Біздің Дәу мамамыз - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Біздің  Дәу мамамыз
Мен жазғы каникул басталған бетте ауылға – Ұлытаудағы Шеңберге асығамын. Астана, Қарағанды, Қаражал, Жезқазғандағы мектептерде оқитын барша үлкен-кіші бауырларым да сөйтеді. Бәріміздің басымыз қосылып, мәре-сәре боламыз. Ал, Дәу папамыз бен Дәу мамамыз, Кіші папамыз бен Кіші мамамыз және Жакон, Әшон ағаларым мен Кашалок қарындасым (өзіміз қойып алған есімдер) біз барғанда қатты қуанады. Әсіресе, Дәу мамамыз ерекше шаттанып, қуана қарсы алады.
Өзіміз «Дәу мама» деп атап кетсек те, негізі, ол кісі біздің әжеміз сияқты. Бәрімізге бірдей мейіріммен қарап, шуағын төгеді. Әрқайсымызды бауырына тартып, аялы алақанымен маңдайымыздан сипайды. Кейде әлдебір ағаттық немесе тентектік жасап қойсақ, кешіріммен қарап, ақылын айтады. Ешқайсымызға ешқашан дауыс көтеріп ұрысқан емес. Сол үшін біз оны өте жақсы көреміз, құрметтейміз. Айтқанын екі етпей, тапсырған шаруаларын тап-тұйнақтай етіп орындауға тырысамыз. Сөйтіп, жаз бойы құдықтан үйге су тасып, қозы-бұзау бағып, бие байлауға және саууға көмектесіп, кешкілік қора тазалап, өрістен сиыр айдап келіп, тағы басқа да қолымыздан келетін шаруаларды атқарып, ауылдағыларға көмекші боламыз. Дәу мамамыз біздің осындай жақсы ісімізді көріп, тындырымды жігіт болып өсіп келе жатқанымызға қуанса, біз оны қуантқанымыз үшін қуанамыз.
Ал каникул аяқталып, жан-жаққа тарарда аяу­лы ауылымызды, дария көңіл Дәу мамамызды қимай аттанамыз. Қазір де жазғы каникулды асыға тосып жүрмін. Өйткені, ауылды, Дәу мамамды сағындым.
Аман болыңыз, Дәу мама! Мерекеңіз де, мерейжасыңыз да құтты болсын! Біз Сізді со-о-он­дай жақсы көреміз!
Қара сөзді өлеңменен жалғадым,
Орындалсын ойыңдағы арманың.
Аз да болса, көптей көр бұл өлеңді,
Ақ көңілден, шын жүректен арнадым.

Кімге жазам жырды сізге жазбаған?
Тентектік те болды-ау менде аздаған.
...Бетқап киіп ойнап, содан бие үркіп,
Шошып, сізді таптап кете жаздаған.

Желік бітіп құлын менен тайға да,
Апыр-топыр, у-шу болды айнала.
Сонда да сен бетімнен бір қақпадың,
«Болмайды...» деп түсіндірдің жай ғана.

Сондықтан да, үлкен алғыс айтамын,
Биыл тағы елге барып қайтамын.
...Бетқап киіп шошытпаймын мен енді,
Он үштемін, оң-терісті байқадым.

Беу, Дәу мама! Кең пейілді анасың!
Ерекшесің, айрықшасың, дарасың!
Тап осындай нұр төгілген жүзіңмен,
Біз үшін мәңгі қадірлі боп қаласың!

Серік ҚҰРМАНСЕЙІТ,
№1 қазақ-түрік лицейінің 8-сынып оқушысы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 236
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px