Елеусіз қалып келемін - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Елеусіз қалып келемін
Міне, Ұлы Жеңістің кезекті мерейтойы да келіп қалды. Сол соғысқа барып, алапат майданда кеудемді оққа тоспасам да, тылда, ауылда қалып, бел шешпей тер төккеннің бірімін.
Жолдасым Несіпберген Есенқұлов қан майданда толарсақтан саз кешіп, жауға қарсы мылтық кезеген ардагерлердің бірі еді. Соғыста санынан оқ тиіп, жараланған. Жараның салдарынан аяғын ісік кеулеп, 73 жасында көз жұмды.
Әкем мен екі ағам да алапат майданның бел ортасында болды. Шешем мен соңынан ерген шиеттей үш қыз елде қалып, жауынгерлердің қажеттілігі үшін тынымсыз еңбек еттік. Соғысқа кеткен боздақтарымыз сол кеткеннен оралмады. Анам солардың қайғысынан көз жұмды. Соғыс біткеннен кейін ес жиып, етек жинап, оқуға бел будым. Бірақ, дегеніме жетпедім. Сарандағы училищені тәмамдай алмадым. Әке-шешесіз үш жетім не істей алады?! Немере ағайындардың қолында тұрдық. Біраз уақыттан соң тұрмысқа шықтым. Ұрпақ өсіріп, көпбалалы ананың бірі атандым. Тәубе, немере-шөберелерім бар. Тылдағы еңбегім үшін еленіп, марапат-медальдарға ие болдым.
Дегенмен, бір өкініш кеудемді кернейді... «Ардагердің жұбайы» деп елеп жатқан жан баласы жоқ. Жолдасым жастық шағын соғыста өткізіп, кейін бар ғұмырын ел қамы үшін еңбекке арнады. Бірақ, бүгінде жергілікті атқамінерлер тарапынан бірауыз да жылы лебіз естуге зар болып отырған жайым бар. Қазір Бұқар жырау ауданының Суықсу ауылында тұрамыз. Жылда аталып өтілетін Ұлы Жеңіс мейрамында не аудан әкімдігінен, не ауыл әкімшілігінен бір адам ат ізін салған емес. Жәрдемақы, бірреттік сыйақыдан қағылып келемін. Сондықтан, осы хатты жаза отырып, биліктегілердің назарын өзіме, қарапайым қарияға аударғым келді. Мен де зұлмат соғыста әке мен екі ағамды жоғалтқан, өзім тылда табанды еңбек еткен адаммын. Жолдасым да сол соғыс салған жарадан бақилық болды. Менің де басымдағы қасіретім еленгенін қалаймын...
Ғазиза ЕСЕНҚҰЛОВА,
тыл ардагері.
БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 144
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px