Дән себуге дайынбыз ба? - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Дән себуге дайынбыз ба?
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»


Күн жылығалы Арқада егіс науқанына әзірлік қызу жүруде. Даладағы диқандар дайындық шараларына қарқынмен кірісіп кетті. Бұл бағыттағы жұмыстар – облыс басшылығының жіті назарында. Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары         Шагурашид МАМАЛИНОВ бастаған жұмыс тобы Шет ауданында болды. Ақсу-Аюлыда өткен жиында аудандағы даярлықтың аяқ алысы бағамдалып, пысықталды. Және мал бағып, дән сәпкен ағайынға мемлекеттік қолдау заңнамаларындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы жан-жақты түсіндірілді.
Биыл Шет ауданы егістік көлемін 10 пайызға ұлғайту туралы облыс әкімдігі тарапынан қойылған міндетті еңсере алмауда. Облыс басшылығының нұсқауына сәйкес, Шет диқандары 20 мың гектарға – дәнді дақыл, 1160 гектарға – картоп, 111 гектарға – көкөніс, 1 мың гектарға – майлы дақыл, 6,9 мың гектарға – көп және біржылдық шөп тұқымын себуі тиіс еді. Алайда, аудан басшылығының хабарлауынша, дәнді дақыл алқабы – 18 мың гектарды, майлы дақыл алқабы – 800 гектарды құрамақ.
Ауданда науқанға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. 6 сәуірдегі ақпаратқа сүйенсек, 1780 трактордың 1743-і (98 пайыз), 360 тұқым сепкіш пен тұқым себу кешенінің барлығы егіс даласына шығуға әзір.
Бұдан бөлек, науқанға қажетті 513 тонна дизель отынының 168 тоннасы (33 пайыз) диқандар қоймасына жеткізілді. Көктемге қамданысты қарқынмен қолға алған диқандар «алдағы күндері тиісті отынды әкеліп аламыз» деп отыр.
Жиында облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асанов егістік алқаптарының ескіруін алға тартты. Аудан бойынша есепте тұрған 47,7 мың гектар жердің 28,4 мың гектары (59,5 пайыз) жаңартуды қажет етеді. Әйткенмен, бұл бағдардағы жұмыстар – жоқтың қасы.
Сондай-ақ, Шеттегі диқандар тұқым алуда селқостық танытуда. Аудан сұранысы бойынша бөлінген 14 тонна көпжылдық шөп тұқымының небары 1,5 тоннасы (11 пайыз) тұтынушыларға жол тартыпты.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді шағын несиемен қамту ісін биыл да жалғастырады. Қордың облыстық филиалының директоры Өмірзақ Торғаевтың мәлімдеуінше, биыл бұл мақсатта облысқа 1 млрд. 417 млн. теңге қаражат бөлініп отыр.
Былтыр облыстық филиал аталған бағыттағы жұмыстарды жемісті жүргізді. Қарағанды облысы бойынша 1 млрд. 785 млн. теңге несие берілді. Оның ішінде Шет ауданының шаруалары 284,1 млн. теңге қаржыға қол жеткізді. Яғни, «Мурабаха» бағдарламасы бойынша – 39,2 млн. теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша – 119,6 млн. теңге, кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша – 67,5 млн. теңге және «Ырыс» бағдарламасы бойынша 57,7 млн. теңге қаражат Шеттегі шаруалардың қолына тиді. Былтыр облыста 5 сүтті-тауарлы ферма ашылса, соның бірі Шет ауданында орналасқан.
Биыл облыстық филиал үш бағытта жұмыстар атқармақ. Нақты айтқанда, сүт қабылдау пункт­терін ашу, 500 басқа арналған 7 сүтті-тауарлы ферма құру және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы негізінде қолға алынған шаралар жалғасын табады.
Бүгінде сүт қабылдау пункттерін ашу бойынша Шет ауданындағы Ақадыр және Талды селоларынан екі өтініш түсті. Қазіргі таңда бұл өтініштер тиісті мекемелер қарауына алынып, талқылану үстінде.
Жалпы, Шет ауданына филиал тарапынан, әзірге, 69 млн. теңге қарастырылып отыр. Келешекте бұл сома қосымша қаражат көзімен толыға түспек.
Келелі басқосуда қатысу­шы­лар көкейкесті сауалдарын жол­дады. Жұмыс тобының мүшелері, тиісті сала мамандары көтерілген мәселелер бойынша толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиынды қорытындылаған Шагурашид Қалиұлы көктемгі егіс жұмыстарының уақытында басталуына назар аударды. Мемлекеттік қолдау бағдар­ла­маларын пайдалануда енжар­лықтан арылып, білек сыбана еңбек етуге шақырды.
ШЕТ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 152
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px