Еселі еңбек үлгісі - Әлеумет - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 10.12.2016

Еселі еңбек үлгісі
Қазір Ұлытау ауданында көктемгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру екіайлығы аясындағы еселі еңбектің нағыз қызған шағы. Маңызды науқанға аудан әкімі Хамит ОМАРОВТЫҢ ерекше мән беріп, дербес бақылауда ұстауы осынау қоғамдық сипаттағы істің жүйелі жүргізілуіне берік негіз қалап отыр.
Ұлытаулықтар үшін тазалық бейсенбілері мен сенбіліктер, сөздің шынайы мағынасында, қалыпты жағдайға айналған. Мекеме-кәсіпорындардың ұжымдары ғана емес, қарапайым халықтың ортақ мүдделі іске жанашыр көзқарасы көңіл қуантады.
Осындай жарасымды үрдіс аудан аймағындағы әр ауылдан аңғарылады. Ауылдық округтердегі санитарлық тазалық және абаттандыру шараларын ұйымдастыру мен қадағалауға аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің басшылары бекітілген.
Екпінді екіайлық басталғаннан бергі кезеңде 91 еңбек ұжым қатысуымен 14 гектар жер аумағы толыққанды тазартылған. Істі ұтымды ұйымдастыруға жалпы саны 2019 адам, 16 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде рұқсат етілмеген жерлерге төгілген бірнеше күл-қоқыс үйінділері жойылды. Елді мекендерді көгалдандыру шарасы аясында 400 түп тал көшеттері отырғызылды.
Құзырлы бақылаушылар тарапынан қадағалау рейдтері тұрақты өткізілуде. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де жүйелі жолға қойылған. Науқан барысында шағын және орта кәсіпкерлік нысандары орналасқан ғимараттардың сырт келбетінің тартымды реңге енуі, әсіресе, сауда нүктелеріндегі маңдайша жазбаларының, баннерлердің талапқа сай болуы назарға алынатын болады.
Бұлардан тысқары, аудан әкімі екіайлық шеңберіндегі іс-шаралардың мерекеге тән қалыпта өткізілуіне, мерекелік сауда мен концерттік қойылымдардың ұйымдастырылуына, сондай-ақ, жастар акцияларының мағыналы болуына мән беруге ерекше ден қойып отыр. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұтымдылық дәнекері болары анық.

Елтынды ДҮЙСЕНБАЕВ.

ҰЛЫТАУ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 106
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1095
count 88x31px