Ел тыныштығының қорғаны - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

1992 жылдың 13 шілдесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ҚР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ретінде қайта құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Қазіргі ҰҚК қызметкерлерінің кәсіби мерекесі сол күннен бастау алады.

 

Қазіргі ахуалдағы ел қауіпсіздігі мүддесіне қызмет ету – бұрынғыдан өзгеше. Еліміз демократиялық даму жолына түскен кезде осынау күрделі де қиын қызметті терроризм мен экстремизмге қарсы тұру және мемлекеттік шекараны қорғау міндеттерін шешу барысында, әрі бұл ретте азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмей отырып жүргізу керек болды. Бұл міндеттердің ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері тарапынан абыроймен орындалып жатқанын ҚР ҰҚК құрылуының 24 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада айтылған көптеген құттықтау сөздер дәлелдейді. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақанов Кеншілер мәдениет сарайы сахнасында әріптестеріне жолдаған өзінің құттықтау сөзінде ведомствоның Қазақстан халқы мен Президентінің сеніміне әрқашан лайықты болатындығын айтты. Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те құттықтау лебізін жолдап, Елбасы қамқорлығының арқасында ұлттық қауіпсіздік органдарының техникалық жақтан жасақталған, мобильді, көпқызметті құрылымға айналғандығына тоқталып өтті. Арнаулы қызмет органының еңбегімен көзге түскен қызметкерлеріне Құрмет грамоталарын табыстады.

– Ұлттық қауіпсіздік орган­дарының құрылған күнінен бастап ондаған қызметкерлер жыл сайын жоғары мемлекеттік марапаттармен – Қазақстан Республикасының ордендері мен медальдарымен марапатталады. Қазіргі уақытта ҰҚК күрделі ахуалда жұмыс істеуде. Ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер қаупі сейілмей отыр. ҰҚК қызметкерлерінің өз Отанының нағыз патриоттары ретінде бейбітшілікті, еліміздің тыныштығын, қауіпсіздікті қорғауда ел Заңдары мен Конституциясын қатаң түрде сақтай отырып, әрекет ететіндігіне күмән жоқ, – деп мәлімдеді марапаттаудың салтанатты рәсімі кезінде ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Кендебай Адамбеков.

Марапатталғандардың арасынан ҰҚК ардагерлері – Рахметолла Оспановтың, сондай-ақ, Айбас Ахметжановтың есімдері айрықша аталды. Олар әр жылдары ұлттық қауіпсіздік органдары тарапынан қолға алынған бірқатар атышулы істерге қатысқан болатын. Ардагерлер өз әріптестеріне қызметте табыс тілеп, әрқашан парыз бен антқа адал бола отырып, аға ұрпақтың қастерлі дәстүрлерін сақтауға, қызмет абыройы мен беделін арттыруға тілектестік білдірді. Теміртауда ағымдағы жылдың көктемінде волейбол ойынынан ҰҚК полковнигі Жақан Медеубаевты еске алуға арналып өткізілген халықаралық турнирді ұйымдастыруға белсенділікпен қатысқандығы үшін және кәсіби мерекеге орай ҰҚК-нің Қарағанды департаменті басшылығының Құрмет грамоталарымен Қазақ ССР және КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Кемелбек Сүйімбаев, ҰҚК ардагері Машан Юсупов марапатталды.

Қатысушылардың төл мерекесіне орай, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Аманжол Әлтаев арнау арнады. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне өз құрметтерін білдіру үшін мерекелік шара қонақтары – жергілікті атқарушы билік және құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру, медицина, банк жүйесі және облыстың қала түзуші мекемелерінің өкілдері жиналды. Жұртшылық сахнада Литвин балалар үйінің «Арман би» би ансамблінің өнерін ерекше ықыласпен тамашалады. Балалар «Қазақстан халықтары достығы» хореографиялық композициясын орындады. Ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша қызметкерлер мен ардагерлер аталмыш балалар тәрбие мекемесінің тәрбиеленушілеріне ұдайы қамқорлық жасап, көмек көрсетіп тұрады.

Тәуелсіздік жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті әлемдік және аймақтық арнаулы қызмет бірлестігінде тең құқылы серіктес деңгейіне дейін өсті. Қазір Қазақстан ҰҚК халықаралық және ұлттық қауіпсіздік саласында тең құқылы серіктес ретінде әрекет етуде. Шет елдердің арнаулы қызмет органдарымен Қазақстан Республикасы қауіпсіздігі мен ұлттық мүддені қорғау бағытында өзара сенім қағидаларына негізделген екітарапты және көптарапты форматтағы конструктивті ынтымақтастықты жүзеге асыруда. ҰҚК қызметкерлерінің мақтанарлық жайттары бар. Дегенмен, бұл ерен еңбектің көп бөлігі, ведомство жұмысының спецификасына байланысты жұртшылық үшін беймәлім болып қала бермек.

Шараның салтанатты бөлімінен кейін Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында Қарағанды облысының әртістері мен шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетті.

Өз тілшімізден.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2479
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px