Еңбегімен өрге ұмтылған - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Қарағандыдан шыққан сапарымыз Қаратомар округінің орталығы Сенокосное ауылының маңынан жанай өтті. Ілгері кетіп, Трудовое ауылының тұсынан бұрылуымыз тиіс екен. Сенокосноедан тіке баратын жолды өзектер кесіп жатыр. Жанымдағы ауыл әкімі Бахи Түсіпбековтің айтқаны. Әкімнің астындағы «Жигулидің» өзектен аса алмасы анық. Бәкең 2004 жылғы көліктің аяқ артуға жарап тұрғанына шүкір қылады. Әнебір жылдары ауыл әкімдері мен мал дәрігерлеріне таратылған «Нивалардың» бірінің тізгініне қолы жетпепті. Жаман «Жигулимен» Сарыбелдің қарлы қысында ауылдан да шыға алмай қалады екен. Бұл жолы жаңбыр жаумай абырой болды. Иен далада батпақтап қалсақ, қол ұшын берер жан жоқ. Не десек те, Бәкеңе бір «Нива» керек-ақ...

Трудовоеның тұсынан жиырма шақырымға жуық дала жолына түстік. Бір белден соң тағы бел. Жұрт мақтаған шаруашылыққа жеткенше асықпыз.

Көк шалғын жамылған биіктеу дөңге көтерілген сәтте алдымыздан қаз-қатар тізілген аппақ үйлер жамырай шықты. Бұрынғы бөлімшенің үйлерін іске жаратып отырғаны көрініп тұр. Сәл әрірек бірнеше баз-қора мен шаруашылық нысандары сап түзеген. Ауылға кіреберіс тұста шағын көлшік жалтырайды. Жағалауын аптаптан паналаған бұзау-торпақ жағалап жүр. Шаруашылықты іске мығым азаматтар қолға алғаны айқын байқалады. Жинақы, таза, ретімен.

Біз келгенде серіктестік меңгеру­шісінің көмекшісі Сайран Сәрсекеев бастаған жігіттер қызу жұмыс үстінде екен. Үйірде жүріп, айғырлармен тістесіп қалған күрең айғырдың жараларына ем-дом жасауда. Газеттен келгенімізді естіген бетте Сайран бізді табынға қарай бастап жүрді.

Бақташы Амангелді Добаровпен жайылым басында таныстық. Бір жылдан бері шаруашылықта тер төгіп жүрген азамат – алдындағы төрт жүзден астам сиырға бас-көз. Өзі Пушкин ауылында тұрады. Кәсібіне дән риза. Таңғы жетіден ымырт үйірілгенше мал ыңғайымен 10-15 шақырым ұзап қайтуға машықтанып алған.

Неігізі, «Табыс – Агро D» ЖШС 2013 жылы ашылған. Шаруашылық етті бағыттағы ірі қара өсіруге мамандануда. Былтыр Ресейдің Хакасиясынан 437 герефорд сиырын әкеліпті. 15 бұқаны және алған. Аужекеңнің бағып жүргені – сол герефорд сиырлары. Қазіргі күнге дейін 250 сиыр төлдеп үлгеріпті. Арқа қысына төзімді мал қыстан жақсы шығыпты. Аузы көкке ілінісімен тіпті көтеріліп кеткен. Күніне 1 келіге дейін салмақ қосуға қауқарлы.

Күйлі табынды аралап, бөлімше басына қайта оралғанда серіктестік директоры Ерлан Сағидолдин да Астанадан келіп жетті. Шаруашылық жұмыстарымен бірнеше күн Елордада жүріп қайтыпты. Әңгімеге жүйрік жігіт жұмысымен таныстырды.

Сиырларды өз қаражатына сатып алған серіктестік мемлекет тарапынан қолдауға иек артып отыр. Бір сиырға 118 мың теңге субсидия қарастырылған.

Былтыр күзде Герефорд сиыры палатасынан асыл тұқымды ірі қара шаруашылығы статусын алды. Және 2015 жыл қорытындысы бойынша осы палатаның ең көлемді сатып алу шарасын жүзеге асырған шаруашылық ретінде марапатқа ие болды.

Серіктестік игілігінде 2500 гектар жайылым жер бар. Бұдан бөлек, 1268 гектар егістік алқапқа иелік етуде. Бұл жерлерге судан құмайы, арпа, сұлы сынды дақылдар себілген. Күзде эспарцет екпек. Ерлан Серікханұлы сөз арасында жер жетпей отырғандығын айтты. Маңайда бос жатқан жер жоқтың қасы. Жер болса, малдың да басын көбейтер еді.

Егіс жұмыстары қолдағы жаңа тракторлардың күшімен атқарылған. Үш «МТЗ-842» тракторы мен бір тұқым себу кешенін «ҚазАгро» АҚ-ның лизингімен сатып алыпты.

Малға су беруде де мемлекет көмегіне жүгінуде. Үш жерден құдық қазған шаруашылық субсидия алуға құжаттарын тапсырып қойыпты.

Серіктестіктегі жұмысшылар саны жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, қазіргі кезде 6 адам еңбек қылуда. Барлығы маңайдағы ауылдардың тұрғындары. Тегін жатын орын, ас-сумен қамтылған. Жалақылары тұрақты. Зейнетақы салымдары да түсіп тұрады.

Директор Ерланның келешек жоспары – айқын. Биыл мың тонналық астық қоймасы мен бір баз-қораны іске қоспақ. Бие сауылатын шағын цех тұрғызуда. Қымыз өндірмек. Күзде асыл тұқымды бұзаулардың еркектерін сатылымға шығарады. Аймақтағы ірі қара тұқымын асылдандыруға осылайша үлес қоспақ. Ал, негізгі мақсаты – жер көлемін ұлғайтып, сиыр санын 2 мыңға жеткізу. «Әлемдік талаптарға сай «мәрмәр етін» экспортқа шығарсам» дейді іскер жігіт.

Ауыл шаруашылығы саласында шаш-етек пайдаға кенелу үшін уақыт керек. Қажымас қайрат пен табанды еңбек қажет. Ерлан Серікханұлы мақсатына жету жолында бел буа тер төгуге кіріскен. Қол астындағы азаматтармен тізе қосып, қарекет жасауда.

Бізбен қоштасар сәтте директор табынға қарай бет түзеді. Жайылымның отын өз көзімен көріп қайтпақ...

ОСАКАРОВ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 411
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px