Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Қазір Қарқаралы ауданының құ­ра­­мындағы бұрынғы Егіндібұлақ ауда­нында қызмет атқарған дәрігерлердің еңбегі екі есе артық болды десек, қа­телеспейміз. Өйткені, дәл іргедегі Семей ядролық сынақ полигоны айына екі-үш рет жарылыс жа­сап, маңайына ажал ша­шатын улы газын таратып жатты. Соның әсерінен мыңдаған тұрғын түрлі-түрлі ауруларға ұрынды. Тіпті, полигонның радиациялық зардабы белгілі болғанша кейбірінің науқасының түрін де анықтау мүмкін болмағаны жасырын емес. Осы өңірдің денсаулық сақтау саласына елеулі үлес қосқан, өмірінің 45 жылын осы салаға арнаған Мағымжан Исайынов ағамыз осындай қиын-қыстау кезеңде қызмет атқарып еді.

Қазір сексеннің сеңгір биігіне шығып отырған Мағымжан ағамыз ауылдағы ор­талау мектептен соң Қарағандыға ба­рып, Жамбыл атындағы орта мектепті бі­тірісімен жаңа ашылған Қарағанды дәрігерлік институтына түседі. Оның бұл мамандықты қалауының өзі тегін емес еді. Оған айтылып кеткен атың өшкір полигонның зардабынан науқастанып, өрім жастардың көз жұмып жатқандығы себеп болған сияқты. Қанатымен су сепкен қарлығаштай Мағымжан ағамыз да науқастарына шипа боларлық ем жа­сағысы келген-ау деп ойлаймын мен кейде.

Ағамыз жоғары оқу орнында өте жақсы оқыды. Ол кезде мұнда жергілікті кадрлар тапшы болатын. Көпшілігі басқа ұлт өкілдері еді. Соған қарамастан, олар оқып жатқан студент қауымының бойына білім нәрін дарытуға бар күш-жігерлерін жұмсады. Оқуын бітіріп, жоғары бі­лім алып шыққан 1957 жылы оны меди­цина саласында жетекші мамандар да­яр­лайтын номенклатураға іліктірген. Сөй­тіп, облысымыздан Мәскеу қаласына ба­рып оқып қайтатын 4 дәрігердің бірі бол­ған. Бірақ Мағымжанға Кеңестер Ода­ғының астанасында оқуға дәм тарт­пады. Өйткені, ол қарайласар ешкімі жоқ жалғыз анасын тастап кете алмады. Оның үстіне медицина училищесінде оқып жүрген інісі Сақайдың да оқуы қалып қоятын болды. Содан еріксіз қолына жол­дама алып, өзі туған, алыс аудандардың бірі, Егіндібұлаққа жол тартты. Медицина саласына бастаған сол ұзақ жол тек жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейін жалғасты деуге болады.

Бүгінгі Мақаң ақсақал барлық өмірін ауданның үлкен-кішісінің денсаулығын сақтау ісіне арнағаны сөзсіз. Осындағы аудандық ауруханада табаны күректей отыз бес жыл бойы бас дәрігер болған екен. Одан соң да он жылдан астам ау­данның медицина саласында дәрігерлік қызмет атқарады.

Мағымжан ағамыздың есіне Семей сынақ полигоны түскенде әлі күнге де­йін іші қан жылайды. Адамның ауру екен­дігін көзімен көріп тұрып, оның нау­қасының неден екенін біле тұрып, кө­мек жасай алмаудан артық қасірет жоқ екен. Радиацияның әсерінен кейбір нау­қастарға ем қонбайды.

Осы кезде аудандық ауруханада Ті­леубай Жұмаділов, Сүният Талдыбаев, Бану Маясарова, Тельман Нұрманов, Іл­дебай Есжанов, Еркін Жұмаділов, Сай­лау Қанафин, Жөкен Ысқақова, Әбу Мизамбаев, Теміржан Құсайынов сия­қ­­ты дәрігерлер, олардың көмекшілері Зоя Ілиясова, Көкен Ахметова, Ира Се­рікбаева, Нескен Мүбаракова, Ба­қыт Асжанова сынды кіші медицина қыз­меткерлері еңбек еткен еді. Сол уақытта Мақаңның басшылығымен сов­хоздарда учаскелік ауруханалар, кей­бірінде дәрігерлік амбулаториялар ашыл­ды. Барлық бөлімшелерде мед­пункттер жұмыс істеді. Ауруханалар мен амбулаторияларда өздерінің зерт­ханалары мен физиокабинеттері жасақ­талды. Тың совхозы болып құрылған Абай атындағы және «Арқалық» ша­руашылықтарында рентген кабинеттері болды. Абайдағы учаскелік ауруханада тіс емдеу кабинеті ашылды. Олар сол заманға сай өз кезіндегі ең жаңа деген құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Әлі есімнен кетпейді, – деп еске ала­­ды Мағымжан Исайынов ағамыз. – Ау­дандық аурухана ескі жобамен салынғандықтан, қолдан жағатын пеш орнатылған. Жылуы өте төмен. Оның үстіне от жағып, күл шығару қолай­сыздық туғызатындығы анық. Содан ау­дан басшыларының көмегімен қазандық орнатуды қолға алып, 1965 жылы бір орталықтан жылытуға қол жеткіздік...

Егіндібұлақ басында 1985 жылы ау­қымды аурухананың құрылысы бас­талады. Құрылысы созылыңқырап ба­рып бітіп, ол 1992 жылы пайдалануға бе­рілді. Сол жылы аудандық ауруханаға жылжымалы флюорографиялық ма­шина алынды. Бұл аудан орта­лы­ғынан шалғайдағы бөлімшелер мен қыс­тақтарда тұратындардың өкпесін тексеріп тұруға, сөйтіп туберкулездің алдын алуға және анықталғандарын жедел емдеуге мүмкіндік тудырды. Сол кезде аудандағы барлық емдеу орындары «Жедел жәр­дем» автокөлігімен қамтамасыз етілген болатын.

Мақаңның тағы бір ауыз толтырып айтарлық еңбегі – сол жылдары учас­келік ауруханалар мен медициналық пункт­терді маман кадрлармен толық қам­тамасыз етуі еді. Ол құрал-жабдықтардың дер кезінде жеткізілуін де өзі тікелей қа­дағалап отыратын. Бір-бірінен шалғай ор­наласқан медициналық пункттерді ара­лаудан ешқашан жалыққан емес. Сон­дай кездерде ол ұсақ-түйек те болса кездесетін кемшіліктерді қалт жібермейтін. Шаруашылықтардың қай­сысында қандай науқас барын, қай­сысына дәрігер жіберу керектігін, қай медпунктке қандай құрал-жабдық бе­ру керектігін, қай ауылда айы-күні жа­қындаған қандай ана бар екендігін жақсы білетін. Жүргізілген жұмыстың нә­тижесінде жас сәбидің шетінеуі аза­йып, егу жұмыстарын дер кезінде жүр­гізгендіктен балалардың жұқпалы аурулары біршама азайған болатын.

Мағымжан аға аудандық партия ко­митетінің мүшесі, аудандық Кеңестің де­путаты да болды. Сол кезде ауыл ара­лаған шақтарында тұрғылықты елдің әлеуметтік жағдайларына да көңіл бө­ліп, кейбір мәселелерді аудандық пар­тия комитетінің пленумында, бюро мә­жілістерінде мәселе етіп көтеріп, соның нәтижесін қадағалауды да ұмытпайтын.

Мақаң тек қызметте ғана емес, от­басында да үлгілі отағасы бола білді. Өмі­рінің қызықты шағын денсаулық сақ­тау саласына арнаған жеңгеміз Жібек Оспанбекқызы төсек тартқан жылдарда үлкен қамқорлық көрсете білді. Төрт жыл бойы жанында тапжылмай отырып күтіп, соңғы сапарына ақ жауып, арулап шығарып салды.

Сонау ел басындағы зұлмат заман, аштық жылдары дүниеге келіп, балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына дөп ке­ліп, ойын дегенді білмей, өзі сияқты бас­қа да балалармен бірге колхоздың шө­бін шабысқан, малын бағысқан, малдың қиын ойысқан, астық жинасып, масақ теріскен. Соған орай, қазір Мақаң – тыл ардагері. Ол кісінің медицина са­ласындағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көптеген мақтау грамоталарымен ма­ра­патталған. Соның ішінде «КСРО ден­саулық сақтау ісінің үздігі» атағына ие болуы ерекше атап өтуді қажет етеді.

Бір сөзбен айтқанда, «Қарттары бар ел – қазынасы бай ел» деп бекерге ай­тылмаса керек. Бұл күнде Қарағанды қа­ласында тұрып жатқан, кезінде ден­саулық сақтау саласының тыным таппас сарбазы атанған Мағымжан Исайынов си­яқты көпті көрген көнекөз ағамыздың ха­лық арасындағы орны қашанда ерек­ше екендігі сөзсіз. Сондықтан да, тек жа­сай беріңіз демекпіз.

Рымбай ШИМБАЕВ,

ішкі істер органының ардагері.


 Пікірлер: 0
 Оқылған: 966
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px