Бірлігі – басты дәнекер - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Бірлігі – басты дәнекер
Көктемгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру шараларына Абай ауданының әкімдігі мен мекеме-кәсіпорындары, жалпы бұқара халқы салмақты көзқарас танытып отыр. Екіайлық жарияланғаннан бергі аз ғана мерзімде 397 гектар жер аумағы тазаланып, рұқсат етілмеген 39 күл-қоқыс үйінділерінің жойылуы, 2 мың түп тал көшеті отырғызылып, жол жиегіндегі 20 мың қумаметрден астам ернеутастардың әктелуі – соның даусыз дәлелі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Сенбіліктерге аудандағы 170 еңбек ұжымы, 4 мың адам қатысып, 56 арнайы техниканың тартылуы да біраз жайттан хабар берсе керек. Алғашқы бұқаралық сенбілікте «Болашақ» сәулеттік құрылымы іргесіндегі аллея тағы да 60 түп қарағай көшеттерімен толықты. Бұл жас өскіндерді Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы сыйға тартқанын айта кеткен жөн. Сол күні экологиялық десант құрамында аудан әкімі Серік Шайдаров, Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Макаров, діни бірлестіктердің жетекшілері, қариялар қауымы, жауынгер-интернационалистер, белсенді жастар өкілдері және басқалары болды.
Сенбілік аясындағы «Бұл қалада біз тұратын боламыз!» атты жастар акциясы іс-шараның басты мазмұнымен жарасымды үйлесім тапты. Жас буын өкілдері ән салып, би биледі және сол арқылы жұртшылықты қаланың санитарлық және экологиялық тазалығына мүдделі болуға үндеді. Келешек кепілі саналатын жастардың тартымды флешмобы тұрғындарға әдемі әсер сыйлағаны анық.
Ал, өз кезегінде, абайлық мектеп оқушылары да  ортақ тақырыпты өзгеше сипатта айшықтауға талпыныс жасап, әрекеттері оралымды әрі нәтижелі болып шықты. Олар «Менің әлемім соншақты таза және жарқын!» тақырыбында суреттер салды. Өз туындылары арқылы ересектер мен тұстастарының назарын сүйікті қалаларының сыртқы келбетін қалыпты жағдайда ұстап, ажар-көркінің шырайлы бола түсуіне ықыласты болу мәселесіне аударды.
Қысқасы, екпінді екіайлық аясындағы іс-шаралар жарасымды жалғасын таба бермекші. Оған аудан халқының ымыра-бірлігі мен белсенді ұстанымы – басты дәнекер.  
АБАЙ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 139
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px