Екі тілдің бірі жоқ, Болғанымен құны жоқ... - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Екі тілдің бірі жоқ,
Болғанымен құны жоқ...
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Көкірегі ояу қазақ не жайлы айтпағымды бірден аңғарған болар. Қарағанды көшелеріндегі ана тіліміздің жай-күйі. Бұл жолы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өкілдерімен рейдке шықтық. «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» айлығы аясында.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»
Облыс әкімдігінің қаулысымен басқарма тіл төңірегінде бұған дейін де біраз жұмыстар атқарғанға ұқсайды. Обалы нешік, орайын тауып, оңтайлы іс қылғанымен, бұл орын кемшіліктерге жол берген жарнама иелеріне құқықтық түсіндіру жұмыстарынан әрі аса алмайды. Өйткені, «Қазақстан Республикасы Тіл туралы» Заңының 21-бабында солай көрсетілген. Шара қолданып, тәртіптік жаза ретінде айыппұл салу жағы қарастырылмаған. Тіл мәселесіне келгенде, қолға алған шаруамыз шабандап, толыққанды жүзеге аса бермейтінінің бір себебі – осы.
Көрнекі ақпараттар мен жарнамаларда орын алатын заңбұзушылықтар мен қателіктерді бірізділендіру мақсатымен бұл жолы Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығысындағы Язев көшесінің бойымен өттік. Қате айрылып-жыртылмаса да, кемшіліктен кенде, олқылықтан орта емеспіз. Көше атауының өзі аңдатып тұрғандай, аталған көшедегі кейбір көрнекі ақпараттардың қазақша нұсқасы да жоқ. Мәселен, Язев-17 мекен-жайында тігін мекемесінің жарнамасы таза орыс тілінде тұр. «ҚР Заңы бойынша жарнама қазақша, орысша жазылып, ана тіліміздегі жазба жоғары орналасуы тиіс» деп әкімшілігіне ескертіп кете бардық. Түзететінін айтып олар қалды. Осы көшедегі 21/2 үйдің төменгі қабатында орналасқан «Биосад» саяжай орталығында тағы сондай заңбұзушылыққа тап болдық. Өкінішке қарай, әкімшілігі орнында болмай шықты. Язев көшесіндегі мұндай кемшіліктерді түгендесек, тағысын тағы тізіле береді.
Көшеде ілінген көрнекі жарнаманың кейбіреуінің қазақшасы кездескенімен, әріп қатесінен сауы жоқ. Мәселен, «Еуропадан киімі», «Салмаққа барлық отбасы үшін», «Әйелдер киім», «Балалар жасөспірімиің киімі», «Компьютерлік бөліме» сияқты сауатсыз жазбалардан көз сүрінеді. Ал, сіз «Ремонт обувидің» аудармасы «Аяқ ким» дегенді түсінесіз бе? Жоқ. Есігін тартсаңыз, жабық. Еріксіз бұрылып кетіп қаласыз.     
Бұл бағытта Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық!» атты айлық жылына екі мәрте жүреді. Оның сыртында қалалық бөлімнің атқаратыны бар. Бірақ, нәтиже шамалы. Өйткені, қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ. «Балық басынан шіридінің» кері.
Сәуірдің 18-нен басталған айлық мамырдың 18-де аяқталды. Білуімізше, біраз мекемелерге ескерту жасалды. Нәтиже болса.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың айтуынша, көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамалардағы кемшіліктердің орын алуы – жарнама иелерінің «Қазақстан Республикасы Тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптарын сақтамауынан, көрнекі ақпарат мәтіндеріне редакциялық, лингвистикалық сараптама жүргізбеуінен, сондай-ақ, жергілікті әкімдіктерде олардың мәтіндерімен келіспеуінен туындайды. Мұндай олқылықтарды болдырмау үшін қазіргі таңда сыртқы (көрнекі) жарнамаларды орналастыруға келісім беруді «электрондық үкіметтің» www.e.gov.kz веб-порталы немесе «Е-лицензиялау» www.elicense.kz порталы арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік туып отыр. Сондықтан да, шағын және орта  бизнес өкілдері және жарнама агенттіктері көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнаманы орналастырмас бұрын Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына және жергілікті әкімдіктерде жұмыс істейтін «Жедел желі» қызметіне хабарласып, тегін кеңестер алса, олардың мәтіндерімен келіссе біраз мәселе өздігінен шешілер еді.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 149
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px