Еңбегі – ел ырысы - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Еңбегі – ел ырысы
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»
Елбасы қазақ жұртын алдыңғы қатарлы агроөнеркәсіпті мемлекетке айналдыру жөнінде әрдайым айтып келеді. Дүниежүзілік сауда ұйымына, Еуразиялық экономикалық одақ құрамына енгелі елімізде мал өнімі экспортының әлеуетін көтеру қажеттілігі туындауда. Бұл бағытта билік тарапынан ауқымды бағдарламалар да қолға алынып жатыр. Алдындағы бес сиырының күйін көксеген шаруа үшін аталған жобалар – елеулі қолдау, әрине. Жаңаарқадағы «Бекарыс» шаруа қожалығының жетекшісі Өмірзақ БАЛАЖАНОВ ақсақал да қорадағы малының қарасын көбейтуді ойластырып отыр.
Жаңаарқа жері – ежелден малға жайлы мекендердің бірі. Кеңес уағы кезінде бұл аудан етті-сүтті ірі қара, қой, жылқы шаруашылығы бойынша атағы жайылып, дүрілдеп тұрды. Аудан көлемінде Бидайық, Байдалы би, Целинный совхоздары сүт өндіруден алдына қара салмады. «Бекарыс» қожалығы осы Целинный совхозының бұрынғы 3-інші бөлімшесі орнынан құрылды. Өмірзақ ағамыз бөлімшеде бақташы ретінде еңбек жолын бастап, мал өсіру шебері болған екен. Үйдегі Айткүл жеңгеміз де осында сүттің есебін жүргізген.
Билік ауып, заман өзгерген кезеңде Өмкең бөлімше тізгінін қолға алды. Мал өсіріп, қазақтың ата кәсібін жалғастыруды мақсат тұтты.
Профессордың алдын көріп, кәсіби мамандық алмаған ақсақал өмірлік тәжірибесіне сүйенді. Түлік соңында жүріп, түзде жиған білімінің арқасында шаруасын дөңгелетіп әкетті. Ұлды мәпелеп өсірді, қызды әлпештеп жеткізді. Барлығын да өзінің еңбегінің арқасында қатарынан кем қылмады. Әкенің тәлімін көріп өскен сол ұлдар бүгін «оқ жонып жүр»...
Қазір шаруашылықта 120 сиыр бар. Бұл – тана-торпақты санамағандағы есеп. Кілең қырдың қызыл сиырлары. Өмірзақ ақсақал заман ағымына ілесіп, жылт еткен жаңалықты тұрмыста жүзеге асырғанды хош көретін адам. Соңғы уақытта Үкімет тарапынан жарнамаланып жатқан бағдарламалар арқылы асыл тұқымды ірі қараны өсіруге бет бұрып отыр. «Ірі қараны ірілендіру қажет», – дейді. Сүтті сиырлар қарасын көбейткісі келеді.
Кәсібін көркейтуге ақсақалдың мүмкіндігі молынан жетеді. Рүстем мен Манас есімді ұлдары әке ісін жалғастыруға бел буған. Қос ұл қыстау басынан хан сарайындай қосқабатты үйді салып тастапты. Субсидиямен «Беларусь» тракторын алған. Мал қораның да жайын келістірген. Шаруақор адамның қолы тигені көрініп тұр. Қыстау маңы тап-таза, жинақы. Қыздың жиған жүгіндей барлық тұрмыстық нысандар рет-ретімен орналасқан.
Біз келгенде Манас «ГАЗель» маркалы сүт машинасымен жанымызға тоқтады. Жүз шақырымдай жер жүріп, маңайдағы жеті ауылдан сүт жинап келіпті. Былтыр 30 пайыздық субсидиямен алған көлік бөшкесінің сыйымдылығы – 1,3 тонна. Манастың айтуынша, қыс мезгілінде күніне екі тоннадай сүт жиналады екен. Жаз күндері 10 тоннаға дейін жетеді. Жиналған сүтті Теміртаудағы «РЕН-МИЛК» сүт фабрикасының машинасы күнделікті алып кетеді. Сүтті уақытша сақтау үшін фабрика осында арнайы сүт блогын орнатыпты.
Манас сүт жинау жұмысын дамытуды ойластыруда. Мәселен, кооператив құруды жоспарлауда. Және тағы бір сүт таситын көлікті сатып алмақ. Сонда жиналатын сүт көлемі де арта түсер еді.
Қожалықтың иелігінде 1500 гектар  шабындық жер бар. Малдың азығы жеткілікті. Десек те, биылдан бастап жем-шөп қорын түрлендіру мақсатында жоңышқа, арпа, сұлы дақылдарын егілмек. Сөйтіп, азық базасы нығайтылмақ.
Өткенде ауылдағы ағайынның ахуалымен танысуды көздеп, мың шақырымнан астам жолды артқа тастаған облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Асанов «Бекарыс» қыстауына да ат басын бұрған еді. Сонда ақсақал ойдағы жоспарын сала басшыларымен бөлісті. Жоғарыда айтқанымдай, Өмкең сүтті сиырды өсіруге ниет қылуда. Аймақтардың экспорттық әлеуетін бағамдауды мақсат тұта шыққан Шагурашид Қалиұлы қожалық басшысының бұл таудай талабына демеу білдіру қажеттігін тапсырды сол шақта жауапты тұлғаларға. Мемлекеттік қолдау тетіктерін барынша тиімді пайдалануды міндеттеді.
Кезінде Алаш үкіметінің басында тұрған Әлихан Бөкейхан қазақ жерінде ауыл шаруашылығын гүлдендіруді ойлап еді. Қазақ жұрты баба қанымен жеткен кәсіпті бір кісідей өркендете алатындығына да кәміл сенді Әлекең. «Қазақ» газетінде бұл тұрғыдағы бірнеше мақалалары жарық көрді. Жаһандағы елдер тәжірибесінен мысал келтіре отырып, қазақты мал өсіруді өрістетуге шақырды.
«Еуропадағы Швейцария жұрт­ының жері – Түркістан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтін биік таулы, малға жақсы, егінге жаман. Адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы – мал бағу. Жері аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегін асыл қылып мал бағып, тіршілік қылып отыр. Қадағы 1 сом 20 тиыннан біздің орыстың қаласында сатылатын ірімшікті осы Швейцария шығарған болады», – дейді Әлекең бір мақаласында.
Алаш көсемінің ой-тұжырымы әлі күнге маңызын жоғалтпай келеді. Кейінгі жылдардағы билік қолдауының нәтижесінде біздің шаруалар мал басын асылдандыруға бет бұрып отыр. Өмірзақ ақсақал да көппен бірге ел ырзығын еселеуге ден қоюда. Қуатты аграрлы мемлекетке айналуды көздеген ел саясатына тамшыдай үлесін қосуға білек сыбануда.


ЖАҢААРҚА ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 298
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px