Ерлік даңқы өшпейді - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ерлік даңқы өшпейді
ІІ дүниежүзілік соғыс небір асыл азаматтардың басын жалмады. Бұл соғыста талай ақтоғайлық боздақтар ерлік көрсетіп, есімдері Құрмет тақтасына мәңгілік жазылды. Басқыншыларға қарсы күресте жанын қиған Қазыбек НҰРЖАНОВ, Нұркен ӘБДІРОВ  пен Матай ҚҰРМАНОВҚА «Кеңес Одағының Батыры» атағының берілуі – ерен ерліктің айғағы.
Менің нағашы атам Мұхамедия Мұғұжанов та – сол сұрапыл соғыстың куәгері.
Атам – адал, бетке айтатын шыншыл адам еді. 1918 жылы 23 ақпанда Ақтоғай ауданының Сарытерек ауылында дүниеге келген. 1934 жылы Талғар  ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, 1936 жылы агроном мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Сол жылы мамандығы бойынша Ақ­тоғай ауданында жұмыс істей бастайды.
1942 жылы әскер қатарына шақы­рылып, бір айлық даярлық курсынан өтіп, 95-інші артиллериялық дивизия құрамына алынады.
Атам соғыс жылдары дивизия қатар­ында сан түрлі ерлік істеріне үлес қосады. Сол жылы қараша айында фашистің танк полкін талқандап, Еділ өзеніне жарты шақырым қалғанда тоқтатып, қоян-қолтық айқаста жауды жеңеді. Желтоқсан айында аталған дивизия алты блиндажда бекінген жауды талқандап, 2 взвод әскерді жойып жібереді.
1943 жылдың 1 наурызында дивизияның атауы 75-інші гвардиялық атқыштар дивизиясына өзгертіліп, соғыстың соңына қарай ІІ дәрежелі «Суворов» орденімен марапатталады.
1943 жылдың көктемінде атам фашистердің қолына түседі. Алайда, сол жылдың күзінде тұтқыннан қашып шығып, партизандар отрядына қосылады. Партизандар құрамында жүріп, қызыл әскер қатарына қайта оралады. Барлаушылар қатарына алынып, Беларусь, Польша, Венгрия елдерін, Аустрияның астанасы Вена қаласын азат етуге қатысып, оң қолынан жараланады. 1945 жылдың 25 ақпанында қолына снаряд жарықшағы тиеді. Госпитальда жатқан кезінде жеңіс туралы хабар алады.  Сөйтіп, Вена түбінен туған жерге оралу бақыты бұйырыпты.
Елге келген соң, агроном болып жұмыс істейді. 1947 жылы Ақтоғай аудандық тұқым инспекциясына бастық болып бекітіледі. Ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, 1988 жылы зейнетке шығады.  
Атам ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
1996 жылы 21 шілдеде атам өмірден озды. Бағып-қағып жеткізген он баласы қазір бір-бір әулеттің бәйтерегіне айналды. Немере-шөбере сүйіп отыр.
Ардагерлердің алдында бас иіп, тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың азаматтық борышы. Батырлардың ерлігі, өмір жолы баршамызға үлгі-өнеге болуы тиіс.

Нұргүл ТАЛАСБАЕВА.

АҚТОҒАЙ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 144
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px