ЕРЛІК ДАҢҚЫ – МӘҢГІЛІК - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Мерекенің де мерекесі бар, әлбетте. Мамыр айы баршамызды сондай сағынышпен күтетін Ұлы Жеңіс мейрамы күні осымен 71-ші мәрте жылы шуағын шаша нұрландырды. Осынау сәтке жеткен де арманда, жетпеген де арманда. Тағдырдың жазуымен ардагерлеріміздің қатары сиреп бара жатыр. Барлық жердегідей Приозерск қаласында Ұлы Жеңіс күнін шаттана тойлау – игі дәстүрдің бірегейі.

Толайым той күні қаламыздағы Ұлы Жеңіс монументінен бастау алған «Мәңгілік полк» қоғамдық акциясы айшықты іс-шараның бірі болды. Бұл күнді сағына күтіп, шырайлы шаралардың бел ортасынан бой көрсеткен қала тұрғындарының санында шек болмады. Бейнелеп айтқанда, еңбектеген баладан бастап, еңкейген егде жандарға дейін жиналды. Аталған акция аясында кейінгі ұрпаққа бейбіт күн, ашық аспан сыйлаған аталарының жанқиярлық ерлігін құрметтейтін барша қала тұрғындары мен азаматтары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және жеке кәсіпкерлер қатысты. Олар қолдарына сұм соғыста қаза болған аталарының суреттерін мақтанышпен жоғары көтере ұстап, соғыс жылдарындағы әндерді орындай отырып, көтеріңкі көңіл-күйде қала көшелерімен жүріп өтті. Бұл – ерлікке тағзым, барша адамзатқа бейбіт өмір сыйлаған батыр бабаларымызға деген құрмет.

Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған іс-шарада қала тұрғындары соғыс құрбандары мен Жеңістің 71 жылдығына жете алмағандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шарада қала әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері, Жеңіс күнін сыйлағандар мен жақындатуға үлес қосқан жандарға ізгі тілектерін жаудырды. Содан соң әскери бөлім қызметкерлері  жекпе-жек ұрыс әдіс-айлаларын көрсетіп, сап түзеп жүріп өтті.

Бұл күні қала тұрғындары солдат ботқасынан да дәм татты. Ал, тылда еңбек еткен ардагерлерге арнайы мерекелік дастарқан жайылды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Арада 71 жыл өтсе де, соғыстың салған жарақаты мен зардабы ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да. Майдан даласынан оралмай қалған аталарымыздың есімін еске алу және ұлықтау – әрбір азаматтың борышы.

Миллиондаған адамның жанын мезгілсіз қиған соғыстағы Ұлы Жеңіс мерекесі баршамызға құтты болсын! Ұлы Жеңістің жасампаз рухы мәңгі жасай берсін!

Ф.ІЛКІБАЕВА.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 151
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px