Елбасы елеген ерлі-зайыпты - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Елбасы елеген ерлі-зайыпты
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»


Елбасымен бір күнде дүниеге келген қазақстандықтар өте көп. Оның ішіне Еліміздің сәнді Ордасы – Астананы да қосыңыз. Айтпағымыз ол емес.
Ерлі-зайыпты жандардың бір күнде туғандығы жайлы толғамақпыз. Тағы дұрыс түсінбедіңіз. «Туған күнін бір күнде атап өтетін отбасылар тіпті көп» деп уәж айтарсыз. Мәселе, туған күндері алтыншы шілдеге тура келген, яғни, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен төл мерекесін бірге тойлайтын отбасы жайлы айтпақпыз.

Қарқаралы ауданының Бақты ауылында тұратын Ұлан Әбілдин мен Гүлмира Ысқақова өте қарапайым жандар. Туған күндері Президенттің дүние есігін ашқан датамен қатар келгенін кейіннен білдік. Арзан атаққа жаны құштар жандар болса, бұл мүмкіндікті баяғыда пайдаланып болатын уақыт өтіпті. Өздері керек қылмаған соң, көзіқарақты, парасатты әке Аманжол Түсіпбаев Елбасына хат жолдаса керек. Әрине, балаларының атынан. Артынан кешікпей жауабы да келеді. Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы М.Қасымбеков мырзаның қолымен. «Жылдар мен Ойлар» атты Президенттің өз қолтаңбасы қойылған кітапты құрмет белгісі ретінде аталмыш отбасына сыйға тартыпты.
Ырымшыл халықпыз ғой. Ұланның әкесі Аманжол Түсіпбаев заманында ел тұтқасына ие болып, Бақты ауылын қаншама жыл басқарған әкім болды. Шындықты шырылдатып айтты.
Ақ жолдан айнымай Ләззат жары екеуі үрім-бұтағына ілім бұлағының көзін ашты. Ата-ананың сол ақ пейіліне берген бұл Тәңірдің сыйы шығар!
Атасы ауыл басқарған, күн құрдастары мемлекет басқарған Ұлан мен Гүлмираның шаңырағына бір Алла белгі беріп тұрғандай.
Орындаушылардан келетін осындай хаттарды көргенде әзіл-шыны аралас әзіл әңгіме еске түседі.
1953 жылдың 5-ші наурызы болса керек. Заманында дүрілдеп тұрған қайсыбір совхоздың бір отар қойы қатты боранда ығып кетіп, шопанды бәленбай жылға соттамақ болады. Әдетінше, қылышынан қан тамған Совет Үкіметінің онсыз да «шаш ал десе басқа алатын жандайшап-орындаушылары» әлгі шопанға айыпталушы тараптың ақталмақ сөзін сұрапты. Оңтайлы сәтті орайлы пайдалана кеткен Шопан:
– Әй, сот мырза!  Бүкіл Одаққа пана, елге қорған, дүние жүзі еңбекшілерінің ұлы Көсемі, рухани әке – Сталин өліпті дегенді естіген мына бізде ес қалды ма? Қойға қарайтын шама болды ма? Аяқты мал ықса ыққан шығар, әлде Сіз Көсеміңіздің тура сол күні қайтыс болғанын білмеуші ме едіңіз? – десе керек. Сөз тапқанға қолқа жоқ, айыптан ақсақал босап кетеді.
Сол сияқты, орындаушылардан құр хат пен құрғақ кітап келе бергенше, бала-шағасы көп, азғантай жалақыға қарап отырған бұл отбасына бір үйдің кілті де артық етпес еді-ау.
Елдің басындағы адамды туған күнімен құттықтай отырып, оның «қасындағы адамдардың» құлағына алтын сырға ілейік!
Елбасының тілегіне біз де қосыламыз.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 820
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px