Ерлік даңқы – сенім нарқы - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Ерлік даңқы – сенім нарқы
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Өшпес ерлікке өнегелі құрмет көрсетуді мұрат тұтқан абайлықтар Ұлы Жеңіс күні айрықша сезім күйіне бөленіп, ұтымды ұйымдастырылған іс-шаралардың жетегінде болды. Майдангерлерге мәдениет және демалыс саябағындағы сахна төрінен орын бұйырды. Жүздерінен шаттық лебі ескен ардагерлерді, жалпы жұртшылықты аудан әкімі Серік ШАЙДАРОВ ақжарыла құттықтады.  

Сол күні Абай қаласының жүздеген тұрғындары «Мәңгілік полк» шеруінің сапында иық түйістірді. Олардың пейілі өздері суреттегі бейнелерін қолдарына аялай ұстап, аспандата көтерген әке, ата-бабаларының байырғы тілектерімен мейлінше үндес еді. Абыз Абай ескерткіші іргесінен қозғалып, Жеңіс даңғылының сән-салтанатын енгізген шеруді «Даңқ» монументі алаңында «Жас ұлан» балалар ұйымының өкілдері қошеметпен қарсы алды.
Бұқаралық митинг «Естелік» хореографиялық қойылымымен ашылды. Оған қатысушылар көрермен назарына Жеңіс жалауы желбіреген күн мен майдан даласынан оралмағандар туралы жан тебірентерлік көріністі ұсынды. «Даңқ» мемориалдық кешені мен жауынгер-интернационалистер ескерткішіне салтанатты жағдайда гүл шоқтарын қоюшылардың алдыңғы қатарында аудан әкімі Серік Шайдаров пен Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Макаров болды.
Ерлерді еске түсіру мақсатында жарияланған бір минуттік үнсіздік пен метроном үні жүректерде мәңгі тұнған қайғы-шерді қайыра қозғағандай әсер қалдырды. Соны құрбандар рухына көрсетілген ұрпақ құрметі – қаһарлы қарулардан оқ ату үні сәл де болса, серпілткендей еді.
Өзінің жігерлі құттықтау сөзінде өңір басшысы Ұлы Жеңіс ұлағатына қатысты ойларын ортаға салып, ерлік пен қаһармандық даңқы ешқашан солғын тартпайтынына назар аударды. Баршаға ашық аспан, бейбіт күн тіледі, майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне айрықша алғыс сезімін арнады. Серік Жаманқұлұлының жүрекжарды лебізін тыл ардагері, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Николай Дудкин мен болашақ сарбаз Константин Логинов жарасымды жалғастыра білді.
Қаладағы мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің бүлдіршіндері  таңдайлары тақылдап «Жеңіс күні деген не?» тақырыбында тақпақтар оқыса, «Жұлдыз» балалар ән театрының өнерпаздары мен «Дидар» үлгілі хореографиялық ұжымының бишілері қалың қауымға әдемі көңіл-күй сыйлады. Шексіз құрмет пен қошемет аясында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көлемді гүл шоқтары тарту етілді.
Іс-шаралар аудан көркемөнерпаздарының «Жеңіс жыры – ұрпақ үні» атты мерекелік концертіне ұласты. Көрермен ардагерлердің «Виктория» халықтық хоры, «Зере» ансамблі және басқаларының шығармашылығын шынайы қабылдады.
Ашық аспан астындағы дала асханасында дархан пейіл танытылып, қазақ күресінен өткен аудандық жарыс жанкүйерді молынан жинады.
Сол күні осындай сипаттағы іргелі іс-шаралар барлық ауылдық округтерде ұйымдастырылды.

АБАЙ ауданы.   

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 189
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1088
count 88x31px