Болашаққа ұмтылған қала - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Болашаққа  ұмтылған  қала
Қарағанды қаласының тарихы 1932 жылдан бастау алады. 1936 жылдан бастап облыс орталығы мәртебесін иеленген. Ал, Арқа төсіндегі Қарағанды облысына биыл – 80 жыл. Минералдар және шикізатқа аса бай болғандықтан, бұл өңір – аймақтық және өнеркәсіптік шама бойынша Қазақстандағы ең ірі облыс. Құрамына 9 аудан, 9 облыстық және 2 аудандық бағыныстағы қала кіреді.

Облыстың энергетикасы жер­гілікті көмірге негізделген. Қуатты екі өнеркәсіптік торап бар. Бірі – Қарағанды-Теміртау көмір-металлургиялық кешені, оған Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск, Ақтау, Жезқазған қалаларындағы электр энергетикасы, машина жасау, металл өңдеу, химия, азық-түлік өнеркәсібінің көптеген кәсіпорындары кіреді, екін­шісі – Балқаш түсті металлургия өнеркәсіптік кешені, ол негізінен мыс кендерін өндіру және өңдеуге тазартылмаған және тазартылған мысты, түсті прокатты, сондай-ақ, марганец, қорғасын, мырыш және басқа полиметалл концентраттарын шығаруға маманданған. Осынау кәсіпорындық торап Жезқазган, Балқаш, Сәтбаев, Қаражал қалаларының, Жәйрем, Жез­ді, Қоңырат, Саяқ, Ақшатау кенттерінің кеніштері мен шахталарын, байыту фабрикаларын, мыс қорыту зауыттарын, өнеркәсіптің химия, азық-түлік және басқа да салаларын біріктірген.
Бүгінде аймақта 300-ден астам бірлескен және шетелдік кәсіпорындар жұмыс істейді. Ең ірілері: «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, марганецтің ірі өндірушісі «Жәйрем КБК» АҚ, Пархоменко атындағы машина жасау зауыты, «Қарағандыкенмаш» НТЭК» ЖАҚ, «Қарағанды құю-машина жасау зауыты» АҚ, «Техол» ЗПХ ЖАҚ, «Қазкарметавтоматика» АҚ және басқа да кәсіпорындар. Химиялык өнеркәсіпте «Теміртау химия-металлургиялық зауыты», сондай-ақ, тағы басқалары бар.
Бұл өлкенің өткені мен бүгіні тарих бетінде тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Сонау зұлмат жылдары Қарағанды жерінен ойып тұрып орын алатын оқиғалар өз алдына, кен орындарының ашылуы, кенішті игеру барысында қаланың дамып, Қазақстанның ірі өнеркәсіп, мәдени және ғылыми орталығына айналуы да тарих беттерінде.
Осы аймақты мекендеген қалың ел жер астынан шығып жатқан тас көмірдің жанатын қасиетін білген. Жер бетінде жатқан қара тас түйіршіктері күннің қызуыменен жалындап жанып жататын болған. 1833 жылы Нұра өзенінен оңтүстікке қарай Қарағандыбасы деген жерде Апақ есімді қойшы бала тас көмір кесектерін тапқан. Қаладағы көше атауы, шахтаға берілген есімі де осыдан.
Сарыарқаның төрінен табылған бұл қазына орыс көпестерінің құлағына шалынған. ХІХ ғасырдың орта тұсында Қарағанды, Сораң, Өспен, Спасск, Байқоңыр, Жезқазған кен орындары ашыла бастады. Араға көп уақыт салмай С.Попов Берікқара жайлауынан (қазіргі Ақтоғай ауданының жері) мыс, күміс және қорғасынның мол қорын ашады.
1932 жылдардағы халықтың басына түскен жаппай ашаршылық кезінде осы өндіріс қаншама халықты аман алып қалды. Ауыл-ауылдан босқан халық Қарағандыға келді. Тарих беттерінде «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген голощекиншілердің ұранымен Кеңес үкіметінің кері саясатының нәтижесінде аштық жайлап, қазақ халқы жойылып кетуге шақ қалғанда, осы өндіріс талай жанды қиындықтан алып шықты. Халықтың басынан өткен оқиғалар  Қарағандыны да қамтыды.
Қарағандылықтар Ұлы Отан соғысы жылдары ұрыс даласында да, еңбек майданында да жанқиярлық ерлік көрсетті. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен аянбай еңбек етті. Отан қорғауға 45 мыңға жуық азамат қатысып, олардың арасында 18 мың боздақ туған топырағына оралмады. Батыр жерлесіміз Нұркен Әбдіров көзсіз ерлік көрсетіп, Отан үшін жанын қиды.
Қарағандылықтар майданға жылы киім, азық-түлік жіберіп тұруды айнымас дәстүрге айналдырды. Сол кездердегі оқиғалар көнекөз қариялардың қөз алдында. Соғыстан кейінгі жылдарда Қарағанды қарыштап дами бастады. Облыс орталығы көркейді, жаңа шахталар мен фабрикалар салынып, жұмыс қызу жүре бастады.

Қиын жылдарды басынан өткер­ген қарағандылықтар ел өмірін­дегі елеулі оқиғалардан тыс қалған емес. Тәуелсіздік жылдарында қарағандылықтар Елбасы – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен эко­номи­калық және әлеуметтік салада тамаша табыстарға қол жеткізіп келді.
«Қазақстан – 2050» Стратегия­сымен қаруланған Қарағанды жұрт­шылығы қазір болашаққа зор сеніммен қарайды. Жер көлемі үлкен бұл аймақтың әлеуметтік экономикасы даму үстінде. Тоқырау жылдары тоқтап қалған өндіріс, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы дамыған үстіне дамуда. Бүгінде Елбасының көрегендігінің арқасында металлургия, кеніштер саласы, жеңіл өнеркәсіп, жеке кәсіпкерлік іске қосылды. Болашақ ұрпаққа аманат болған Сарыарқа төсінде қызу еңбектің қазаны қайнауда. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, мәдениет, өнер, ғылым салалары қарқынды дамып, «Болашақ» бағдарламасымен жастарымыз шет елдерде білім алуда. Назарбаев зияткерлік мектебі, «Мұрагер» дарынды балалар мектептері мен спорт мектеп-интернаттары өз шәкірттерін биіктен көре бастады.
Еліміздің көк туын желбіретіп, әлем жұртшылығына таңдай қақтырған Серік Сәпиев, Геннадий Головкин сынды ұлдарымыз ел үшін аянған емес.
Жер қойнауы қара алтынға бай Қарағанды уақыт көшінен кейін қалмайды. Әр заманның өз кейіпкері, тарихшысы мен жазушысы өмір өткелдерінен сыр шертеді.
Қазіргі жаһандық дағдарыс кезінде де Елбасының Жолдауы халыққа дұрыс жол сілтеп, «Нұрлы Жол», «100 нақты қадам» бағдарламаларын жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылып келеді. Өндірістің қазаны қайнаған Қарағанды тоғыз жолдың торабында бизнес пен экономиканың дамуына өз үлесін қосып отыр бүгінде.
Болашаққа ұмтылған қаланың ертеңі – жастар қолында. Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткендей, жастардың кәсіптік-техникалық мамандықтар бойынша тегін білім алуы – осы өндірістің жаңа технологиясын меңгеру үшін білімді, жаңашыл мамандар қажет екендігінің көрінісі. Сондықтан да, білім саласында да, өндірісте де жаңашылдық басымдылық көрсетуде. Заманның ағымына қарай, болашақ жаңаруды талап етеді. Осыған орай, мақсат-міндеттер даму саласына қарай бағытталады.
Қарағанды бел-белестерді еңсеріп, болашаққа ұмтылып, дамудың жаңа жолына қадам басты. Қаланың одан әрі дамуы мен болашағы – келер күндердің үлесінде.  
А.АСКЕЕВА,
«Саран қаласының мемлекеттік мұрағаты»
КММ мұрағатшысы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 234
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px