Энергиямен жабдықтаушылардың текетіресі әуре-сарсаңға салуда - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Бұрын бұл өңірде электр қуатын беріп келген «Жезқазған энергосбыт» ЖШС монополистке айналған еді. Электр тарифінің бағасын ешқандай қоғамдық талқылау өткізбей, өз ұйғарымдары бойынша бірнеше рет негізсіз көтерген бұл жабдықтаушыға деген тұтынушылардың наразылығы облысқа дейін жеткені белгілі. Осыған орай, мәселеге табиғи монополияларды реттеу агенттігі араласып, «Жезқазған энергосбыт» серіктестігін сотқа берген болатын. Сот жеке тұлғалар үшін бір киловатт электр қуатының бағасын 18,83 теңгеден белгілеген монополистің тарифін негізсіз деп тауып, оны төмендету туралы ұйғарым жасаған-тын. Алайда, монополист компания бір жылдан бері Жоғарғы соттың шешімін орындамай келеді. Осындай ахуал белең алып тұрған кезде энергиямен жабдықтау нарығына екінші компания келіп қосылды. «Казэнергоцентр» ЖШС аталатын бұл қызмет көрсетушінің келуі де тұтқиылдан, ешқандай ескертусіз орын алғандықтан жұртшылық абдырап қалды. Үстіміздегі жылдың наурыз айының онынан кейін хабарландыру берген жаңа жабдықтаушы: «ақпан айынан бастап қаладағы барлық үйге электр қуатын біз беріп жатырмыз, сондықтан төлемақыны бізге төлейсіңдер» деп түбіртектерін тарата бастады. Ал, бұл екі ортада ақпан айы үшін «Жезқазған энергосбытқа» төлем жасап қойғандар «қайтеміз?» десе, «барып ақшаларыңды қайтарып алыңдар» деген соң, көпшілік жұрт жүгірісе бастады.

Ақша қайтармақ түгілі, «Жезқазған энергосбыт» жалынан да сипатар түрі жоқ. «Жоқ, тоқты біз беріп отырмыз» деп маңайлатпайды. Жаңа жабдықтаушы «Казэнергоцентрдің» тарифі бұлардан екі теңгедей төмен – 16,13 теңгеден екен. Осы бағаны қолайлы көріп, жаңа жабдықтаушыға ауысуға ниет еткендерге «бізге үйдің құжатымен қосып, өтініш бересіңдер, содан кейін бір айдан кейін ғана ауыса аласыңдар» деген талап қойды. Ал, айтқандарын жасап, өтініш бергендерге «үй кімнің атында, сол келуі керек» деген сыңайда әртүрлі сылтау айтып, құжаттарын қабылдамай әуре-сарсаңға салған соң көп адамдар қолды бір сілтеп, бұрынғыша қала беруден басқа амал таппады. Жаңа жабдықтаушы болса, бұрынғы қызмет берушіге төленіп жатқан төлемақыны қаперге алмай, қарызды көбейтіп, ай сайын екінші түбіртекті қосарлап әкелуден тыйылар емес. Анығын айтқанда, текетіреске салынған екі жабдықтаушы абоненттерге таласып отыр.

Осы жағдайдан әбден жүйкесі жұқарған тұрғындардың біразы «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалына жиналып, электрмен жабдықтаушы екі компания басшыларымен кездескен еді. Бұл екі мекеме бір-бірін заңсыз деп кінәласып, бір мәмілеге келе қоймады. Электр қуатын таратушы «Қазақмыс дистрибьюшн» компаниясы басшылығының мәлімдеуінше, бұлар 1 ақпаннан бастап кепілді жабдықтаушы ретінде қуат көзін «Казэнергоцентр» ЖШС-іне бере бастапты. «Жезқазған энергосбыт» электр таратушыларға 22 млн. теңгеден аса қарыз көрінеді. Алайда, осы жиынға алдын-ала хабардар еткенге қарамастан не табиғи монополияны реттеу агенттігінен, не қала әкімдігінің басшыларынан ешкімнің қатыспауы ардагерлердің наразылығын туғызды. Жақында жұртшылық өкілдері мәслихат депутаттарына мұңын шағып, қала әкімдігінде тағы жиналды. Бұл жолы, әйтеуір, мәслихат хатшысымен бірге қала әкімі орынбасарының бірі қатысты. «Нарықта екі жабдықтаушы бар, тұрғындар қайсысын таңдайды, өз еріктерінде» дегеннен басқа басшылар ештеңе айта алмады. Ал, көпшілік екі компанияның төлемақыны қосарлап есептеуіне тыйым салып, таңдаған жабдықтаушыға әуре-сарсаңсыз ауысуларына ықпал жасайды ғой деп сенген еді. Бірақ, әкімдік орын алған дау-дамайға төрелік айтудан тартынып, бейтараптық бағыт ұстануда. Тұрғындар осыған өкпелі. Көршілес Сәтбаев қаласында әкімдіктің қолға алуымен бұл мәселе ың-шыңсыз шешілуде дейді.

Негізінде, Елбасы алға қойған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік беру үшін электр энергетикасы саласын қайтадан құру жөніндегі маңызды міндеттер белгіленген. Сондықтан да, биліктің бұл аса маңызды мәселеде бейтараптық танытып, электрмен жабдықтаушы кәсіпорындардың бей-берекет ісіне араласпауы қисынсыз болар.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 430
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px