«Елге ел қосылса – құт» - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

«Елге ел қосылса – құт»
Сағыныш ӘБІЛОВА,
«Орталық Қазақстан»


Елімізде алғаш рет тойланған Алғыс айту күнін қарқаралылықтар ерекше атап өтті. Мәдениет үйіне жиналған аудан халқын аудан әкімі Халел МАҚСҰТОВ мерекемен құттықтады.
«Елге ел қосылса – құт» деп қабыл­дайтын қазақ халқының асыл қасиеттерін тізбелеген неміс қызы Светлана Шмид өз әулетінің шежіре­сімен бөлісті.
– 1940 жылдың ортасында біздің аталарымыз Украина жерінен көшіп келген. Қазақ халқы оларды жылы қабылдап, бауырларына басты. Ал, менің ата-анам, өзім, туыстарым Қазақстанда дүниеге келді. Ұлтымыз басқа болғанымен, қазақ елі бізді еш жатсынбады, – деді Светлана. Шешен ұлтының өкілі Зара Цагаева қазақ ұлтына деген ризашылығын білдірді.
– Мен 1958 жылы Қазақстанда туып, береке дарып, құт қонған қасиетті мекенде тұрып келе жатырмын. Бес баланың анасымын. Қазақ еліне әбден сіңіп кеткендіктен болар, қазақтармен құдандалы болып, балаларым да қазақ мектептерінде оқыды. Қиын жағдайларда қарқаралылықтар әркез бізге көмек қолдарын созды. Міне, осы бір ұлт пен ұлыс өзара түсініскен, мейірімге толы мерекені пайдалана отырып, бізді ұлтымызға, тіліміз бен ділімізге қарамай құрмет тұтып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруімізге жағдай жасап отырған Елбасымызға, халқының тағдыры, жарқын болашағы жолында еселі еңбек етіп жүрген ерлерімізге ризашылығым шексіз, – деп, шынайы ниетін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан жұртшы­лығының қолдауымен баспаналы болған Айгүл Қасенханова риза көңіл­мен балаларымен бірге сахна төріне шығып, өзінің аналық ақ тілегін жеткізді. Көгілдір экран арқылы жиналған қауымды атаулы мерекемен құттықтаған Надежда Смолина, Игорь Винтоньяк, Ольга Алексееваның тілектері де бір арнада тоғысты. «Халықтар достығының зертханасы» атанған Қазақстан үшін ролі ерекше мейрамды аудан өнерпаздары ұсынған әр ұлттың әдемі әндері, әсем билері өрнектеді.  

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 274
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px