толатын кепте. Министр құтаймайтын, реформаға тоймайтын  «тойымсыз», бір жүрген берекесіз бағыт болды. Болды емес-ау. Соған жеткізді. Білімнің қылшығын аламын деп былшығын шығарғандар.  Санап көрсек, білім соңғы жиырма жылда екі кеменің емес, оннан астам  реформа-кеменің, он бес шақты министрдің  етегінен «ұстапты». Бұрынғы реформаны түсініп болмастан, екіншісінің, үшіншісінің, төртіншісінің  етегінен ұстай-ұстай мұғалімдер қауымы бүгін «суға кетуге» шақ қалды. Бұған қоса, бесеуден кем емес тұжырымдама, осыған жуық стандарт қабылдапты. Білетіндердің сөзінше, шетелде білім саласы бойынша  реформа он жылда бір рет жүргізілетін көрінеді. Бізде... түске дейін бір көйлек, түс­тен кейін бір көйлек... Бұл не деген көп көйлек?!. Бюджеттің ақшасына алып, тастай беретін дейсіз амалсыз... Реформаны айтамыз да...

 

Мұғалімді миссиясынан

айырған...

Есесіне, апатты жағдайдағы мектептер мен материалдық-техникалық базасы, мұғалімдері жетіспейтін мектептер аз емес. Апатты жағдайдағы мектептердің басым бөлігі ауылда екені және белгілі. Мәселен, жалпы Қазақстандағы апатты мектептің басым пайызы қазақтың қаймағы саналған ауылдардың пешенесіне жазылған. Бірақ, ол маңызды емес. Маңыздысы – реформа.

Қазіргі таңда  білім сынақ алаңына айналған. Елдің ертеңіне жауапты ұйымдарда небір тәжірибелер, сынақтар өткізіліп жатыр. Сан құбылған реформа  мұғалімді  адастырып тастады. Бұл күнгі мұғалім – бес аспап. Ғалым да өзі, жазушы да өзі, тілші де өзі, инноватор да  өзі. Бәрі – өзі. Енді қазақ тілін қарық қыла алмай жатқанда, үш тілді меңгерген полиглот болу міндеті тағы қосылды. Бұл қойыртпақтың соңы не болары әзірге беймәлім. Жұрт жақсылыққа апармайтынын айтып, құдыққа құлаған құландай шырқырап-ақ жатыр. Естір құлақ болса...

Енді реформалар не берді десек, мұғалімді өз миссиясынан айырды. Қазір жанын салып, дәріс беретін мұғалім жоқ. Өйткені, реформа қуалаудан қолы тимейді. Ол реформалардың көрсеткіші – папкі-папкі қағаз.  Өзін-өзі мақтаған, өзін-өзі дәріптеген. Содан осы күні мектепте түгелі –  жасанды. Мұғалім де, оқушы да. Мектептегі әрбір қадамды ғылымиландыру үрдісі үздіксіз жүріп жатыр. Ғылыми мақала, ғылыми материал, ғылыми жоба, ғылыми  жетекші, ғылыми оқушы, ғылым бойынша мектеп директорының орынбасары. Мұның барлығы бір мектептен табылады. Әр мектепте бар. Осы күні мектеп қарапайым ғана сабақ берудің орнына ғалымдыққа ден қойған. Реформаның арқасында. Баршасы бірдей мүйізі қарағайдай ғылыми жетекшілер. Ғылыми атақтары жоқ болса да. Сонда бұл арзандап кеткен неткен ғылым? Әлгі бабаларымыздың  «оқу – инемен құдық қазғандай» дегені қайда? Сосын барып, ҰБТ кезінде «мына баланы кім тапты?» дейміз тағы. Бүгінгі оқушылардың кіндік әкесі мен шешесі – үздіксіз реформа.

Біздің ойымыз - реформада, көршінікі – балада

1 сыныптан бастап, жұдырықтай баланың миын ашытып жоқты оқыту біздің елде ғана бар. Еуропаңыз дәл біз секілді баласын дайындық  сыныптан кітапқа шұқшитып, 4-5 сағат қаздитып отырғызып қоймайды. Мұны сол жақта бірер жыл мекендеп, содан Қазақстанға қайтып келген елдің азаматтары айтады.

Оны қойшы, мынау көршіміз Ресейді алайық. Олардың бірінші сыныпқа арналған бағдарламалары бізге ұқсас болғанымен, ерекшелігін естіп, қайран қалдық. Біз секілді бірінші сыныпқа 5-6 кітап арқалатып, шақшадай басын шарадай қылған жүйесі жоқ. Ең әуелі дейік. Олар бірінші сыныбына баланы  тек 7 жастан бастап қана қабылдайды. Өлдім десеңіз де біздегідей 5-6 жастан алмайды. 7-ге дейін ол бала мектептің есігі түгілі тесігінен сығалай алмайды. Одан соң мектепте дәріс беруі, тіпті, қызық. Біздің балалар 42 әріпті жыл ортасына дейін үйреніп алса, олар айналдырған 33 әрпін жыл бойы оқып-тоқиды. Неге десеңіз, бауыр еті баласының белі бесіктен шықпай жатып, миын құрт қылудан қашады екен. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Ресейдің жүрегі Мәскеуде тұрып жатқан қазақстандық азаматтың әңгімесін келтірейік.    

Айгүл Намиәліқызы, Мәскеуде тұратын Қазақстан азаматшасы:

– Баламызды Қазақстанда 6 жасында бірінші сыныпқа бердік. Содан жұмыс бабымен Мәскеуге көшуге тура келді. Бірінші сыныпта оқып жатқан баламызды алып келіп, мектепке бермек едік. Ешбір мектеп алмай қойды. 7 жасқа толмай алуға хақымыз жоқ деп. Содан амал жоқ, Қазақстанға баланы қайта жіберіп, бірінші сыныбын сонда аяқтаттық. Биыл Мәскеуге әкеліп қайтадан бірінші сыныпты оқып жатыр. Бірақ, біздің елдегіден әлдеқайда жеңіл.  Қазақстанда оқып жүргенде «Әліппе», «Әліппенің серігі», онымен қоса 4 жазу дәптерін оқитынбыз. Содан желтоқсанда Әліппені тәмамдап тастап, Ана тілге көшкенбіз. Ал, бұларда Әліппесін наурызда ғана тәмамдады. Оған дейін алғашқы тоқсандарда балалар таяқша салып, дөңгелектер сызып қана жүрді. Үйге тапсырма берілмейді де. Барлығын мектепте орындап келеді. Мен біздің жүйеге үйреніп алғанмын ғой. Мұғалімінен барып сұраймын. «Бұл қалай? Бізді Қазақстаннан келді деп, әлде жеңіл қарап жүрсіздер ме?» дедім. Мұғалімі шыж-быж болады. «Бізде оқу жүйесі осындай. Кішкентай баланың басын ауыртып не керегі бар? Әлі үлгереді. Біз мемлекет ұсынған бағдарлама бойынша беріп отырмыз сабақты. Олар кішкентай ғой әлі» деп. Таң қалдым. Еуропаның іргесінде тұрған Ресейде осындай? Бізде ғой еуропалық стандарт деп ананы да, мынаны да оқуға тыққыштап жатады емес пе?

 

Кімге өкпелейміз?

Ал, Еуропада, дәлірек айтқанда,  Лондонда баласын дайындық сыныбына берген қазақстандықтың әңгімесі  тіпті, таң-тамаша қылады. Оның айтуынша, дайындық сыныбындағы балаға сабақ беру ойын арқылы жүзеге асырылады-мыс. Баланы 3 сағат тапжылтпай отырғызып қойып, әріп үйрету мүлдем жоқ. Ойнағысы келген бала ойнап келеді сынып ішінде. Жүргісі, жүгіргісі келген бала жүгіріп келеді дегендей. Сыныптың бір бұрышына құм үйіп те қойыпты. Бала ойнайтын. Мұны естіп отырып өзіміздің баланы дайындыққа дайындағанымыз есімізге түсті. Дайындыққа барамыз деп, жаңылмасақ,  он шақты кітап сатып алдық. Оның өзі қырғын, қызыл кеңірдек кезекпен. Сосын ол кітаптарды баламызға оқыттық. Осыдан кейін баламыз 7-8 сыныпқа келгенде кітаптан жеріп шықпасына кім кепіл? Мезі болып. Міне, реформаның «жемісі»...

Сөйтіп отырып, қазіргі бала кітап оқымайды дейміз. Кімге өкпелейміз?!. Реформаға ма? Әлде көрсеқызар реформаторларға?!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 176
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px