«БОТА» бағындырған белестер - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

«БОТА» бағындырған белестер
Бұл жолы біз «БОТАНЫ» жырлаймыз. Бірақ, бұл «БОТАНЫҢ» танымға болмаса, төрт түлікке еш қатысы жоқ. Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасындағы «БОТА» (білімпаздар, ойшылдар, тапқырлар мен алғырлар) интеллектуалды жастар орталығын айтамын. Бір кездері біз де мұнда ботадай мөлдіреп, имене басып кіргенбіз. Кеттік онда...
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Аталған кітапханаға биыл – 40 жыл, ішінен құрылған интеллектуалды жастар орталығы 20-ға толса, кітапхананың Жайық Кегенұлының атымен аталғанына 15 жыл екен. Қасиетті орданың үш бірдей мерейтойы «Сарыжайлау» кинотеатрында салтанатты түрде өтті.
Өрісіміз кеңіп, ер ісіміз мәшһүр болды жұртқа деген – осы. Қонысымыз Қарағандының рухани-мәдени ортасы қай шаһардың мәдениетінен кем шығып еді? Халықтың алдына кім шықса да, ол әуелі жұртқа өзінің ішкі әлемін, ой-өрісі мен рухани қуатын танытады. Осы тұрғыдан алғанда, бұдан жиырма жыл бұрын құрылған БОТА-ның бүгінгі таңдағы биік деңгейі бірден байқалды. Салтанатты шараның арасында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналист Төрехан Майбас «бұл орталықтың алғашқы түлектерінің бірі – Ерлан Төлеутай бауырымыз қазір қазақ өнеріндегі Қарағандының, оның ішінде осы БОТА-ның қолтаңбасы» деп ағынан жарылды. Анығында, алғашқы боталықтар кімдер еді? Олар – қазақ ән өнерінде қатар жүрген қос Ерлан (Төлеутай мен Құжиман). Бүгінде ортамызда болмаса да, қазақ журналистикасына өзіндік қолтаңбасын қалдырып кеткен сатирик Мартбек Тоқмырза. Қарағанды қазір 1 сәуір – күлкі күнін осы кісінің астарлы әзіл-оспақтарымен қарсылайды... Пәлсапа, дүниетаным десек, бүгінгі философтар Бақытжан Рахымжанов пен Омар Жәлелді айт. Алдарына барсаң, Абай-Шәкәрім әлеміне сүңгіп, дүниені тәрк қылып шығасың. Ақындыққа салса, Руслан Нұрбай мен Қайрат Асқар болып жалындап жыр оқи барады БОТА. Осылардың барлығы қазір қазақ өнеріне үлес қосып жүрген бір-бір тұлға. Бір-бір биік. Кезінде осы азаматтар бастап, БОТА-ның өз іші былай тұрсын, «Еңлік-Кебек» пьесасымен үлкен сахнаға дейін көтерілген. Аптасына бір рет облыстық телеарнада «Білгенге маржан», «Алтын сақа» сияқты танымдық бағдарламалар жүргізіп тұрды. Қарағандының күллі студенті орталықтың айналасына тоқайласты. Әу баста жұмысын осылай бастаған БОТА бүгінге дейін бағытынан тайған жоқ. Қазір бұл құтты орданың тізгіні – Гүлсім апай Құдайбердиевада. Қасында Әділ Жакулаев пен Ербұлан Құмарбек бар. Орталықты алғаш ұйымдастырушы Жадыра Сенбекқызы шараға келіп, естеліктер айтып, жүрекжарды лебізімен бөлісті.
Сарыжайлау кинотеатрындағы мерейтой облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өтті. Игі шараға басқарманың мойын бұрып отырғанының өзі біраз жайды аңғартса керек. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен, қазақ руханиятының жанашыры, бірнеше кітаптардың авторы Бақытқали Мұсабеков және Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гауһар Әбушахманқызы сөз сөйлесе, БОТА-ның бұрыннан бергі мүшесі, қазақ эстрада жұлдызы, әнші Сейіл Аяған ән шырқап, Руслан Нұрбай мен Қайрат Асқар орталықтың ордалы тойына арнаған өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, салтанатты шара барысында бүгінгі боталықтар қойған керемет концерттің куәгері болдық.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 148
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px